Accessibility links

Қарағандыда эротикалық сипаттағы баспа өнімдерінің кез-келген жерде сатылуына тиым салынады


Қарағанды облысының әкімі эротикалық мазмұндағы баспа өнімдерін денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде, сәулет және мәдениет ескерткіштерінің жанында, қоғамдық көліктерде сатуға тиым салатын қаулы шығарды. Жұртшылықтың бір бөлігі бұған қолдау білдіріп, әсіресе, жасөспірім балаларға сатуды доғару керек десе, жастар арасында ондай өнімдердің еркін сатылғаны дұрыс деп есептейтіндер де бар.

Қарағанды облыстық прокуратурасы эротикалық және порнографиялық сипаттағы материалдарды тарату барысында белгіленген шектеулердің сақтаулын және зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдарды басуға, эфирден шығаруға тиым салатын заңнама талаптарының орындалуын бақылап, тексеріс жұмыстарын жүргізді.

- Тексеріс барысында порнографиялық элементтері бар материалдарды, бейнетаспаларды сақтап сатудың 17 дерегі анықталды. Анықталған жайттар бойынша облыстық прокуратура тарапынан кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды, - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрбек Құзбақов.

Заңгер Мұстахим Арыстанұлы Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес эротикалық сипаттағы өнімдер арнайы белгіленген орындарда ғана сатылуға тиісті дейді:

- Мұндай сипаттағы газетті шектесең де интернет арқылы шығады, оған тиым салсаң астыртын, жасырын түрде жүзеге асыратын болады. Мемлекет оны міндетті түрде реттеу керек. Оның нақты бір орындарда ғана сатылуына бақылауды күшейту керек.

Қарағанды облыстық прокурорының аға көмекшісі Нұрбек Құзбақовтың айтуынша, эротикалық тұрғыдағы газет-журналдар мен бейнекассеталардың кез-келген орындарда сатылуына тиым салатын облыс әкімінің қаулысы шығыпты.

- Аталған қаулыға сәйкес аталған баспа құралдары арнайы тұрақты орындарда, мөлдір жабық орандыларда сатылуы тиіс және оларды кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, мемлекеттік мекемелерде, денсаулық сақтау, білім беру орындарында, сәулет және мәдени ескерткіштердің жанында, қоғамдық көліктерде, ас ішетін жерлерде сатуға болмайды, - деді прокуратура өкілі.

Өзін Гүлмира деп таныстырған Астана тұрғыны мұндай өнімдерді кез-келген орыннан алуға болатынын, оған ешқандай шектеу қойылмай отырғанын айтады:

- Ашық сатылып жатыр ғой, үйінде әке-шешесі жоқ балалар әлгіндей бейнетаспаны сатып алады да, жиналып алып көреді.

Ал Сәуле есімді келесі бойжеткен ондай газет-журналдарды балалар бара бермейтін орындарда сатқан жөн деп есептейді.

- Тек үлкендер баратын жерде сату керек. Мысалы, аптекаларда сатса, оған балалардың барлығы бірдей бара бермейді. Барған күннің өзінде, ата-аналары ол үшін жібермейді. Және аптекада тексерістен өткізіп барып сатады.

Ал Елена есімді жасөспірім онда тұрған ештеңе жоқ, кез-келген жерде сатыла бергені жөн деп санайды:

- Ондай сипаттағы газеттерді адамдар кейде қажетсінеді. Сондықтан еркін сатылу керек.

Эротикалық сипаттағы баспа өнімдерінің басым бөлігі ресейлік және олар кез-келген жерде сатылып келген, енді сауданың бұл түрі қатаң бақылауға алынатын болады дейді Қарағанды облыстық прокурорының аға көмекшісі Нұрбек Құзбақов.
XS
SM
MD
LG