Accessibility links

Қазақстан үкіметі «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорнының кепілге қойылған мүлкін сатып алуды ұйғарды


Маусымның 27-күні Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметов, Алматыны жылу және жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорнының мүліктік кешенін “ҚазТрансГаз” компаниясы сатып алады, ал “Алматы” және “Қазақстан” қонақ үйлері ашық саудаға салынатын болды деп мәлімдеді. Үкіметтің бұл шешімін бұған дейін осы нысандардың жабық саудаға қойылуына сыни пікір айтқандар да қолдап отыр.

Маусымның 27-күні Қазақстан үкіметінің жетекшісі Даниал Ахметов бір ай уақыттан бері қоғамда даулы тақырыпқа айналған мәселеге қатысты үкіметтің кесімді шешімін жария етті. Бас министр Даниал Ахметов, Қазақстандағы ең ірі қала – Алматының күзгі-қысқы маусымдағы үздіксіз жұмыс істеу маңыздылығын ескере отырып, «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорнының мүліктік кешенін үкімет “ҚазТрансГаз” компаниясы арқылы сатып алатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Бұл мүлік кешені кепілге қойылған «Халық банктің» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов дүйсенбі күні үкіметтің осы мәселе бойынша өткізген отырысына қатысып шыққан соң, АПК-ның активтері мемлекет иелігінде қалғанымен, қазіргі кезде «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорнының банкке берешек несие мәселесі қарастырылып жатқанын жуналистерге жеткізді. Ал Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Бөкеновтың айтуынша, несие мәселесі бөлек шешілетін болады. Оның сөзіне жүгінсек, бұл мәселенің қысқы маусымға дайындық жұмыстарынан бөлек болуы әкімшілікке өте қолайлы болмақ.

«Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорнының мүлік кешенін алғалы отырған «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Сұлтанғазин өзі басқаратын акционерлік қоғам Алматыны жылы және жарықпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның жұмысын жақсартуға тырысатынын айтты. «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорнының кәсіптік бағдарына жатпайтын құрылымдар, соның ішінде “Алматы” және “Қазақстан” қонақ үйлері ашық саудада сатылатын болып отыр. Бұған қоса, үкімет қала әкімдігімен бірлесе отырып, Алматының күзгі-қысқы маусымға толық дайындығын қамтамасыз ететінін жариялады.

Қазақстан үкіметінің дүйсенбі күні шығарған шешіміне орай «Азаттық» радиосына пікір білдріген “Әділетті Қазақстан” қозғалысының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлы, бұл шешімге былайша баға береді:

- Біріншіден, бұл Қазақстанда солақай, ұрлықшы әдіспен жекешелендіруді тоқтатқан бірінші іс болды деп ойлаймын. Естеріңізде болса, ең алдымен осы тақырыпты “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай көтерген еді. Ол кісінің ұсынысына үкімет пен бас прокурор үндемегенімен, бұл ұсынысты көптеген саяси партиялар, журналистер қолдап, қоғамымызда үлкен резонанс туғызды. Енді бүгін тендер тоқтатылды. Біз мұны дұрыс деп қабылдаймыз.

Даниал Ахметов басқарып отырған үкіметтің шешімін Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин де қолдап отыр.

- Себебі, “ҚазТрансГаз” акционерлік қоғамында мемлекеттің акциясы көп. Сол себептен мемлекеттің оны басқаруға мүмкіндігі болады, - дейді С.Әбділдин.

Өзі жалға алған шағын асхана ашып, одан түскен табыспен өз отбасын асырап оырған Алматы тұрғыны, кәсіпкер Айнұр Бексырғаева асханада тамақ пісіру үшін жылу мен жарыққа едәуір ақша жұмсайтынын айтады. Бірақ, оларсыз жұмысы тағы да өнбейді. Айнұр Бексырғаева «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорны шетелдіктерге сатылып кетсе, жылу мен жарық бағасы көтеріліп кетпей ме деген қауіпі барын жасырмайды. Ал үкіметтің дүйсенбі күнгі шешімін кәсіпкер әйел оң қабылдады.

Алматыны жылу және жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорны өз иелігіндегі бірқатар нысандарды кепілге қойып, Қазақстан Халық банкінен алған несие берешегін өтей алмағандықтан, банк кепілдегі нысандарды жабық саудаға шығарып, сатпақ болғаны қоғамда бір ай бойы даулы тақырыпқа айналған болатын. Кейбір сарапшылар саудаға шығарылған нысандар - Қапшағай ГЭС-і, Каскад ГЭС-сі, ТЭЦ-1, ТЭЦ-2, ТЭЦ-3, қала мен облыстың элетрожелілері, жылу жүйесі және Алматы қаласындағы сәулетті ғимараттар – «Қазақстан» және «Алматы» қонақ үйлері тым арзан бағамен қойылған және аукцион өткізу мерзімі де тым қысқа әрі асығыс, оны биліктің көмегімен әлдекім тез арада сатып алмақ деген күдік айтқан-ды. Бұл мәселе Қазақстан қоғамында шаруашылық проблемадан саяси дауға ұласты. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай осы мәселеге байланысты премьер-министр мен бас прокурордың атына ашық хат жолдап, аталған нысандарды ашық аукционда сатуды, ал Алматыны жылу-жарықпен қамтамасыз етіп отырған кешенді нысандарды мемлекет меншігінде ұстау керек деп жазған-ды. Сол секілді, бұрынғы вице-премьер, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, ал қазір оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов кезінде өзімен бірге Қазақстан үкіметінде экономикалық мәселелермен шұғылданған Александр Павлов (қазір «Халық банктің» директорлар кеңесінің төрағасы) пен Григорий Марченконың («Халық банк» басқармасының төрағасы) атына жолдаған ашық хатта бұл сауданың күмәнді жағдайда өткелі жатқанын айтып, егер ол нысандар қазіргідей жолмен сатылып кетсе, келешекте моральдық жауапкершілік банктің қазіргі басшылығының мойнына түсетінін ескерткен болатын. Оппозиция қайраткерлері көтерген бұл проблеманы президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға басқаратын «Асар» партиясы да қолдап, АПК кешенін мемлекет иелегінде алып қалуды айтып, үкіметке үндеу жолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG