Accessibility links

Қазақстанның Ұлттық банкі таратқан ресми ақпараты бойынша, маусымның 24-күні АҚШ-тың 1 долларының құны 136 теңгені құрады. Ал осыдан бірнеше күн бұрын оның құны 133 теңге болатын. Соңғы аптада доллар бағамы бірнеше сатыға көтерілді.

Бұған дейін көптеген бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ өз валютасының құнын әдейі төмендетіп отыр деген мәлімет таратқан еді. Осылайша, АҚШ арзандап шыға келетін өз тауарларын Еуропада оңай сатып, экспорттық мүмкіншіліктерін өсіреді делінген болатын. Бірақ, қазақстандық сарапшылар, доллар құнындағы Еуропадағы ауытқулар тек бірнеше центтен аспаса, Қазақстанда оның құны бірнеше долларға өзгереді деген болжам айтқан-тұғын. Мамандығы экономист парламент депутаты Уалихан Қайсаров доллардың қымбаттауын маусымдық нәрсе деп бағалайды:

- Экономика заңдарына байланысты жазғытұрым кезде ылғи бизнес төмендейді. Егер, әлемдік бизнес төмендесе бізге де доллардың келуі төмендейді.

Маусым айының басында Ұлттық банк басшысы теңгенің долларға шаққандағы құны алыпсатарларға байланысты құбылып тұр деген болатын. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ долларының Қазақстандағы құны мұнай мен металдардың экспорттық бағасына байланысты өзгереді. Осыған орай, соңғы күндері доллар бағасының біртіндеп көтеріліп келе жатқандығы байқалады. Ұлттық банктің ресми ақпараты бойынша, маусымның 23-інде бір доллар 136 теңге тұрды. Осыдан бірнеше күн бұрын оның құны 133 теңге болатын. Ал, Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин доллар құнының көтерілуі Қазақстан экономикасындағы өтіріктерге байланысты дейді:

- Доллардың аз болса да өсіп отырғанын көріп отырмыз. Ол - теңгенің құлдырауы. Демек, бағаның көтерілуіне байланысты. Жалпы, біздің қаржы, банк жүйесін бағалауда өтірік көп. Президенттің айтып жүрген әлеуметтік жағдай жөніндегі өтіріктерінен ана өтірік кем емес. Біз бәрінен алдамыз деген бос сөз.

Доллар құны Қазақстанның қор биржасында анықталады және базардағы баға болып есептеледі дейді банкирлер. Ал, Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің долларға шаққандағы құнын елдегі валюта базарының негізгі операторы болып отырған Ұлттық банк реттеп отыруға тырысады. Астана тұрғыны Төретай Аманбаевтің айтуынша, доллардың қымбаттауы әркімге әр түрлі әсер етеді:

- Үйлерді ипотекаға несиеге алған кісілер бар. Мысалы, мен өзім несиені доллармен алдым. Енді, маған доллар бағасының көтерілгені тиімсіз. Ал, кейбір қызметкерлер шетелдік компинияларда істейді және еңбекақыны доллармен алады, оларға бұл тиімді.

Қайсібір сарапшылар доллардың өсіп отырғанын еуро құнының төмендеп бара жатқандығымен байланыстырады. Еуроның құлдырауы Еуроодақ құрамындағы бірнеше елдің ортақ Конституцияны бекітуден бас тартқан кезінен басталған дейді бақылаушылар. Әлемдік базардағы осындай қозғалыстар Қазақстанда қайталанатыны орынды деген пікір бар. Осыған орай, доллардың Қазақстандағы құны аз уақыт ішінде көтеріледі деген болжамдар жасалған. Сенатор Уалихан Қайсаровтың айтуынша, доллар құнының өзгеруі міндетті түрде Қазақстанда сатылатын бағаға әсер етеді:

- Шетелден келетін тауарлардың бағасы көтеріледі. Ал, отандық тауарға әсер етпейді. Тіпті, түсуі мүмкін. Өйткені біздің мұнайдан түскен қаржы көбірек болады.

Бірақ, абыржитындай ештеңе жоқ дейді қаржыгерлер. Бастысы қолда бар ақшаны әртүрлі валютада сақтау керек дейді қайсібір банкирлер. Астана тұрғыны Төретай Аманбаевтің айтуынша, ол банкирлердің кеңесімен ақша жинайды:

- Менде сондай ақша болса, мен үшке бөлер едім, долларға, теңгеге және еуроға.

Кейбір сарапшылар доллардың құны Ирақтағы соғысқа байланысты құбылады деген болатын. Ал, экономика министрлігінің өкілдері алдағы 3 жылда мұнай бағасының өзгеруіне және доллармен еуроның күресіне байланысты теңгенің долларға шаққандағы құны айтарлықтай төмендемейді деген пікірін білдіреді.
XS
SM
MD
LG