Accessibility links

Алматыда жұмыс істейтін шетелдік компаниялары жұмысын тексерген Алматы қалалық прокуратурасы қортындысын жария етті

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматыда жұмыс істейтін 50-ге жуық шетелдік фирма, компанияларда Қазақстанның еңбек заңын қалай орындалып жатқанына тексеру жүргізген Алматы қалалық прокуратурасы тексеру қортындысын маусымның 29-ы күні жария етті. Тексеру биылғы жылдың көкек, мамыр айларында жүріпті.

Қалалық прокуратура басқармасының аға прокуроры Ерлан Асановтың айтуынша, тексеру барысында шетелдік компаниялардың көбі жұмысшылармен арада болатын жеке еңбек шарттарына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігі, жұмысшыларды тиісті бұйрықтармен таныстырмайтындығы, зиянды және ауыр жағдайда жұмыс істейтін жұмысшыларға кепілдік беру, артық өтем төлеу секілді жеңілдіктерді бермейтіндігі анықталған. Сондай-ақ, шетелден шақырылған жұмысшылар мен мамандар өкілетті органдардың рұқсатынсыз жұмысқа орналасуы арқылы Қазақстанның «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңы мен «Көші-қон туралы» заңы бұзылған деп тауып отыр.

Көп жағдайда шетел мамандарының еңбек ақылары қазақстандық жұмысшылармен салыстырғанда 3-4 есеге дейін жоғары екені анықталды, яғни шетелдік компаниялар еңбекақы төлеуде жұмысшылардың тіл білуі және жас мөлшеріне қарап еңбек кемсітушілігіне жол берген, - дейді аға прокурор Ерлан Асанов.

Е.Асановтың айтуынша, осындай заң бұзу оқиғаларына Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаменті мен қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің мамандары тиісті көңіл бөлмегені тексеру барысында анықталыпты. Тексеру нәтижесінде қалалық прократураның ұйғарымымен өкілетті органдарға кемшіліктерді жоюға қатысты 35 түрлі ұсыныс енгізілген және 79 адам түрлі дәрежедегі жауапкершілікке тартылып, 2 миллиондай теңге көлемінде айыппұл салынған.

Прокуратураның бұл тексеруінде аты көрсетілген, Алматыдағы «Самал-2» ықшам ауданында 15 қабат тұрғын үй салып жатқан Түркияның «IDAStroi» құрылыс компаниясының инженері Қонысбай Намазбаев, құрылыс салу барысында қауіпсіздік техникасының кейде дұрыс болмай қалатын жайттары кездеседі дегенді айтады. Алайда, ол өзі істейтін компанияда жағдай жақсы деп сендіруге тырысады.

- Ал, еңбекақыға келсек - қазақ жұмысшылары не түрік жұмысшылары қанша алатындығын айту қиын, себебі - бұл компанияның өз құпиясы, - дейді ол.

Ал Алматыдағы бір түрік фирмасында аз уақыт жұмыс істеген, ал қазір қазақстандық құрылыс фирмасында жұмыс істеп жатқан тараздық Бақтыбай Мырзахметов болса, жергілікті жұмысшылар күн-түні жұмыс істеп тапқаны 90 доллар шамасында болғанын айтады. Ол өзінің қазіргі жұмысында табатын табысына риза екендігін айтты.
XS
SM
MD
LG