Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.30.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда Қазақстанда президент сайлауының қашан өтетіндігінің әлі анықталмай отырғандығы және осы саяси науқанның алдында базардағы бағалардың көтеріліп кеткендігі хабарланыпты. Ал, кейбір оппозициялық бағыттағы басылымдарда билік ауысқан жағдайда, Қазақстандағы саяси ахуалдың қалай дамуы мүмкін екендігіне қатысты сараптама жасалыныпты.

Ғалым Мұрат Әуезов “Айқын” басылымына берген сұхбатында “алдағы президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне күмәндануға болмайды” деген ойын білдіріпті. Оның себебін Мұрат Әуезов газет тілшісіне берген сұхбатында Қазақстандағы тұрақтылықтың, әлеуметтік саланың жақсара бастауымен, экономиканың алға шығуымен байланыстырыпты. Мұрат Әуезовтың пікірінше, алдағы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа оппозициядан Жармахан Тұяқбай мен Әлихан Бәйменов бағын сынып көруі ықтимал.

“Жас Алаш” басылымы болса президент сайлауына байланысты сауалды “Отан” партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов пен “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияевқа қойғандарын хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Бақытжан Жұмағұлов пен Амангелді Ермегияев та президент сайлауының биыл өткендігін қалайтындығын білдіріпті. “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияевтың айтуынша президенттік сайлау 2006 жылға баратын болса, онда бұрынғы жеті жылдық мерзімді 11 айға созып алған боламыз.

Ал, “Жас Алаш” басылымында жарық көрген Гүлзат Табынның “Баға Жолдаудан озып кетті” атты мақаласында соңғы кездері Астана қаласында базар нарқының күн санап көтерілуінің, ел-жұрттың наразылығын туғызып жатқандығы баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бір келі шие былтыр қала базарларында 250-300 теңге болса, биыл оның құны 550 теңге болыпты. Сиыр етінің келесі өткен жылы 300-350 теңге болса, қазір 600-650 теңгеге жеткен. Ал, күріштің бағасы 70-80 теңгеден 120 теңгеге шейін көтерілген.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында соңғы кездері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуден басқа еш мемлекетке бармай жатқандығы сөз болыпты. Автор өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың шет елге шықпайтындығын және Қазақстанға келетін шет елдік қонақтардың да азайып кеткендігіне тоқталып, мемлекеттің сыртқы саясатында тұрақсыздың болуы ықтимал деген ойын білдіріпті. Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, Орталық сайлау комиссиясы мен депутаттар президент сайлауының қашан өтуі тиіс екендігіне байланысты жұртшылықтың басын қатырып жатқан шақта, Мемлекет басшысы ешкімнің рұқсатынсыз-ақ елді аралып, сайлау алдындағы науқанын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ автор өз мақаласында президенттің қызы Дариға Назарбаеваның Қазақстанда да түрлі-түсті төңкерістер орын алуы мүмкін деген сөзіне тоқталып, осы мәселеге қатысты өз ойын ортаға салыпты. Мақала авторының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев басқарған он бес жылдың ішінде ең үлкен дау-дамайға айналған оқиғалардың бірі “Қазақгейт” ісі. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Джеймс Гиффеннің арқасында Қазақстанның мұнайы талан-таражға түсіп, мемлекетке ешқандай да пайда әкелмейтін келісім-шарттар жасалынды. Мақала авторының пікірінше, Джеймс Гиффен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сеніміне кіріп алып, мемлекеттік құпияларды ғана біліп қоймай, өзінің мемлекетін қалыптастырды.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген саясаттанушы Андрей Чеботаревтың “Қазақстандағы Назарбаевтан кейінгі кезең қандай болуы мүмкін?” деген мақаласында билік ауысқан жағдайда, билік басына келген адамның өз ойынын жүргізуге тырысатындығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Индонезияны 30 жыл басқарған Сухарто “зейнетке” шыққаннан кейін, оның орнына келген мұрагері Хабиби, экс-президенттің отбасының мүшелерін мемлекеттегі аппатарттағы қызметінен шығарып жіберген және экс-президентке тиесілі жеңілдіктердің бәрін де алып тастаған. Осыған орай мақала авторы авторитарлық жүйеде өмір сүрген басшы билікті өз мұрагерінің табыс етсе де, оның жантыныштығына ешкімнің де кепіл бола алмайтындығы туралы ойын білдіріпті. Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы қалған уақытында шынайы демократиялық қоғам орнатуға күш салған күнде ғана, мұндай келеңсіздіктер қайталанбайды.

“Литер” басылымына берген сұхбатында Халықаралық Еуразиялық қозғалыстың басшысы Александр Дугин Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтындығын, қазір оның саяси және геосаяси қиындықтарды басынан кешіріп отырғандығына тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG