Accessibility links

Қытай мигранттары Қазақстанға қауіпті ме?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, соңғы уақытта Қазақстанға Қытайдан заңсыз келушілер саны артқан. Министрлік деректері олардың арасында қытай ұлтының өкілдері көп екенін атап көрсетеді.

Мысалы, бір жылдың ішінде Пекин қаласының өзінен 8 мыңға жуық қытай азаматтары келсе, оның 7 мыңдайы қытай ұлтынан екен. Ал, Үрімжі қаласынан келген 18 мың азаматтың 5 мыңы қытай ұлтының өкілдері.

Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев бұл мәселеде ел аумағына шетелдік азаматтардың заңсыз келуіне жол беріп отырған көші-қон полициясы жұмысының кемшілігі бар деп атады. Ал зерттеуші Мұрат Әуезов болса, таяуда Қытай халық республикасының төрағасы Қазақстанға ресми сапармен келмекші. Ал оның бір жылда екі рет Қазақстанға сапары жәйдән-жәй емес дейді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Парламент Мәжілісінің халықаралық істер және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшелері Қытаймен көші-қон мәселесіне ерекше назар аудару қажет деген келісімге келді. Комитет мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев соңғы уақыттарда Қытайдан Қазақстанға заңсыз келушілердің саны көбейіп отырғанын ескертті.

- Қытайдан көп адамдар келіп отыр. Олар елге уақытша визамен келіп, содан кейін көші-қон мекемесіне барып, жолын тауып, ұзақ мерзімге визаны алады екен. Сөйтіп, Қазақстанда ұзақ мерзім тұрады. Бұл - заңсыз, - дейді министр Қасымжомарт Тоқаев.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай, «Азаттық» радиосына айтқан деректерде, Қытайдан Қазақстанға заңсыз қоныс аударушылардың дені қытай ұлтының азаматтары болып шыққанын атап көрсетеді:

- Үрімшіден бір жылдың ішінде 18 мың виза берілсе, соның 13-мыңы қазақтарға, ал қалғандары қытай ұлтының азаматтарына тиген. Пекиннен бір жылдың ішінде 8 мыңдай виза берілген. Соны алғандардың мың жарымы қазақ ұлтының өкілдері, ал қалғандары - қытай ұлтының азаматтары.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұхтар Кәрібай, қытайлықтардың Қазақстанға заңсыз ағылуына ішкі істер мекемесінің кінәсі бар дегенді айтады:

- Дипломатиялық өкілдіктер негізінен визаны бір айға және бір мәрте ғана береді. Ол визамен елде қалып, жұмыс істеуге болмайды. Бар мәселе - олар Қазақстанға келгеннен кейін, көші-қон органдарына барып, әртүрлі жолдармен визаны ұзартып алудың салдарынан болып отыр.

«Азаттық» радиосы сыртқы істер министрлігі көтеріп отырған мәселемен Қазақстанның көші-қон полициясына хабарласып, сұрақтар жолдаған еді. Бірақ, көші-қон полициясынан тиісті жауап ала алмадық. Есесіне, бұрын Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті Елшісі қызметін атқарған, зерттеуші Мұрат Әуезов таяу арада Қытайдан үлкен делегация Қазақстанға келмек екендігінен хабар берді. Зерттеуші бұл сапарда Қытайдың үлкен мүддесі жатыр деген пікірін айтады:

- Келесі айдың басында Алматыға Қытайдың президенті Ху Цзин Тау бастаған үлкен делегация келе жатыр. Оның бір жылдың ішінде екі рет Қазақстанға келуі кездейсоқ емес.

Қазіргі кезде қытай компаниялары Қазақстанның мұнай кеніші саласында жұмыс істеп жатқаны мәлім. М.Әуезовтің айтуынша, қытайлықтар таяу арада Қазақстанның шикізат саласындағы газды да игеруге әрекет жасамақ:

- Таяуда ғана Қытайдың осындағы елшісімен кездестім. Ол кісі өз қуанышын жасырмай айтып отыр - Қазақстан Президентінің ашық айтқан сөзі дейді, қосымша газ трубасы да келеді дейді.

Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Қазақстан үшін Қытаймен қарым-қатынаста «екі шоқып, бір қарау керек» деген көзқарасты ұстанады:

- Батыс Қазақстанда қазір мұнай құбырларын салып отыр. Қаншама қытайлықтардың Қазақстанға келетінін біз қашаннан бері айтып келеміз. Осының бәрін мұқият қарап, бақылап отыру керек. Дәл осындай кезде, патриоттық, ұлтжандылық сезімдерге толық беріліп жұмыс істеуіміз керек, - дейді Мұрат Әуезов.

Қытайдан келген оралман, Астанадағы Еуразиялық ұлттық университетінің оқытушысы, қытайтанушы Бекқожа Жылқыбекұлы қытайлықтардың Қазақстанда заңсыз қалып қоюы - Қазақстанның кемшілігі деп біледі. Оның пікірінше, қытайлықтар Қазақстан қоғамының әлсіз тұстарын біліп алған. Олар көші-қон мекемелеріне барып, ақша беріп еш қиналмастан осы елде қалып қояды дейді Бекқожа Жылқыбекұлы. Ол Қазақстанда Қытаймен көші-қон мәселесін реттейтін заңның әлі күнге дейін жоқтығын айтады:

- Көші-қон мәселесінде күні бүгінге дейін көңілге қонатын келісім-шарт болған жоқ. Олар біздің елімізге заңсыз тұру арқылы, біздің қыздарымызға үйлену арқылы елімізде қалып қалу мүмкіншілігіне ие болады да, Қазақстанда қытайдың саны барған сайын көбейеді. Көбейгеннен кейін оның мәдени орталығы құрылу керек, ұйымдары құрылу керек, сол арқылы бірте-бірте екінші Сингапурға айналып қалуымыз көз алдымызда тұрған айқын мәселе деп айтуға болады, - дейді қытайтанушы Бекқожа Жылқыбекұлы.
XS
SM
MD
LG