Accessibility links

Алматыда републикалық музыка мектебінің мұғалімдері мен оқушылардың ата-аналары білім министрлігінің шешіміне наразылық білдірді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Негізінен өнерге бейім ауыл балалары оқитын Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектепте 450-ге жуық оқушы білім алып, 260 адам еңбек етеді. Шілденің 5-күні осы мектеп алдында өткен наразылық шарасына 50-ге жуық адам жиналды. Олар елдің білім және ғылым министрлігінің шешімімен осы мектеп басшысы Маржан Мамашеваның қызметінен алынуын заңсыз деп бағалап, «Маржан қалсын, Әйтімова жауабын айтсын!» деген т алаптар қойды.

2001 жылдан бері Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектеп-интернаттың директоры болған Маржан Мамашева үстіміздегі жылдың маусым айының 30-ы күні білім және ғылым министрлігінің шешімімен қызметінен босатылды. Оған Мамашеваның еңбек келісім-шарты мерзімінің аяқталуы себеп болған екен. Алайда, бұл шешімге осы мектептегі бірқатар оқушылардың ата-аналары мен ұстаздар наразы болып отыр. Мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мира Аханбайқызы осыдан үш ай бұрын ғана білім беру ісінің үздігі атанған Маржан Мамашеваның мектепке директор болып келуі мектеп-интернат өмірін адам танымастай өзгертті дейді. Ол мектептің материалдық-техникалық базасы, музыкалық аспаптары толықтай жаңартылып, оқу процесіне заман талабына сай өзгерістер енуіне директордың еңбегі бар екенін айтады:

- Министр Әйтімова ханым басшымызды өзімізге қайтарсын. Әділдік жеңу керек әр уақытта. Ұжымды топтастыра білетін басшыны қадірлеп, көмектесуіміз керек. Біздің ұжымымыз бұдан әрі дұрыс жұмыс жасау үшін өз басшымыздың өзімізге қайтып келуі дұрыс деп есептейміз.

Сондай-ақ ол осы мәселеге байланысты мектеп ұжымы мен ата-аналар, оқушылар атынан Білім министрлігіне хат жолдап, тиісті жауап ала-алмағандықтарын айтады. Екі баласы осы мектепте білім алатын Керім Елемес есімді азамат мынадай пікір айтады:

- Ұлттың көрінісі іспетті мектептің басшысын өзгертіп, қайта-қайта шабуыл жасап, мұғалімдердің жүйкесіне тиіп жұмыс істеуге мүмкіншілік бермей отырған бір күш бар деп ойлаймын. Бұл басшы төрт жылдан бері өзінің іскерлігін дәделдеді. Әлсіреп тұрған мектепті аяғынан тұрғызды. Бірнеше жылдар бойы мемлекеттік арнаулы дарынды балалар мектебі деген мәртебісіне қол жеткізе алмай келді. Мектепке осы мәртебені Мамашева жүгіріп жүріп алып берген болатын.

Келесі Талғат Қараш есімді ата-ана: “Бұл мектепте соңғы жылдары еуропалық “Арфа” деген аспап енгізіліп оқытылып жатыр. Менің балам қабілетіне қарай осы арфаны меңгеруде. Ертең басқа басшы келіп, мұндай аспаптың қажеті жоқ деп тоқтаптып тастаса, менің баламның болашағы не болады? “деп алаңдаулы көңілін білдіреді.

Осы мәселеге байланысты «Азаттық» радиосына берген жауабында Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова “Білім министрлігіне қарасты барлық мекемелерде қызметке тағайындау тек байқау арқылы жүргізілетін болады. Мамашеваның еңбек келісім-шарты шілденің 1-інде аяқталды. Алдағы байқауға қатысамын десе ол кісінің мүмкіндігі бар” деді.
XS
SM
MD
LG