Accessibility links

Қазақстанда 16 мыңдай босқын бар

  • Гүлмира ХАМЗА

Маусымның 20-сы - дүниежүзілік босқындар күні. Әлемнің 115 елінде биыл бұл күн босқындардың ержүректілігіне арналды. Деректерге жүгінсек, Қазақстанда қазіргі кезде 16 мыңдай босқын адам бар екен. Олардың басым көпшілігі Пәкістан, Ауғанстан сияқты мемлекеттерден келген азаматтар.

Сонымен қатар Қазақстанда Тәжікстан, Өзбекстан және Шешенстаннан келгендер де бар, бірақ олар белгілі бір талаптарға сай босқын мәртебесін ала алмай жүр. Осының салдарынан Шешенстаннан келген азаматтар заңмен қорғалмайды дейді Қазақстандағы шешен қауымдастығының өкілдері.

Мулу Гуат Дубриханумның Қазақстанға келгеніне биыл 20 жыл болады. Осы уақыт ішінде ол бірде бір рет, өзінің туған жері, Отаны - Эфиопияда болмапты. Қазір Мулу Гуат Дубриханумның 3 баласы бар, бірақ олардың ешқайсысында құжат жоқ, себебі олар босқын болып саналады. Кезінде Мулу Гуат Дубриханумның туыстары Эфиопиядағы саяси жүйеге қарсылық білдірген. Соның салдарынан биліктің кәріне іліккен ол өз Отанын тастап, туыстарымен бірге жат елге қашуға мәжбүр болған екен. Содан бері ол өз еліне орала алмайды. Қазіргі кезде босқын атанып Қазақстанда тұрып жатыр Мулу өз жағдайы туралы Азаттық радиосына былай деді:

- Бұрынғы жылдары мен босқын болғаным үшін арнайы қаржылай көмек алып тұратынмын, қазір ондай көмек алмаймыз, тек достарымның берген көмегімен өмір сүреміз.

Халықаралық ұйымдардың есебі бойынша бүгінгі таңда Мулу Гуат Дубриханум сияқты босқындар саны әлем бойынша 17 миллион адамды құрайды екен. Босқындар өз басынан түрлі қиындықты кешіріп, небір қорқыныш пен қауіп-қатер жағдайында өмір сүріп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар жөніндегі жоғарғы комиссариатының басқармасы биылғы жылғы босқындар күнін босқындардың ержүректілігіне арнап отыр. Осы халықаралық ұйым басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі қызметін атқарушы Сезар Дюбон, босқындардың өмірінде қиыншылық көп екенін айтады.

- Біз олардың өмірінде кездесетін қиындықтарды ескере отырып, бұл қиындықты шешу үшін төзімділік, батырлық керегін көрдік. Олар көп жағдайда түрлі қауіптен аман қалу үшін өте батыл шешім қабылдайды, ал ол үшін ең алдымен ержүректілік керек, -дейді БҰҰ босқындар жөніндегі жоғарғы комиссариаты басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі қызметін атқарушы Сезар Дюбон.

Қарақалпақстанда туып өскен Мария Қаниева қазіргі кезде балаларымен Алматының түбіндегі бір ауылда тұрып жатыр. Мария Қарақалпақстанда өзі тұрған аймақтағы табиғи жағдай нашарлағандықтан Қазақстанға көшіп келгенін айтады. Күйеуі мен балаларының ұлты қазақ болғандықтан, ол Қазақстанның азаматтығын алыпты. Ал эфиопиялық Мулу Гуат Дубриханум мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмаймын дейді.

- Мен балаларым үшін қоныстану ыхтиярхатын алғым келеді, бірақ, бұл мәселе енді тек Қазақстан үкіметіне байланысты мәселе. Ал, оның шешілу-шешілмеуі екіталай. Себебі, менің мұнда тұрып жатқаныма 20 жылдай болды, мен күні бүгінге дейін әлігндей ыхтиярхат ала алмай жүрмін, ал кейбір азаматтар бұл мәселені 2 жылдың ішінде-ақ шешіп алады, - дейді Мулу Гуат Дубриханум.

Алайда, кейбіреулер Мулу Гуат Дубриханумның дәрежесіне жете алмай жүргендер де бар. Мәселен, өз Отанында соғыс оты тұтанған соң, Қазақстанды келіп паналаған ұлты шешен азаматтар өздері үшін босқын мәртебесіне ие болу мұң болып отырғанын айтады. Ал оның себебін Қазақстандағы Шешен қауымдастығының жетекшісі Ахмед Мұрадов былайша түсіндіреді:

- Халықаралық талаптар бойынша, өміріне қауіп төніп тұрғанын біліп, тұрып жатқан жерінен қашқан адамдар босқын болып саналады. Бірақ, Қазақстанға босып келген шешендерге ондай мәртебе берілмей отыр. Себебі, Қазақстан Ресеймен түрлі келісімдерге қол қойып, түрлі шараларды іске асырады. Осының салдарынан Қазақстанда, Украинада босқын болып жүрген азаматтар ешбір заңмен қорғалмайды, олардың мәселесімен ешкім шұғылданбайды.

Қазіргі кезде БҰҰ босқындар жөніндегі жоғарғы комиссариатының басқармасы Қазақстан үкіметімен бірігіп, «Босқындар туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр.
XS
SM
MD
LG