Accessibility links

Қазақстанда тәуелсіз журналистика бар ма?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

28 маусым - Қазақстанда баспасөз күні ретінде аталып өтті. Осыған орай 28 маусымда Қазақстан журналистер Одағы 2005 жылғы республикадағы шығармашылық жұмыстардың нәтижесін қорытындылай келе, бірқатар журналистерге Қазақстан журналистер сыйлығының лауреаты атағын берді.

Баспасөз күні ретінде аталып өткен 28 маусымда, Қазақстан журналистер Одағы силығының лаураты атағына ие болған “Ана тілі” апталығының тілшісі Мырзан Кенжебай “Азаттық” радиосы арқылы бүгінгі таңда республикада тәуелсіз журналистка қалыптаса алмай отыр деген пікірін білдірді. Оның айтуынша Қазақстандағы басылымдардың көбісі Кеңес үкіметі кезінде қалып қойған, ескі сүрлеуден арыла алмағандықтан, болып жатқан оқиғалардың бәрін тек жақсы жағынан ғана көрсетуге тырысады. Ал, аталмыш сыйлықпен марапатталған “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Мамадияр Жақып болса, Қазақстанда тәуелсіз журналистика қалыптасқан жоқ деген пікірмен келіспейді екен.

Ал, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың пікірінше, кез-келген басылымдардың артында белгілі күштер тұрғандықтан және олардың қожайындары болғандықтан, тәуелсіз басылымдар бар деп айтуға болмайды. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының тағы бір иегері “Навигатор” интернет-басылымының редакторы Юрий Мизиновың айтуынша, олар шығарып отырған интернет-басылымның ашылмауы үшін талай рет тосқауыл қойылған.

- “Навигатор” интернет-басылымының ашылуына талай рет тоқсауыл қойылғанымен, біз әрқашан да бұл қалыптасқан ахуалдан шығудың жолын тауып отырдық. Ал, соңғы жылдары ”Навигатор” интернет-басылымының ашылуына тосқауыл қойылу азайды, - деді ”Навигатор” интернет-басылымының редакторы Юрий Мизинов.

Сондай-ақ, 28 маусымда Қазақстандағы “Қаһар” жастар қозғалысының өкілдері Баспасөз күніне орай наразылық акциясын өткізді. Атап айтқанда “Қаһар” жастар қозғалысының өкілдері ауыздарына цензура деген орамалды байлап алып, көк базардың жанындағы “Түркістан” сауда үйінің қасына жиналып, “цензура” деген жазуы бар шүберектерді өртеді. Осы акцияны ұйымдастырушылардың бірі, атын атағасы келмеген бір жас жігіт, өздерінің осы әрекеттері арқылы Қазақстанда тәуелсіз басылымдарды қудалау науқанының тиылмай отырғандығын білдіргісі келетіндіктерін әңгімелеп берді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары республикада көптеген басылымдардың дүниеге келгендігі белгілі. Қоғамда қандай басылымдардың үлкен сұранысқа ие екендігін білу үшін біз, Алматы қаласының қарапайым тұрғындарын да әңгімеге тарттық. Ең алдымен біз көк базардың жанында газет сатып отырған Күлпәш есімді әйелден қандай басылымдардың көбірек өтетіндігін сұрадық. Күлпәш есімді газет сатып тұрған әйел қазақ тіліндегі газеттердің соңғы кездері жақсы өте бастағандығын әңгімелеп берді.

Сондай-ақ біз көк базардың жанында газет сатып алып тұрған Құрманбек есімді азаматты да әңгімеге тартқанымызда, ол тек қана қазақ тілінде шығатын газеттерді оқитындығын тілге тиек етті. Күләй есімді зейнеткер әйел болса, Шымкенттен шығатын газеттерді және оппозициялық бағыттағы басылымдарды оқиды екен. Ал, сексен екі жасқа келген Әлима есімді зейнеткер әйел көзі нашар көретін болған соң газет оқымайтындығын, алайда телеарналардан берілетін хабарларды жібермей көретіндігін айтып берді.
XS
SM
MD
LG