Accessibility links

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың авторитарлық режимі өзгере ме?


Өзбекстанның қатаңқолды президенті Кәрімовтың бұл режимі немен аяқталуы мүмкін? Бұл сұраққа Ұлыбританияда шығатын «Джейнс Интеллидженс ревью» журналында жарияланған мақалада бірқатар сарапшы, талдаушылар Әндіжан қырғынынан кейінгі болжамдарымен жауап беріпті.

Солардың бірі, Лондондағы «Соғыс және бейбітшілік институтынан» Орта Азия жөніндегі бағдарлама директоры Филип Ноубелдің пікірі төмендегідей:

- Әндіжанда болсаңыз қауіп-қатер жөнінде көптеген ескертулерге куә боласыз: жұрт қуғын астында. Құрбан болғандардың ата-аналары, көптеген журналистер, адам құқықтары белсенділері қудалануда, тергелуде. Билік басындағы режим халықпен өзара мәмілеге келуге бет бұратын емес. Бұған Кәрімовтың Мәскеу сапары кезінде Ресей президенті Путинмен екеуара жариялаған мәлімдемелері куә. Екінші жағынан, Өзбекстан халқы да енді Кәрімовтың бұл режиміне көнетіндей түрі жоқ. Сондықтан екі арада үлкен теке-тірес болатын секілді.

Мәскеу сапары кезінде президент Кәрімов, Әндіжандағы толқулар шетелде жоспарланып, сол жақтан қаржыландырылып тұрды деп мәлімдеді. Оны президент Путин растады. Бірақ, «Джейнс Интеллидженс ревью» журналы ол оқиғаларды шеттегі исламшылдар ұйымдастырды деген мәліметті ақиқатқа жанаспайды, бұл Өзбекстандағы әлеуметтік, экономикалық аса нашар жағдайға байланысты халық қаһарының табиғи нәтижесі деп жазады. Ноубелдің пікірінше, қазір Өзбекстан үлкен дағдарыс қарсаңында тұр.

Халықаралық дағдарыс тобы президентінің орынбасары Алан Делероздың тілшімізге айтуынша, Әндіжандағы ол толқуларға шетелдік топтардың ешқандай қатысы жоқ.

- АҚШ пен Ресей енді Кәрімов мырзаны тығырыққа тіреп: егер енді бізбен өзара ынтымақтас боламын десең, жаңа реформаларды жасауыңды талап етеміз деуі керек. Бірақ мен, біреулер шеттен келіп, Өзбекстан билігін өз қолыма аламын дейтініне сенбеймін. Ондай нәрсе, АҚШ-тың Ирақтағы тірлігі секілді, ол елге армияңмен басып кіруге дайын кезде ғана іске асуы мүмкін. Бірақ, АҚШ-тың ол ісінің өзінен де бірер игілік байқалып тұрған жоқ емес пе? - дейді Алан Делероз.

Өзбекстандағы жаңа реформа туралы Орта Азия жөніндегі Вашингтондық зерттеуші Марта Брилл Олкоттың пікірі келесідей:

- Егер Кәрімов экономикалық реформалар жасап, саяси жариялылыққа барса, Батыс Кәрімов жөніндегі теріс көзқарасын біршама өзгерткеннен кейін, ол билік басында қалып, бұл дағдарыстан құтыла алған болар еді. Ал егер оған көнбей, оқшауланып қалса, экономикалық реформаға бармаса, наразылық күшейе берсе, онда не болмақ деген сұраққа мен: уақыты келгенде ондай наразылық әрекетін Кәрімов күшпен де тоқтата алмайтын жағдайға жетуі мүмкін деп жауап берер едім.

Ал сарапшы Алан Делероздың президент Кәрімовтың болашақ тағдыры жөніндегі пікірі бұдан өзгешелеу.

- Кәрімов мырзаның бұл тығырықтан шығуға бір жолы бар. Ол бұрынғы Ресей президенті Ельцин секілді біз өмір сүріп жатқан 21-ғасырдағы заман жағдайын дұрыс түсінетін жастау мұрагер дайындауы қажет болар, - дейді Алан Делероз.

Халықаралық Дағдарыс тобының президенті орынбасарының тағы да қоса айтуынша, Өзбек үкіметінде, егер мүмкіндік берілсе, елді ойдағыдай басқара алатын тұлғалар баршылық екен. Ал лондондық Филип Ноубел тағы бір жол бар екенін айтады. Оның ойынша, егер Кәрімов үкіметі маңайындағы ресмилер өзара бірігіп кіріссе бірер өзгеріс жасаса болады.

- Әрине, бұл тайпалық билік қолындағы өте құпия әлем. Бірақ, меніңше, егер Кәрімов маңайындағы жоғары дәрежелі топ бірауыздан, біз Кәрімовпен енді қатыспаймыз, режимді өзгертіп, болашақ, одақтастық жөнінде ойлауымыз керек. Сонда сыртқы оппозицияға қолымыз жетеді деген шешімге келсе ғана, бірер сенімді мүмкіндік туар, - дейді Филип Ноубел.

Солай болғанның өзінде, «Джейнс интеллидженс ревью» журналында жазылғанындай, Өзбекстандық күшті элита өз мақсаттарына сай келмейтін кез-келген жаңа жетекшінің реформасын тоқтата алу құдіретіне ие. Ондай жағдайда, Өзбекстан сәтсіздіктен жақын болашақта арыла қоймас деп қорытындылайды Британияда шығатын журнал.
XS
SM
MD
LG