Accessibility links

Иранның жаңа сайланған елбасы ішкі саясатта байсалды бағыт ұстанатындығын айтып отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Жаңа сайланған Иран елбасы Махмуд Ахмадинежад ел саясатында байсалды бағыт ұстанатындығын айтып, өз өкіметі бүкіл ирандықтарға қызмет етеді деп мәлімдеді. Жұма күні бұрынғы елбасы Хашеми Рафсанжанимен сайлаудағы жарыс барысында ол еркін түрде жеңіске жеткен болатын. Бұған дейін қол жеткізілген реформалар жетістігінен айрылып қалатын болдық деп талайлар уайымдауда.

Жексенбі күні сөйлеген сөзінде Махмуд Ахмадинежад елдің ішкі саясатында байсалды бағытты ұстанатындықтарын айтқан болатын.

- İшкі саясатта өкімет байсалды бағыт ұстанатын болады. Халықтық өкіметте экстремизмге орын жоқ. Бұл мәселе талқыланатын болады. Барлық күштер мен қабылеттер және бүкіл мүмкіндіктер мен білім-білік халықтық өкіметте пайдаланылмақшы. Негізгі назар ұлттық мүдделерге, ұлттық құндылықтарға және барлық ілгерішіл қадамдарға аударылатын болады, - деді Ахмадинежад мырза.

Ол өз қызметіне тамыз айында кіріспекші. Иран Революциялық жасағының бұрынғы мүшесі ретінде оны қарсыластары экстремист ретінде сипаттауда. Ал, жексенбі күні сөйлеген сөзінде ол тек шыдамдылық, достық пен жаны ашу сезімдері жайында ғана айтты. Көптеген бақылаушылардың айтуынша, Ахмадинежад елбасылығы кезінде ел ішіндегі теке-тірестер азая түсетін болады. Дей тұрғанмен, саяси диссиденттер мен белсенділерді қудалау көбейіп, саяси және әлеуметтік бостандыққа тұсау түспекші. Ахмадинежад және оның одақтастары елдегі парламент пен елбасылық билікті қолдарына қатар ұстап отыр. Жасақ кеңесі мен заң саласы да - олардың бақылауы астында. Осыған байланысты, өзіне дейінгі реформашыл елбасы Мұхамед Хатамимен салыстырғанда ол еркін билік жүргізуге мүмкіндік алмақшы. Өзінің болашақ кабинеті жөнінде “70 миллон халықтың үкіметі” деп сипаттаған еді. Иранның әрбір азаматы елдің саяси дамуына, шешімдеріне араласа алады деген еді жаңа сайланған елбасы. Адам хұқықтарын қорғаушылардың сынын да ол тойтаруға тырысты.

- Ислам революциясының рухының өзінде тәуелсіздік жатыр, - деді жаңа елбасы.

Кезінде Нобель сыйлығының бейбітшілік саласы бойынша иегері Ширин Ебади негізін салған, Адам хұқықтарын қорғау Орталығының өкілі Мұхамед Әли Дадхах былай дейді:

- Бір мәселе қатты алаңдатып отыр. Ахмадинежад мырза Ирандағы адам хұқықтарына байланысты қандай шаралар жүргізетіндігі жөнінде не сайлау науқаны кезінде, не болмаса жеңіске жеткен тұсында нақты ешнәрсе айта қойған жоқ. Сондықтан, оның болашақ іс-әрекеттері жөніндегі айтылар пікір, әрине, қызығушылық және мазасыздану сезімдерімен аралас келеді.

Жексенбі күнгі сөзінде Ахмадинежад мырза сыншылардың пікірін “Құдайдың сыйы”деп атай келіп, “олардың қолын сүю керек” дегенді айтты. Қазір Иранда түрмеде жатқан белгілі журналист Акбар Ганжи жөнінде қойылған сұраққа, жаңа сайланған елбасы “сот ісіне араласу - әділетсіздік пен диктатураны күшейтеді” деп жауап берді.

Дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде Иранның қазіргі елбасы Мұхамед Хатами мырза Ахмадинежад жөнінде айта келіп, “әлеуметтік әділеттілік күшпен орнамайды” деген болатын. АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд болса “Ахмадинежад демократия мен азаттықтың досы емес” деген пікірін білдірді.
XS
SM
MD
LG