Accessibility links

Қазақстандық басылымдар Н. Назарбаевтың туған күніне кеңінен орын беруде. Шілденің 6-күні президент Назарбаев 65-ке толды. Мысалы, «Казахстанская правда» газетінің 14 беттен тұратын бүгінгі саны түгелдей дерлік мемлекет басшысының туған күніне арналып, оны әртүрлі жағдайда бейнелеген 27 фотосурет басып шығарған. Кейбір сарапшылар бұл кезекті президент сайлауы алдындағы насихат десе, келесілері бұл орынды құбылыс деген пікірлерін білдіреді. Саясаттанушылардың қайсібірі Назарбаевтан басқа беделді үміткер жоқ десе, келесілері оның осы сайлауға қатысуға мүлде қақы жоқ деп отыр.

Украина, Қазақстан, Беларусь және Ресей әлеуметтанушылары саясаткерлердің беделін анықтау үшін сауалнама жүргізді деп хабарланады. Әлеуметтанушылардың айтуынша, Қазақстан тұрғындары сауалнамаға қатысқан ел тұрғындарымен салыстырғанда өз болашағына сенімді. Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Оппозиция өкілдері президент Назарбаевтің соңғы кезде Қазақстан облыстарын шарлауы және басылымдардағы сауалнамалар сияқты мәліметтерді президенттің сайлау науқаны қарсаңындағы әдейі жасалып отырған насихат деп есептейді. «Әділетті Қазақстан» қозғалысына қосылған саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, президент жүргізіп жатқан насихат бір жақты:

- Осы күндері Назарбаевтің отбасына қарайтын телеарналарды қарасаңыз күнде таңертең және кешке Назарбаевты уағыздайтын хабарлар беріліп жатыр. Заңсыз насихат төгіліп жатыр. Сол ақпарат құралдары оппозициядан бір адамға ондай уақыт бөлмей отыр.

Осыған дейін өткізілген президенттің баспасөз маслихатына қатысқан әрбір журналистке президенттің соңғы жарияланған «Еуразия жүрегінде» атты кітабы мен елдегі реформалар жазылған компьютерлік диск таратылған-ды. «Атамекен» кәсіпкерлер одағында жұмыс істеп жатқан саясаттанушы Берік Әбдіғалдиевтің айтуынша, бұл насихат емес, өйткені сайлау алдындағы насихат өзгеше болады дейді ол:

- Насихаттың ерте-кеші жоқ. Ал, жаңа тұлғалар сайлау алдында көп уәде береді. Ал, Назарбаев уәде беріп жүрген жоқ.

Ресми мәлімет бойынша, президент Назарбаевтың жолдауын халыққа түсіндіріп жүрген бір топ шенеунік бар. Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, соңғы кезде насихаттың тым көп болып кеткендігі президенттік сайлаудың осы жылы өтетіндігін құптайды. Және бұл додаға басқа үміктерлер қатысуы керек еді дейді ол. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, Назарбаевтан басқа қайраткерлер соңғы кезде сынға ұшыраған:

- Көптеген қайраткерлер қазақ мәселесін көтермейді. Кейбір қайраткерлер қайта жекешелендіру өткізбекші. Кейбіреуінде демократиялық пиғылы жоқ па деп қаласың. Осының бәрін ойласаң, қазіргі жағдай қолайлы.

Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, Назарбаевтан басқа үміткерлер көп және президент бұл жолы сайлауға мүлде түспегені жөн:

- Оның орнына келетін азаматтар жеткілікті. Нұрекең осы жолы сайлауға түспеу керек еді. Оның хақысы да жоқ заң бойынша, адамгершілігі жағынан да бұл келіспейді. 65-ке келгенсоң дем алуға болады.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалдиевтің айтуынша, Назарбаевқа тең тұлға жоқ:

- Тарихта жасқа қарамайды, саяси мерзімге қарамайды. Мәселен, Сингапурды 30 жыл басқарған Ли Куан Ю-ді мысалға келтіреді. Ал, сайлауға түсе алатын тұлғалар бар, тек оппозицияда емес, билікте де бар. Бірақ, елге деген беделі мен ықпалы жағынан ондай тұлға жоқ.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, тарихта әділдігімен ерекшеленген адамдар қалады. Және туыстарына көп қызмет бермеген президенттер белгілі болады дейді ол. Ал, жарияланып жүрген ақпарат бойынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері туралы мәлімет көп емес. Бұрынғы үкімет басшысы, ал қазірде Назарбаевқа оппозицияда жүрген Ә.Қажыгельдиннің сайтында, қазіргі Қазақстан президентінің көптеген туыстары жоғары лауазымды шенеунік немесе үлкен кәсіпорындардың иелері екені жайлы ақпараттар бар. Әйтсе де, саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, Назарбаевпен таласқа түсе алатын үміткер жоқ:

- Сайлаудың қаншалықты Еурапоның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талабына сәйкес екенін айту қиын. Бірақ, халық алдында сүйкімі бар. Одан басқа қайраткер көрінбейді.

Оппозиция өкілдері болса, бұрынғы Кеңес одағы территориясындағы президенттер бәрібір көп ұзамай ауысады деген пікірде.
XS
SM
MD
LG