Accessibility links

Павлодарда журналистер соққыға жығылды


Маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні Азаттық радиосының Павлодар аймағындағы тілшісі Есенбек Санатұлы мен «Хабар» агенттігінің сол облыстағы тілшісі Ардабек Солдатбайұлы соққыға жығылды.

Жапа шегушілердің айтуынша, оларды жас мөлшері 20-22-дегі жігіттер ұрып-соғып кеткен. Қалалық ішкі істер басқармасы бүгінде осы іске күдікті деген 5 жігіт қамауға алынғанын, ал оқиға болған кезде журналистерге тапанша кезенген тағы бір жігіт қашып жүргенін айтады. Ұсталғандардың үшеуі жергілікті оқу орындарының студенттері де, қалған екеуі жұмыссыз көрінеді.

Оқиға Павлодардағы жергілікті дәмханалардың бірінде, маусымның 22-сі күні түнгі сағат 12-лердің шамасында болған. Есенбек Санатұлының айтуынша, қарсы үстелдердің бірінде отырған жігіттердің бұларға соқтығысуына еш қисын болмаған:

- Алматыдан келген жолдастарымызды шығарып салып жолда жазғы дәмханалардың біріне кіргенбіз. Бір-бірімізбен күліп, әңгімелесіп отыр едік, қарсы үстелдердің бірінде отырған 7-8 жігіт бізге күліп отырсыңдар деп, сөзге келместен жабыла кетті. Дәмхананың жанында тұрған такси жүргізушісі жанымдағы жігітті таниды екен, сол келіп ажыратып алды.

Жапа шегушілер полиция қызметкерлеріне хабарласқанша журналистерді соққыға жыққандар қашып үлгерген. Есенбек Санатұлының айтуынша, олардың біреуі журналистерге тапанша кезеніп, қарсылық көрсетуге мүмкіндік бермеген:

- Біреуі жанымдағы жігіттің маңдайына тапанша тіреп, «қозғалмаңдар, атамыз» деді. Бірақ, байқауымызша ол газды тапанша секілді. Дегенмен де оны оқпен атылатындай етіп өзгертуі мүмкін ғой. Сондықтан, біз қорқып, еш әрекет жасай алмадық.

Павлодар қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің аға инспекторы Алмагүл Қоңырбаеваның айтуынша, бүгінде күдікті деген жігіттер ұсталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

- Қазір бес жігіт ұсталды, барлығы алтау болатын.

«Хабар» агенттігінің Павлодар облысындағы тілшісі Ардабек Солдатбайұлы бұл оқиғаны өзінің кәсіби қызметіне еш қатысы жоқ деп отыр:

- Біз ол балаларды бірінші рет көріп отырмыз және кейбіреуі таң атқанша мас болды. Соған қарағанда, тәртіпсіздеу, бұзақы балаларға ұқсайды.

Азаттық радиосының Павлодар облысындағы тілшісі Есенбек Санатұлы соққының салдарынан дәрігерге қаралуға мәжбүр болғандарын айтады.

- Медициналық сараптамадан өттік, қорытындысы әлі шыға қойған жоқ. Бетіміз ісіп, көзіміз көгерген.

Халықаралық «Әділ сөз» қоры сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова, соңғы кезде Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін соққыға жығу оқиғасы бірнеше мәрте қайталғанын айтады. Сондай-ақ, осыдан 10-15 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда тәртіпсіздік те өршіп барады дейді. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқығын бұзу, оларға қарсы шабуыл ұйымдастыру, соққыға жығу сияқты оқиғалар жиі тіркелуде дейді Ғалия Әженова.
XS
SM
MD
LG