Accessibility links

Қазақстан аумағына заңсыз келгендерді ұстау іс-шарасы басталды


Маусымның 27-ісінен бастап, Қазақстан көші-қоң полициясы республика бойынша, «Мигрант» іс-шарасын бастады. Көші-қон полициясының өкілдері бұл шара Қазақстанда заңсыз жүрген шетелдік мигранттарды анықтау және республикаға заңсыз келу жолдарын кесу дейді. Маусымның 30-ына дейін жалғасатын бұл шараларға көші-қон полициясынынан басқа Ішкі Істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратура өкілдері де жұмылдырылыпты. Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкері Ербол Әбдірешевтің айтуынша, іс-шараның алғашқы күні Алматы қаласында 4 жыл бойы заңсыз тұрып келген 200-ге жуық Өзбек сығандары ұсталған. Сонымен қатар осы іс-шараны өткізуге дайындық барысында Қазақстанның көші-қон полициясы Өзбекстанда террористік оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен іздеу жарияланған бірнеше адамды ұстаған.

Маусымның 27-сі күні, Алматы қалалық көші-қон полициясының қызметкерлері Алматы қаласының тұрғын үйлерінің бірінің ауласында тұрып жатқан 200-ге жуық сығандар тобына жататын люля ұлтының өкілдерін ұстаған. Өзбекстан республикасының азаматтары болып табылатын бұл адамдар, Қазақстан аумағында заңсыз 4 жыл бойы тұрып келген дейді Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкері Ербол Әбдірешев

- Әкімшілік заңдылық бойынша, Қазақстан аумағына келген кез-келген азамат тіркеуге тұруы керек. Ал ұсталған азаматтар мұндай тіркеуге тұрмаған, көпшілігінде тіпті ешқандай құжат жоқ. Құжаттарының қайда екенін сұрасақ, біз мұнда бұрыннан тұрамыз, құжаттарымызды жоғалтып қойдық деген уәж айтады.

Полиция майоры Ербол Әбдірешевтың айтуынша, ұсталғандардың әйел қауымы мен қарттар жағы қайыр-садақа сұраумен күн көрген, ал ерлері жұмыс істемей, ұзын кеште өздері тұрған аулада доп қуып уақыт өткізген.

- Ерлерінің қандай жұмыс істейтіні белгісіз. Түрлеріне қарасаң сол жердің бай-шоралары секілді, жақсы киініп алған. Олар қылмыстық істерге қатысы бар болуы да мүмкін.Бұл мәселелер алдағы уақытта тексерілетін болады.

Ұсталған өзбек елінің азаматтары өздерін заңды түрде тұрып жатырмыз деп есептейді. Олардың бірі орта жастағы әйел өздерін не үшін ұстағандарын түсінбейтінін айтады.

- Біз мұнда бұрыннан тұрып келеміз. Осы жергілікті халықтың біріміз. Төлқұжатымыз да, тұрақты мекен-жайымыз да, тіркелу куәлігі де бар. Бізге сонда қандай кіна қойып жатыр?

Ал Қазақстанға заңсыз келген мына ақсақал бұл жерге тағдырдың айдауымен келдік дейді.

- Біз мұнда жақсы әрі тыныш өмір іздеп келдік. Мұнда біз ешкімге тиіспей, бейбіт өмір сүріп жатырмыз.

Ұсталғандар уақытша ұстау орындарында арнайы тексеруден өтуде. Олардың Қазақстанның қандай заңдарын және қаншалықты дәрежеде бұзғандығын анықтаған соң, Өзбекстанның билік орындарынының қолына тапсыру үшін, арнайы көлікпен қазақ-өзбек шекарасына дейін апарып тастаймыз дейді Алматы қалалық көші-қон полициясының бастығы Талдыбек Қатттаубаев.

- Оларды біз Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанмен шектесетін Черняевка деп аталатын ауылына дейін арнайы күзетпен апарамыз. Сол жерде заңсыз мигранттарды өзбек жағына тапсырамыз. Өзбекстан жағын бұл туралы алдын-ала ескертіп қойғанбыз.

Полиция майоры Ербол Әбдірешев Қазақстан аумағына заңсыз өткендер,өз елдеріне қайтарылған соң, 3 жыл ішінде тағы да заң бұзса, бұған арнайы шара қолданатындарын айтады. - 3 жылға дейін бұларға Қазақстанға қайта келуге тиым салынады. Егер олар Қазақстан миграция тәртіптерін бұзса, бз оларды шет мемлекеттің тәртіп қорғау орындарына тапсырамыз. Әкімшілік тіркеулдерді бұзғаны үшін, әкімшілік кодекстің 394-ші, 395-ші және 396-шы баптары бойынша жаза қолданамыз.

Алайда мұндай шараларға қарамастан, ТМД елдерінің аумағынан, әсіресе Орталық Азия елдерінен Қазақстанға заңсыз түрде келетіндердің саны азаймай отыр дейді Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкері Ербол Әбдірешев. Ербол Әбдірешев тек қана ТМД елдері бойынша, Алматы қаласына келгендердің саны 55 мың 68 адамды құрайтынын айтады.

- Оның ішінде әртүрлі жолмен, 9 мың 269 адам қырғыз елінен, 23 мың 750 адам Өзбекстаннан, ал 16 мың 389 адам Ресейден келген. Негізінен олар мұнда жұмыс істеу үшін келеді.

Сонымен бірге, Алматы қаласының көші-қон полициясының өкілдері Өзбекстаннның тәртіп сақшыларының тарапынан осы елде лаңкестік әрекет жасады деген күдікпен іздеуде жүрген бірнеше өзбек азаматының Қазақстанда ұсталғандығын растады. Алайда әзірге жүріп жатқан тергеу амалдарына байланысты олар жайлы мәлімет берілмейтіндігі мәлім болды.
XS
SM
MD
LG