Accessibility links

Парламент депутаттары Конституциялық кеңеске Қазақстан президентін сайлаудың кезекті мерзімін нақты анықтап алу туралы ресми сауалға қол жинақтап жатыр

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Мәжіліс депутаты Валерий Котович көтерген бұл мәселеге бұған дейін Әділет министрі мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өз жауаптарын беріп, Мәжіліс депутаттарының Конституциялық кеңеске жүгіну құзырттерінде екенін айтқаны мәлім. Ал, депутаттар бұл сауалдың жауабын маусымның 27-і күні Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында Конституциялық кеңес төрағасынан алу ниетінде болғаны белгілі. Алайда, Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов бұл сұраққа парламент депутаттарының жалпы санының бестен бір бөлігінен кем емес көлемде ресми сауал түскен жағдайда ғана кеңес мүшелерінің оны зерделеп, қарап жауап берілетінін мәлімдеп отыр.

Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов Конституциялық кеңеске Конституцияны ресми түсіндіру жөнінде Президент, Парламент палаталарының төрағалары, премьер-министр және жалпы санының бестен бір бөлігінен кем емес көлемде парламент депутаттары жүгіне алады. Егер ондай өтініш түссе, Конституциялық кеңес заңда қаралған мерзімде өтінішті қарайды, оны қарау мерзімі - бір ай. Ол президенттің өтініші бойынша қысқаруы мүмкін екенін де айтады. Игорь Рогов мырзаның айтуына қарағанда, Конституциялық кеңеске ондай өтініш парламент депутаттарынан әлі түспеген. Мәжіліс депутаты Валерий Котовичтің айтуынша, аталған ресми өтініш Конституциялық кеңестің атына дайындалған.

- Қазіргі уақытта оған депутаттардың қолын жинаудамын, жақын екі күнде ол ресми өтініш Конституциялық кеңеске жолданады, - деді депутат Котович.

Депутат В.Котович қалай дегенмен де Конституциялық кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы мерзімін дәл анықтауға мүмкіндік беретіндей түсіндірме беруі керек деп отыр. Ал, Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов депутаттардан ресми өтініш түскен сәттен бастап үш күн мерзім ішінде Констиуциялық кеңес ол өтінішті өндіріске қабылдау немесе егер Конституция мен заңдар талаптары сақталмаса, оны қабылдамау туралы мәселені шешетінін айтады.

- Егер ол өндіріске қабылданса, бір ай ішінде қаралады, - дейді Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы.

Ал, Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов бұл мәселеде пікірталас туғызатын ешқандай дау жоқ деп есептейді. Мәжіліс депутаты Нұрлан Жылқышиевтің пікірінше, президент сайлауы биыл өтуі керек. Депутаттар көтеріп отырған мәселеге байланысты «Отаншыл Жастар» одағының бірінші хатшысы Махамбет Әбжан Қазақстан президентінің сайлауы биыл өтеді деген пікір білдіреді. Сонымен, парламент депутаттары өз ресми сауалын Конституциялық кеңеске жолдауға қол жинап жатыр.
XS
SM
MD
LG