Accessibility links

Сенатор Уәлихан Қайсаров Қарағандының атқарушы билік орындарын өзіне қарсы әрекет жасап жатыр деп кінәлады


Өкілеттілігі аяқталғалы отырған Парламент Сенаты депутаттарының бірі - Уәлихан Қайсаров маусымның 30-ы күні үшінші шақырылымдағы бірінші сессияның жабылуында Қарағанды облысы әкімдігі тарапынан Сенат сайлауына байланысты мәслихат депутаттарына қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Өкілеттілігі аяқталғалы отырған Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы үстіміздегі жылдың тамыз айының 19-на белгіленген болатын. Сенатор Уәлихан Қайсаров өзі кезекті рет сайлауға түскелі отырған облыста атқарушы билік тарапынан өзіне қарсы әрекеттер жасалып жатыр деп мәлімдеді.

- Мені қолдаушы маслихат депутаттарына Қарағанды облыстық әкімшілік тарапынан қысым жасалып, олардың бизнесіне кедергі келтіреміз деген. Кейбір аудан әкімдері аудандық маслихат депутаттарының үйіне барып, сенатор Қайсаровқа қойған қолыңды кері қайтарып ал деп қысым жасаған, - деді ол.

Сенатор Қайсаров өзін қолдауға ниет білдіріп отырған Қарағанды облыстық мәслихат депутаттарына жасап отырған қысым - қылмыстық іс деп бағалап отыр. Ол осы мәселе бойынша Қазақстанның бас прокуроры Р.Түсіпбековке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Н.Дүтбаевқа және Орталық сайлау комиссиясының төрағасы О.Жұмабековке депутаттық сауал жолдап, тергеу ісін жүргізуді сұрады:

- Бұл қылмыстық іс болып саналады. Оған кім болса да жауап беруге тиісті. Міне, бүгін менің сенімді өкіліме Қарағанды қаласы маслихатының депутатынан хабар түсті. «Серік, маған міндетті түрде хабарласыңдар. Менің жанұяма қауіп төніп тұр» деп жазылған. Маған мұндай хаттардың 5-6-ы келді.

Теміртау қаласының әкімі Балдырған Мусин өз әкімшілігі тарапынан мәслихат депутаттарына ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ дейді:

- Бір депутат болса - қысым жасауға болады. Олар жүзден асады. Депутаттарда біздің жұмысымыз жоқ. Бізді тыңдайын деп отырған маслихат депутаттары да жоқ. Олар бизнестегі өз жұмыстары бар жігіттер. Ал, Қайсаровты осы бес жылда көрдім бе, көрмедім бе?

Қарағанды облысы Ұлытау аудан әкімшілігінің аппарат жетекшісі Дана Оразбеков Сенат депутаттығына сайлау мәселесін ойлайтын уақытым жоқ дейді:

- Қайсаровтың мұнда болмағаны қай заман. Біздің онымен айналысатын уақытымыз да жоқ. Кім кімді қолдаймын десе де өз еркі. Ешкімге кедергі жасалып жатқан жоқ. Тіркелу енді ғана басталды ғой.

Сенат депутат Уалихан Қайсаровтың айтуынша, Қарағанды облыстық әкімшілігінің жасап отырған әрекеті мемлекет басшысына бедел әкелмейді.

- Жергілікті билік бұл әрекетімен Президент Назарбаевтың атына бедел әкелмейді. Мен өз ойымды ашық айтатын болған соң оларға жақпай отырмын. Сондықтан олар мені осы сайлаудан өткізбеуге күш салуда, - дейді сенатор.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали алда өтетін Сенат сайлауында заң ережелері бұзылады деген болжам айтады:

- Сенат сайлауында заң бұзушылық кездесетін болады. Маслихат депутаттарының басым көпшілігі әкімшілікке бағынып кетуі мүмкін. Бұл сайлауда депутаттар З.Батталова мен У.Қайсаров өтпеуі мүмкін. Депутаттыққа «Отан» партиясының мүшелері өткізілетін болады. Одақтастыққа жол берілмейді.
XS
SM
MD
LG