Accessibility links

Әлемнің бірнеше қаласында өнер жұлдыздары кедейшілікті жоюға шақырып, қайырымдылық концертін берді


Шілденің 2-сінде әлемдегі ең кедей халықтарға қайырымдылық көмегі ретінде, бүкіл әлемнің ондаған үлкен қаласында өнер жұлдыздары ашық, тікелей, тегін тамаша көрсетті.

Ағылшын тіліндегі Лайв Ейт деген атау сөзін бұл контексте Тікелей Сегіз деп аударған орынды болар. Себебі, шамамен ширек ғасырды араға салып өткізіліп отырған бұл қайырымдылық өнер шарасынан түскен барлық қаржы ең кедей, мұқтаждық жағдайында өмір сүріп жатқан елдерге ұсынылмақ. Жалпы 4 құрылықтағы ондаған қалада өтпекші тегін концертті миллиондаған адам тікелей эфирде тамашалап, радио,теледидардан бір жарым млрд-тай өнерсүйгіш көріп, тыңдамақ.

Ал енді соншама қаржы шығарып, жүздеген өнерпаздың қатысуымен өтіп жатқан бұл ізгілік шарасына қаржы қайдан келмек? Ол үшін бұл әлемдік тамашаны ұйымдаструшылар әлемдегі ең дәулетті АҚШ, Англия, Германия, Франция, Швейцария секілді 8 мемлекетке үміт артады. Сондықтан, Лайв ейт – «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, ондаған елде миллиондаған адам концерт тамашалап жатқан кезде, ұйымдастырушылар әлемдегі ең дәулетті елдерден әлемде осы кезге дейін түрлі себеппен - соғыс, табиғи апат, түрлі-түсті-төңкеріс кесірінен - аш-жалаңаш жүрген аса кедей елдер бар, соларға назар аударып, қайырымдылық жасасаңыздар дейтін ұйымдастырушылардың құрметті де дәулетті 8 елдің назарына арнаған өтініші болмақ.

Осыдан 20 жыл бұрын Лондон мен Филадельфияда алғаш ұйымдастырылған қайырымдылық концертінен Африкада ашаршылыққа кезіккен елдерге миллиондаған доллар қаржы жиналған болатын. Сол 1985-жылғы концертті Британиялық «Статус Кво» рок тобы бастаған болатын. Ол концертке Лондон мен Филадельфияда жүз мыңдаған адам рок жұлдыздары Куин, Дейвид Боуи және сол кездегі жап-жас Мадоннаның өнеріне сүйсінген еді. Теледидардан оны миллиондаған көрермен тамашалады. Ол үлкен шараны Ирландиялық музыкант Боб Джелдоф ұйымдастырған еді. Ал оған теледидарда аштан қырылып жатқан эфиопиялықтардың өте аянышты халі қатты әсер еткен екен.

Міне, енді араға 20 жыл салып, сол Боб Джелдоф тағы да кезекті бір үлкен қайырымдылық шарасына кірісіп отыр. Шілденің екісінде басталған бұл теңдесі жоқ концерт Лондон, Филадельфия, Рим, Париж және Берлиндегі миллиондаған көрерменге бұйырып отыр. Бұл ерекше шара арқылы кей дәулетті елдерге әлемдегі аса кедей жұртқа қолдан келгенше көмек берсек дегендей өтініш білдіру дейді ұйымдастырушы.

Осы арада айта кететін бір дерек, бұл қайырымдылық шарасы Шотландияда шілденің 6-8 күндері кездесетін дәулетті 8 мемлекеттің алқалы жиыны қарсаңында өтіп отыр. Кедейшілік тарих архивінде қалсын деген ұранмен жұмыс істейтін топтан Стефан Рэнд:

- Бұл қайырымдылық шарасын дәулетті елбасылары назардан тыс қалдырмас, - деген жылы үміт айтады.

Бірақ, миллиондаған адам қатысатын мұндай үлкен шараға ресми басшылық, саясаткерлер қалай қарар екен? Бұл да аса маңызды нәрсе. Бірақ, жетекші ұйымдастырушы сол Боб Джелдофтың тағы бір қызық жоспары бар. АҚШ пен Еуропадағы шілденің 2-сіндегі тамашадан кейін, бұл ізгілік іздеуші сазгер 2-3 күн өтпей жатып, үлкен сегіздіктің саммиті өтетін Шотландия астанасы Эдинбургте 1 миллиондай көрермен қатысатын келесі өнер шарасын өткізбек. Ол концерт арқылы Джелдоф 8 дәулетті ел жетекшісіне енді саяси деңгейдегі талап қойып, оларды Африкадағы кедейшілікті түгелдей жояға шақырмақ.

- Шілденің 2-сімен біздің осыдан 20 жыл бұрын бастаған шарамыз бітпейді. Бұл - үлкен істің бастамасы ғана, - дейді Джелдоф.

Ол жарты млн тұрғыны бар Эдинбург қаласында өтетін бұл келесі тамашаға 1 млндай адамды шақырып отыр. Ал, әсірешілдерден күдіктенген патшайым Элизаветаның өзі Эдинбургтегі келесі жылғы демалысынан бас тартқан. Парламенттің бірнеше мүшесі де сазгердің бұл 2 жоспарына таңдана, үрейлене қарайды екен.

Дегенмен сенбі күні әлемнің ең үлкен ондаған қаласында «Ю Ту», Элтон Джон, Пол Маккартни, Мадонна, Колдплей және Стинг секілді өнер жұлдыздарының ән-сазы жаңғырып жатты. Лондонда таратылған 200 мың тегін билетке сымсыз телефон жүйесі арқылы секундына 600-дей ақылы хат-хабар келіп түскен көрінеді.
XS
SM
MD
LG