Accessibility links

Алматы полициясы “Әділетті Қазақстан” қозғалысының белсендісі Маржан Аспандиярованы заң орнына мәжбүрлеп апармақ болды


Шілденің 4-күні таңертең “Әділетті Қазақстан” қозғалысының белсендісі, қазақстандық оппозиция өкілдерінің бірі Маржан Аспандиярованы заң орындары жауапқа тартпақ болған. Осы оқиғаның куәгерлерінің айтуынша, құқық қорғау орындарының қызметкерлері Маржан Аспандиярованы өз үйінен күшпен алып кетуге әрекет жасаған.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының бас хатшысы Төлеген Жүкеевтің айтуынша, Маржан Аспандиярова оған таңертең телефон шалып, полиция қызметкерлерінің оны өз үйінен алып кетуге келгендігін хабарлаған. Жүкеев әлгі жерге келгенде, расында да полицейлердің келгенін, алайда олардың қолдарында Маржан Аспандиярованы ұстауға байланысты ешқандай да шешімнің жоқ екендігіне куә болғанын әңгімелеп берді.

Ал, оқиғаның басты кейіпкері Маржан Аспандиярованың айтуынша, заң орындары оны “Алматы Пауэр Консалитед компаниясының” төңірегінде орын алған дау-дамайға байланысты, маусымның 27-күні өткен шеруді ұйымдастырды деп айыптап отыр екен.

Осы оқиғаның тағы бір куәгері, “Нағыз Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов бұл оқиғаны заңсыздық деп атады. «Азаттық» радиосы осы мәселеге байланысты Маржан Аспандиярованы алып кетуге келген Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне де хабарласқан еді. Алайда, дүйсенбі күні ол бөлімнен радиоға тұщымды жауап берілмеді.

Ал, түстен кейін Маржан Аспандиярованың ісі Медеу аудандық сотында қаралады екен деген ақпарат тарады. Сот ғимаратының алдына қазақстандық оппозицияның бір топ өкілі жиналды. Бірақ, сағат түскі 2 жарым кезінде жиналған жұрт кешкі сағат беске дейін күткенімен сот басталмады, ал оның қызметкерлері тарапынан жиналғандардың қойған сұрақтарына ешкім жауап бермеді. Оппозиция өкілдері, бұған өз наразылықтарын білдіріп, акт толтырды. Осылайша, дүйсенбінің таңынан кешіне дейін сарсаңға түскен Маржан Аспандиярова мен оның оппозицияшыл серіктері заң орындарынан бұл іске байланысты ешқандай жауап-дерек ала алмай тарқасты.
XS
SM
MD
LG