Accessibility links

Қазақстан парламенті үкіметтік емес ұйымдар қызметіне мемлекеттің бақылауын күшейтетін заң жобаларын қабылдады

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстан парламенті қабылдаған «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасы және «Халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің Қазақстан Респуликасы аумағындағы қызметі туралы» заң жобаларына қатысты түрлі қоғамдық ұйымдар мен халықаралық мекемелердің өкілдері және саяси партия адамдарына әр-алуан пікір айтуда.

Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис “Азатттық” радиосына берген сұхбатында, Қазақстан парламенті қабылдаған ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне байланысты заң жобаларының қажетсіздігі туралы айтқан өз пікірінен айнымайтындығын білдірді. Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстанда бұл саладағы заңдылықты қадағалайтын және реттейтін заңдар жеткілікті.

- Бұл заңдардың маңыздылығы қанша екендігін білмеймін. Біз сіра қазір мемлекеттік орындардың азаматтық қоғамға сенімсіздікпен қарай бастаған сәтті бастан өткеріп отырған секілдіміз. Парламент қабылдаған заңдар соның кезекті бір айғағы болды.

Парламент қабылдаған үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заң жобасында, бұрын жазылғандй аталған ұйымдар мен олардың филиалдары өздерін сырттан қаржыландыру үшін жергілікті атқару орындарының рұқсатын алу керек деген сөздің орнына, бұл туралы жергілікті атқару орындарына хабарлап отыру керек деген сөйлем ұсынылыпты. Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл шешімді оң қадам деп бағалағанымен, даулы тұстарды шешпейді деген пікірде.

- Егер Қазақстанда бірнеше мың үкіметтік емес ұйым бар болса, 4 миллион ғана халқы бар Словенияда олардың ұзын-саны 25 мың. Ертеңгі күні қазақстанда 100 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдар пайда болатын болса, олардың бәрі басқасын қойып енді, әкімшіліктерге өздерінің әрбір жаңа жобалары туралы, соған қажет ақшаны қай жерден алып жатқандығы жөнінде есеп беріп отырса не болмақ? Онда әкімшілікте осы іспен ғана айналысатын басы артық адам алуға тура келеді. Қоысмша шығындар тағы бар. Сонда осының бәрі не үшін керек, маңызы бар ма осы жағы түсініксіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық “Транспаренси Қазақстан” ұйымының жетекшісі Сергей Злотников бұл қадамдармен Қазақстан парламенті пен үкіметі ұлттық қауіпсіздікті желеу етіп, үкіметтік емес ұйымдарға барынша кедергі жасап отырғандарын көрсетіп отыр, ал бұл өз кезегінде қоғамда қайшылықтар туғызатын қауіпті құбылыс деп санайды.

- Өйткені Өзбекстанның президенті Каримов кезінде үкіметті емес ұйымдар мен оппозицияны қудалап, жаншыған соң олардың орнын хизбут тахрир секілді экстремистік ұйымдар басты. Үкіметтік емес ұйымдар қатардағы азаматтар мен биліктің арасындағы қарым-қатынастардың сүзгіші деп айтуға болады.

Ал халықаралық “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау ұйымының өкілі Ғалия Әженова үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заң жобасы жөнінде былай дейді.

- Мәселен бір ұйымдар көпбалалы аналардың проблемасымен, екіншісі мүгедек жандардың құқытарын қорғаумен, ал үшіншілері БАҚ-мәселелерімен айналысады, яғни олар тек өз саласының ғана мамандары. Ал әкімішілікте отырып, жалпы заңдылықтар бұзылмаса болды деп санайтын, мәселенің байыбына бара бермейтін адамдар бұл ұйымдардың ісімен қалай айналыспақ, олардан қандай пайда? Осы арасын түсіне алмадым.

Әлі тіркеуден өтпеген, оппозициялық “Нағыз Ақ Жол” демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы ұлттық қауіпсіздік пен үкіметтік емес және шетелдік ұйымдарға қатысты қос заң жобалары жайлы пікірін “Азаттық” радиосына берген сұхбатында былай білдірді.

- Қазір Қазақстандағы билік басындағыларды бір қорқыныш елес кезіп жүр. Бұлар қоғамдық ұйымдарға қысым жасай бастады. Бұған дейін саяси партияларды жапты, ашық баспасөзді жаба бастады, ертең тіпті Каримов сияқты бильярд ойнайтын жерлерді жаба бастауы мүмкін. Каримов есіңізде болса бильярд ойнайтын жерлерді оған жастар жиналып алып саяси әңгімелер қозғайды деп қауіптеніп жауып тастаған.

Алтынбек Сәрсенбайұлы да аталған заң жобаларына қол қойылып қабылданған жағдайда қоғамда қақтығыстар пайда болады деп есептейді.

- Біз жергілікті жерлердегі әкімдердің саяси, мәдени түр-тұрпатының қандай екенін жақсы білеміз, әкімшіл жолмен қызметке келген олар моральдық жағынан ескірген адамдар. Ертең осы адамдар аталған заңды пайдаланып, қоғамдық ұйымдарға әкіреңдей бастағанда, қақтығыстың көкесі сонда болады.

Ал Қазақстанның “Азаматтық” партиясының жетекшісі Азат Перуашев Қырғызстан мен Өзбекстанда болған соңғы оқиғалардан кейін, мұндай заңдарды қабылдамасқа болмайды деген пікірде. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Азат Перуашев, өзінің үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің мемлекет тарапынан бақылауда болғанын жөн көретінін жеткізді.

- Әрине кез-келген ұйым ешбір кедергісіз, еркін жұмыс істегісі келеді. Алайда ол дұрыс емес, өйткені олар біздің халықпен, қоғаммен жұмыс істеп отыр, сондықтан олардың ісі мемлекет назарында болуы керек.

Көптеген халықаралық мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдері және саясаткерлер парламенттің қос палатасы мақұлдаған екі заңға президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қоймайды деген сенімде. Сарапшылардың айтуынша, бұл ел назарын аудару үшін істелген саяси ойын болуы мүмкін. Себебі мұның алдында, журналистер арасында дау туғызған БАҚ туралы заңды президент қабылдамай тастаған еді.
XS
SM
MD
LG