Accessibility links

АҚШ-тың Ғарышты зерттеу агенттігі (НАСА) хабарлағанындай, американдық ғалымдардың қолымен жасалған алып снаряд «Темпл-1» кометасына барып соқты


Бұл - американдық ғалымдардың ерекше тәжірибесіне негізделген операция болды. АҚШ зерттеушілерінің өз сөзімен айтсақ, бұл - күн жүйесінің тарихын, ежелгі қалпын зерттеп, жаңа деректер жинаудағы батыл қадам екен.

Міне сол мақсатты көздеген олар үлкендігі кіржуғыш машина немесе тоңазытқыштай келетін, салмағы 372 кило болатын снаряд жасап шығарған. Сол алып снаряд дүйсенбі күні жоспарлы белгіленген уақытта - Астана уақытымен сағат 11-ден 50 минут өткенде – «Темпл-1» деген кометаға барып соғылған. Олар бұл шараны АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне орай әдейі сәйкестендірген сияқты.

Американдықтар ол снарядты артып жолдаған Дийп Импакт деген аппарат әлгі кометаға жету үшін 133 млн шақырым қашықтықты басып өтіпті. Снаряд кометаның сең қатқан денесіне барып соғылған кезде Калифорнияның Пасадена қаласында орналасқан зертханада тұрған ғалым, зерттеушілер өз жұмыстарының нәтижесіне қуанып, бір-бірін өзара құттықтап жатты.

Салмағы 372 кг тартатын снаряд сағатына 37 мың шақырымдық жылдамдықпен барып кометаға соққанда болған жарылыстан, тереңдігі 7 қабатты үйдей, көлемі футбол алаңындай болатын алып шұңқыр пайда болған. Ал комета бетінде болған жарылыс - салмағы 5 тонна динамиттің жарылыс күшіне тең екен.

133 млн шақырымдағы ол жарылысты жерден мамандар бақылап отырды. Ал әлгі снарядты ғарышқа алып шығып, кометаға дейін жеткізген Дийп Импакт аппараты кометадан 8 мың шақырымдай қашықтықтан снаряд соқтыққандағы ахуалды жазып, тіркеп, алынған ақпаратты жерге жөнелтіп отырған. Жарылыстың шаңы басылғаннан кейін көп өтпей, аппарат кометаға 500 шақырым жақындап барып зерттеуді жалғастырған.

Бұл кометаны соғу жобасы 333 млн долларға түсіп отыр. Бұл шамамен Тәжікстан секілді Орта Азиялық елдің бір жылдық бюджетіне тең қаржы. Жылдық табысы триллионмен есептелетін АҚШ үшін, әрине, бұл көп жобаның бірі ғана. Осы жобаға қатысқан ғалым доктор Дон Йоманс бұл орайда өз қуанышын былай жеткізеді:

- Аппаратпен снарядты кометаға жеткізіп соғу операциясы ойдағыдай іске асты. Соғып жару шарасы да күткеннен асып түсті.

Бұл жобалық тәжірибеге таңдалған «Темпл-1» кометасының аумақ көлемі 14 шақырымдай. Ол Күн жүйесін 5 жарым жылда бір айналып өтеді. Дүниеге келу тарихы Күн секілді 4 жарым млрд жылдан артық болуы керек деп шамалайды ғалымдар.

- Бұл кометадағы ішкі жағдай, одан шығатын газ жөнінде көп мәлімет бермек. Сондай-ақ, спектрометр арқылы да жаңа деректер алу мүмкіндігі бар, - дейді осы тәжірибе жөнінде ғалым Йоманс.

Кометаларды әдетте кір-қоқыспен және мұзбен қапталған ядролы шарға ұқсатады. Бірақ, бірер теоретикалық түсініктемелері жоқ болатын. Комета күнге жақындаған кезде ондағы мұз еріп, көміртегі аралас шаң тараған кезде құйрық пайда болады дейтін ғалымдар. Ал, Дийп Импакт аппаратын жасауға қатысқан астроном Люсиен Макфаденнің айтуынша, бұл соңғы тәжірибе кометалар және Күн жүйесі жөнінде кеңірек мәлімет алуға көмектеседі екен.

Өкінішке орай, ғарыштағы Ресей халықаралық бекетінде жүрген орыс-американ ғарышкерлері бұл кометадағы осы сирек операцияны көре алмаған, себебі ол станцияның иллюминаторы жерге қаратылған екен. Ал, 220 тонна келетін ғарыш кемесін басқа бағытқа бұру өте қымбатқа түсетіндіктен ғарышкерлер әлгіндей сәтті көре алмапты. Бірақ, Ресей ғылым академиясы президентінің орынбасары Фортовтың айтуынша, «Темпл-1» кометасындағы ол соққы жарылысын жер шарындағы 40 шақты обсерваториядан жұрт көре алыпты. Енді, алынған ақпараттар талдаудан өткеннен кейін, ол комета және күн жүйесі туралы жаңа деректер жарияланады деген сенім білдіреді Британия Ашық университетінің ғаламшар жөніндегі зерттеушісі, профессор Моника Грейд.

Сонымен, американдық ғалымдар АҚШ-тың тәуелсіздік күнінде ең күрделі де қиын салада Күн жүйесі бойынша тағы да бір маңызды тәжірибені жүзеге асырып отыр.
XS
SM
MD
LG