Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.01.2005 жыл

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Жұма күні шыққан басылымдарда Алматы қаласы мен облысын жарық және жылумен қамтамасыз етіп отырған АПК компаниясы мен “Қазақстан”,“Алматы” қонақүйлерін сату төңірегіндегі даулар мен Қазақстан Парламентінің үшінші шақырылымының бірінші сессиясының аяқталуына байланысты парламенттің осы уақыт ішінде атқарған жұмысына баға беріліпті.

“Панорама” газеті Алматы энергокешені төңірегіндегі мәселеге қатысты “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы жетекшілерінің баспасөз-мәслихатында айтқан пікірлеріне назар аударыпты. Газет тілшісі мақалада Жармахан Тұяқбайдың: “бірінші рет қоғам жұртшылығы ірі көлемдегі тонаушылық сипаттағы келісім-шартты болдырмай тастауға мүмкіндік алды” деген сөзін келтіре отырып, қазақстандық оппозиция Алматының ірі энергокешені мен екі қонақүйінің жеке қолға сатылмауына өздерінің үлкен үлес қоқандарын айтады, одан әрі оппозиция өкілдері президент сайлауына дейін кез-келген ірі кәсіпорындарды жекешелендіруге мораторий жариялануын талап етеді деп жазыпты.

“Деловая неделя” апталығы АПК энергокешені төңірегіндегі дауға екі бірдей мақала арнапты. Алғашқы мақаланың авторы Ұлболсын Қожантаева Алматының энергокешені мен “Қазақстан” және “Алматы” қонақүйлерінің сатуға шығарылуынан сайлау алдындағы халықтың оң бағасын алу әрекеттерінің ізін іздейді.Тілші бұл даудың төңірегінде оппозиционер, экономист Ораз Жандосов пен “Асар” партиясының төрайымы Дариға Назарбаевалардың мәлімдеме жасап үлгергендерін алға тарта отырып, екеуінің де бұл нысандарды сатуға қарсы шыққандарын жазыпты.

Ал осы газеттегі аталған мәселеге байланысты келесі мақаланың авторы Игорь Денисов тендердің көпшіліктен жасырын дайындалғанына, оған қатысуға тілек білдірген компаниялардң белгісіз болып қалғанына назар аударыпты. Сонымен қатар тілші сатылуға шығарылған нысандардың бастапқы бағасының да сол күйі құпия қалғандығын жазыпты. Сөз соңында автор АПК төңірегіндегі даудың төңірегіндегі саяси ойындарды алып тастаса, әдеттегі мемелекет меншігін заңсыз иемденудің тағы бір сатысын көреміз деп қорытындылапты.

Ал “Караван” газеті АПК-ның сатылуға шығарылуға туындаған даудан Алматының энергокешенінің қазіргі жай-күйіне ауысыпты. Газет журналистері АПК-ға қарасты электр желілері мен жалпы энергия жүйлереінің ескіргенін, бұл сала мамандарының алдағы күз бен қыста қаланы электрмен және жылумен қамтамасыз етуге электр энергиясы қуатының жетпеуі мүмкін екендігін ескертіп отырғанын жазыпты.

Жұма күнгі басылымдарға арқау болған негізгі тақырыптардың келесісі үшінші шақырылған парламенттің бірінші сессиясының жұмысын қорытындылауға арналыпты. Республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Асқар Тұрапбайұлы үшінші шақырылымдағы парламент депутаттарының 80-ге жық заң жобаларын қарап, оның 62-сінің қабылданғанын жазыпты. Сонымен бірге тілшінің жазуынша, мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов парламент жұмысына “қарқынды да нәтижелі” деген баға беріпті. Ал газет тлшісіне өз жұмыстары жөнінде пікір білдірген Нұртай Сәбилянов, Сергей Киселев, Сатыбалды Ибрагимов секілді депуттатар атқарған істерін жақсы деңгейде өтті деп бағалапты.

“Экспресс К” газеті үшінші шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясы мүгедектер мен ардагерлердің өтемақысын көтеруге, зейнетақы мен шәкіртақыны және бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіруге мүмкіндік беретін заңдарды қабылдаумен есте қалатындығын жазыпты. Сонымен қатар мақала авторы Илья Гук парламент депутаттарының қоғамда дау туғызған “Ұлттық қауіпсіздік туралы” заңды да қабылдағандығын, соған орай депутаттардың алдағы уақытта заң қабылдауда қоғам өкілдерінің де кеңінен қатысуына мүмкіндік беру керек деп айтқандарын жазады. Және газет тілшісі дәл осы “Ұлттық қауіпсіздік туралы” заңға қатысты түрлі қоғамдық ұйымдар өз пікірлерін білдіре бастағанда, депутаттардың бізге қысым көрсетіліп жатыр деп дау көтергендерін де еске салыпты.

Ал “Новое поколение” апталығы парламент депутаттарының алғашқы сессиясының аяқталуы алдағы күзде министрлер кабинетінің таратылуының басы болуы мүмкін деп жорамалдапты. Газет тілшісі парламент депутаттарының демалысқа кетер алдында үкіметті жиі сынға алуы тегін емес, бір жағынан оппозициядан, екінші жағынан парламент тарапынан сынға ұшыраған қазіргі үкіметті президент Назарбаев күзде таратып жіберіп, оның орнына елге жағымды үкімет сайлайды осылайша сайлау алдында президент халықтың басым көпішілігінің қолдауына ие болады деп түйіндепті.
XS
SM
MD
LG