Accessibility links

Ғалымдар Қазақстанда жер-су атауларын ретке келтіру үшін ономастика комиссиясының өкілеттігін күшейту қажет деп есептейді


Республиканың кейбір аймақтарында жер-су атауларын, қаланың көшелерін қалталы азаматтардың ру-аталарының атымен атау үрдісі орын алып отыр. Бұл туралы маусымның 27-сіндегі Астанада Ономастика және терминология мәселелері тақырыбында өткен республикалық басқосуда мәселе көтерілді.

Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, тәуелсіздік алғалы өзгерген бірқатар жер-су атауларының көпшілігі жер бедеріне байланысты атауларға ие болса, енді бірқатарына Жаңаөмір, Нұрлыауыл, Берекелі секілді есімдер берілді.

- Ал жаңа атаулардың тағы бір бөлігі орысша атауларының баламасы негізінде жасалды,-дейді Тіл комитетінің өкілі.

Астанадағы Еуразия университетінің оқытушысы Бекжан Досжановтың айтуынша, жер-су атауларын кезінде сонда қоныстанған ру мен тайпа басшыларының есімдерімен атау да жиі кездеседі. Оның сыртында, қолында қаржысы барлардың көше, жер-су аттарын батыр, би бабаларының есімдерімен байланыстыра атауды бәсеке-сәнге айналдырған. Ол ономастика жөніндегі заңның кемшілігі деп отыр. Саясаттанушы Серік Ерғали жер-су атауларын алпауыттардың қалауынша емін-еркін иемденуі оған үкіметтік тұрғыда шектеу қоймайынша тоқталмайды деген пікірде.

Ал, Қостанай облыстық тіл комитетінің бөлім бастығы Қуаныш Ормановтың айтуынша, жер-су атауларын қоюға қаржыны қалталылар төлейді. Сондықтан, кімде ақша болса соның дегені жүреді. Себебі, бұл мәселе республикалық та, жергілікті де бюджеттен қаржыландырылмайтын болып отыр. Ғалымдар мен тіл мамандары Қазақстанда жер-су атауларын алмастырудың бірізділікке түсіріліп, ол тек орталық ономастика комиссиясының сараптауынан өткен соң ғана жергілікті жерлердегі бөлімшелері арқылы жүзеге асыру керек деген ойларын айтады. Сонымен бірге бұл істі қаржыландыру жайын үкіметтік тұрғыда шешпесе болмайтындығына назар аударып отыр.
XS
SM
MD
LG