Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.24.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда республикадағы табыс көзінің мөлшері басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым жоғары болғандықтан, Қазақстанға заңсыз жолмен келушілердің санының да артып бара жатқандығы айтылыпты. Сондай-ақ сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда Қазақстанға келіп жұмыс істеп жатқан шет елдің компаниялардың, 3,5 мың рет еңбек туралы заңнаманы бұзғандығы туралы дерек айтылыпты.

“Газета kz” апталығында жарық көрген Елена Тихомированың мақаласында Қазақстандағы табыс көзінің мөлшері басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым жоғары болғандықтан, заңсыз жолмен келушілердің санының да артып бара жатқандығы айтылыпты. “Камкон-2” және “Еуразия” компанияларының жүргізген сауалнамасына сүйенсек, алматылықтардың 50 проценті оңтүстік астанаға келушілерді бақылауға алу керек деп санаса, 61 проценті басқа жақтан келетіндер Қазақстан азаматтарының табыс көзіне ортақтасып отыр деп есептейді екен. Мақала авторы мысалға келтірген бейресми ақпарат көздерінен алынған деректерге жүгінсек, Қазақстанға заңсыз жолмен келгендердің саны 400 мыңнан асады. Республикаға заңсыз жолмен келушілердің санының тым көбейіп бара жатқандығының себебін мақала авторы, қазақстандық кәсіпорындардың олардың арзан күшін пайдалануға мүдделі болып отырғандығымен байланыстырыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанға келетін босқындар ауыр жұмыстарда істегенімен, олар бар-жоғы 80 доллар көлемінде айлық алады, кей жағдайда қожайындар оларға осы ақшаның өзін де төлемей қояды. Сол себептен де заңсыз жолмен келген босқындар құқық қорғау орындарына арыздана да алмайды.

“Айқын” газетінде жарық көрген Айгүл Аханбайқызының мақаласында да осы тақырып сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанға заңсыз жолмен келгендер ұсталып, қамалып, ескерту алып, еліне қайтқанымен, бәрібір Қазақстанға қайтып келеді екен. Автор өз мақаласында Қазақстанның барлық қалаларында заңсыз жолмен келген босқындардың қаптап кеткендігіне тоқталып, олардың ішінде есіркті саудасымен айналысатындардың, әртүрлі жұқпалы аурумен ауыратындардың, төлқұжаты жоқ күмәнді жандардың да кездесетіндігін сөз қылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 2005 жылдың басынан бері Алматыға 75 800 шет ел азаматы келген, олардың 55 мыңы ТМД азаматы болса, 20 759 –і алыс шет елдерден келгендер. Олардың ішінде 76 азамат заң бұзып жауапқа тартылған. Сондай-ақ автор өз мақаласында Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясының “Мигрант” республикалық операциясының басталғанына үш күн толғандығын айта келіп, заңсыз келген мигранттарды еліне апарып салуға 1 миллион 110 мың теңге көлеміндегі қаржыны Алматы қаласының әкімшілігінің бөліп отырғандығын атап өтіпті.

“Литер” басылымында жарық көрген Анель Давлетдинованың мақаласында құрылыста немесе мұнай саласында жұмыс істейтін Қытай азаматтарының қазақстандық қыздармен жалған некеге тұру үшін 10 мың теңге төлейтіндігі туралы дерек келтіріліпті. Мұның себебін мақала авторы Қазақстан Республикасының “Азаматтық туралы” заңының 16 бабына сәйкес бес жыл бойы Қазақстанда тұрған және үш жыл бойы Қазақстан азаматымен некеге отырған адамның азаматтық алуға құқығының бар екендігімен байланыстырыпты. Ресми ақпарат көздерінің мәліметтеріне жүгінсек, 1999 жылы Қазақстанда 3,5 мың Қытай азаматы болса, 1998 бен 2000 жылдың арасында олардың саны 32 мыңға жеткен. Мақала авторы мысалға келтірген деректерге жүгінсек, дәл қазіргі уақытта Қазақстанға заңсыз жолмен келген қаншама қытай азаматының бар екендігін анықтау мүмкін емес.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Марина Жемчужинаның мақаласында өткен жылы Қазақстанда жұмыс істейтін шет елдік компаниялардың 3,5 мың рет еңбек туралы заңнаманы бұзғандығы туралы дерек айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, шет елдік компаниялардың қазақстандық жұмысшылармен жасалған келісім-шартында да еңбек туралы заңнаманың ережелері бұзылады.

Бұл тақырыпқа айрықша тоқталған “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген мақалада, шет ел компанияларының қазақстандық жұмысшыларға, шет елдің жұмысшыларымен салыстырғанда анағұрлым аз ақша төленетіндігі баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG