Accessibility links

Зейнетақы мен жалақыға қоса базар нарқы да құбылды


Маусымның 30 күні Алматыда зейнеткерлердің шағын тобы қаладағы ескі алаңға жиналып, азық-түлікке бағаның қымбаттап жатқанына наразылық білдірді. Олар қазіргі бағамен күнелту үшін зейнетақы көлемі 150 доллар болу керек деп талап қойды. Зейнеткерлер биылғы шілде айында зейнетақы көтеріледі дегеннен бері азық-түлік бағасы күрт қымбаттап кетті дегенді айтты.

Маусымның соңғы күнінде Алматы зейнеткерлері мен өздерін ұлт жанашырымыз деп атайтын бір топ азамат Алматыдағы ескі алаңдағы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ескерткіші орналасқан саябақта жиналды. Алматылық зейнеткерлер зейнетақы мөлшерінің аздығын айтса, ұлтшылдар мафия және коррупциямен күрес мәселесін көтерді. Мафиямен күрескіш топты бұл жерге есімі алматылықтарға танымал Амантай қажы басқарып келген. Осы жерге келген зейнеткерлердің бірі Рабиға Осатулина үкімет зейнетақыны көтеру керек деген ойын жеткізді.

- Біздің зейнетақымызды Нұрсұлтан Назарбаев 150 долларға көтеруі тиіс. Себебі, қазіргі бағамен бізге ақша жетпейді, - дейді зейнеткер.

Президенттің республика халқына биылғы Жолдауына сәйкес, Қазақстан үкіметі шілденің 1-інен бастап елде зейнетақыны, бюджеттік мекемелер мен әлеуметтік салада еңбек ететін қызметкерлердің айлық жалақысын көтермек.

Отбасында 2 бала тәрбилеп отырған Маржан Заманбекова еңбекақы өссе, міндетті түрде зат қымбаттай бастайтынын айтады:

- Азық-түліктің бағасы өсе бастайды, соңынан коммуналдық төлемдер қымбаттайды. Көп ұзамай жол ақысы да жоғарлайды, нәтижесін де - өміріміз қымбаттайды. Бірақ, бұл бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысы көтерілгенде, зейнетақы көлемі көбейгенде болып тұратын құбылыс.

Күнделікті кәсібі – базарда азық-түлік сатып жүрген Мәдина Жаманқұлованың айтуынша, соңғы бір айдың ішінде біраз зат қымбаттаған. Бірақ, сатушының пікірінше, азық-түліктің қымбаттауына доллар әсер етіп отыр. Ал Зәмзәгүл Мамырбаева есімді келесі әйел қанттың қымбаттағанын жазғы маусыммен байланыстырады. Бірақ, ол ұнның неліктен қымбаттағанын түсінбейтінін айтады:

- Міне, тағы да қант, ұн қымбаттады. Біздің алатын ақшамыз өте аз, бір айдан екінші айға әрең жеткіземіз. Қымбатшылық болатын болса, онда еңбекақы көтерілгеннен пайда жоқ. Олай болса не себептен еңбекақыны көтереді?

Қазақстан үкіметі бюджеттік мекемелерде жұмыс жасайтын қызметкерлер мен зейнеткерлердің еңбекақысы және зейнетақысын бірінші шілдеден бастап көтереді. Алайда, қазірдің өзінде шарықтап отырған базардағы баға оны мардымсыз етіп тастады дейді зейнеткерлер.
XS
SM
MD
LG