Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.02.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Апта соңында жарық көрген тәуелсіз басылымдар “Наурыз банктің” басшысы Оразалы Ержановтың “Время” газетіне берген сұхбатын көшіріп басыпты. Сондай-ақ, мерзімді басылымдарда шілденің бірінен бастап Қазақстандағы барлық зейнеткерлердің зейнетақысына 3 мың теңге қосылып, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметшілердің айлығының 32 процентке көтерілгендігіне байланысты мақалалар жарық көріпті.

“Эпоха” және “Жас Алаш” басылымдары “Наурыз банктің” басшысы Оразалы Ержановтың “Время” газетіне берген сұхбатын көшіріп басыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Оразалы Ержанов 2000 жылдың соңында КЕГОК-тың бірінші вице-президенті болып жүрген кезінде, ел басшылығына жақын бір белгілі адаммен кездескендігін әңгімелеп беріпті. Оразалы Ержановтың айтуынша, ол сол кезде консервация жағдайында тұрған “Казагропромбанкті” сатып алатынын айтып, сол басқарманың төрағасы бол деп қолқа салады. Сондай-ақ, Оразалы Ержанов кейіннен өзін ол адамның алдап кеткендігін және банктің мойнындағы 16 миллион долларды жабуды қаржы министрлігінің мойнына ілінгендігін де әңгімелеп беріпті.

Ал, “Айқын” басылымы болса, шілденің бірінен бастап Қазақстандағы барлық зейнеткерлердің зейнетақысына 3 мың теңге қосылып, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметшілердің айлығының 32 процентке көтерілгендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, сонымен қатар мемлекеттік білім гранттары 50 процентке көбейіп, стипендиялардың да көлемі өскен. “Айқын” басылымының хабарлауынша, үстіміздегі жылы әлеуметтік бағдарламаларға бағытталған 287 миллиард теңгенің үстіне бюджетті қайта қарауға байланысты қосымша 27 миллиард теңге бөлінеді.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының хабарлауынша, зейнеткерлердің зейнетақысына 3 мың теңге қосылады, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметшілердің айлығы 32 процентке көтеріледі деген әңгіме айтылғаннан кейін, базар бағасы күрт көтеріліп кеткен. Мақала авторы мысалға келтірген статистикалық деректерге сүйенсек, жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда мамыр айының өзінде-ақ азық-түлік бағасы 4,1, азық-түлік емес тауарлар 1,7, тұрғындарға қызмет көрсету ақысы – 2,5, ауыл шаруашылық өнімдері 1,1 процентке ұлғайған.

“Литер” басылымы болса “Көтерілген зейнетақы мен айлықтың айырмасын инфляция жұтып қоймай ма” деген сауал қойып, осыған қатысты сарапшылардың пікірін беріпті. Білім және ғылым министрлігіне қарасты “Экономика институтының” директоры Марат Кенжегузин Қазақстан Президентінің жолдауынан кейін базардағы бағаның шарықтап шыға келгендігіне тоқталып, егер де Үкімет инфляцияны ауыздықтамаса, айлық пен зейнетақының көтерілгендігін қарапайым халық сезіне алмайды деген ойын білдіріпті. Вице-министр Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, қазіргі уақытта базардағы бағаны тұрақтандыру мақсатында арнайы комиссия құрылыпты. Мәжіліс депутаты Валерий Котович әкімшілік жолдармен бағаның өсуін ұстап тұруға болатындығыны күмән келтіріпті.

“Жас қазақ” басылымында жарық көрген Төлен Тілеубайдың мақаласында өткен жылы қазынадан бөлінген қаржының игерілмей қалғандығы баяндалыпты. Ресми мәліметтерге жүгінсек, өткен жылғы бюджет қаражатының 31,3 миллиард теңгесі игерілмей қалған. Ал, депутаттардың айтуынша оның көлемі 49 миллиард теңгеге жетеді екен. Мақала авторы мысалға келтірген деректерге сүйенсек, көп жағдайда бюджет қаржысы талан-таражға түсетін көрінеді. Мәжіліс депутаты Ұзаққали Елеубаевтың айтуынша, құны 4 миллиард теңге тұратын жобаны жеңіп алған компания, біраз уақыттан соң ол жобаны 1 миллиардқа жетпейтін бағаға сатып жіберген. Ал, Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанның айтуынша Көлік және коммуникациялар министрлігінің қарамағындағы Самара-Шымкент тас жолын қайта жөндеу кезінде, “Жезқазған жолдары” Ашық Акционерлік Қоғамы 14 шаршы метр жерге әжетхана салу үшін 1 миллион теңге бөлген. Автор өз мақаласында оның әр шаршы метрінің 437 АҚШ долларына бағаланғанын айта келіп, 2001 жылдың 1 қазанына дейін әлгі қаржының 16 процентінің ғана игерілгендігін баяндапты.
XS
SM
MD
LG