Accessibility links

Қырғызстан президентін сайлауға дауыс беруге Қазақстанда жүрген қырғыз азаматтары да қатыспақ


Енді үш күннен кейін, шілденің 10-күні, Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл сайлаудың ерекшелігі - дауыс беруге шетелдерде жүрген Қырғызстан азаматтары да қатысатын болады. Шілденің 6-күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері жексенбі күні өтетін сайлауға толығымен дайын екендіктерін айтты.

Қырғызстандық Жұман Айтуарқызының Алматыдағы орталық базарда аяқ-киім сатуды кәсіпке айналдырғанына биыл алты жыл болды. Ол ай сайын жиған-терген ақшасын Қырғызстанда орта білім алып жатқан төрт баласына жіберіп тұрады. Өз Отанында отбасына жеретлік табысы бар жұмыс табудың қиын екенін айтқан Жұман апай, биылғы шілденің 10-ында өтетін президент сайлауынан көп үміт күтеді:

- Бәрі барып қатысса, елдегі жағдай өзгеретін шығар. Біз Қазақстанда жүріп үйреніп қалдық қой.

Жұман апай бұл базарда жалғыз емес. Өзі сияқты Қырғызстаннан келген біраз қыз-келіншектер бар. Олар да президент сайлауына бір адамдай ат салысамыз деп отыр.

– Біздің дайындығымыз жақсы. Шілденің 10-күні «Барыс» базарындағы сайлау орнына барып дауыс береміз.

– Оныншы июльде болады деп жатыр ғой. Сайлаймыз президентімізді.

– Бәрі Қырғызстаннның азаматы болған соң сайлауға баруға міндетті. Бәрі барып қатысса жақсы болтын еді, - деп, олар президент сайлауына баратындарын білдірді.

Қазақстандағы Қырғызстан азаматтарына дауыс беру мүмкіндігі биыл алғаш рет беріліп отыр. Осы уақытқа дейін күнкөріс қамымен Қырғызстаннан шетел асып кеткен азаматтар саны қазір шамамен 500 мыңнан 700 мыңға дейін жетіп жығылады дейді Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері.

Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің сайлауға байланысты жауапты хатшысы, вице-консул Байқадам Курамаев өз еліндегі еңбек миграциясына ең алдымен әлеуметтік жағдайдың төмендеп кетуі себеп дегенді айтады:

- Қырғызстанда жағдай ауырлап кетті, жұмыс жоқ. Халықтың барлығы шетелге жұмыс үшін кетіп жатыр. Жұмыс істегісі келеді, еңбек еткісі келеді. Ресей мен Қазақстанда жағдай жақсы, сондықтан халықтың басым бөлігі осы елдерге кетіп, жұмыс жасап, ақша тауып, Қырғызстандағы отбасыларына қаржы жіберіп жатады.

Қырғызстан вице-консулының айтуынша, қазір Қазақстандағы елшілікте құрамы он бес адамнан тұратын сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр.

– Қазақстан бойынша екі сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Біріншісі - Алматыда, ал екіншісі Астанада.

Ал Қазақстанда тұрып жатқан Қырғызстан азаматтарының нақты санына келсек, ол жайлы мәліметті елшілік қызметкерлері бере алмай отыр. Олардың айтуынша, қазірде тек Алматы қаласының өзінде тұрып жатқан Қырғызстан азаматтары 4 мыңнан астам көрінеді. Тағы алты мыңға жуығы - екі ел арасында келіп-кетіп жүретіндер. Сондықтан, дәл сайлау күні дауыс берушілер саны күрт өсіп кетуі де мүмкін дейді қырғыз вице-консулы Курамаев. Ал, Қырғызстан төлқұжаты бар кез-келген адам алдын-ала тіркелмей-ақ дауыс беруге құқылы дейді вице-консул Байқадам Курамаев:

– Негізі, Қазақстанда Қырғызстан азаматтры көп, бірақ, бізге келіп арыз бергендері 3000-ға жуық. Біз дауыс беруге өтініш білдіргендер жайлы Қырғызтандағы орталық сайлау комиссиясына ақпарат беруміз қажет. Әзірше, шамамен 3000-нан асады деп отырмыз.

Қырғызстан азаматтарының мұндай белсенділік танытуын қазақстандық саясаткер Берік Әбдіғалиев былайша түсіндереді:

- Мүмкіншілік болса олар сайлауға барынша қызығып қатысады. Өйткені, бұл сайлау шиеленісті саяси ахуалда өтейін деп жатыр. Сондықтан, бұның нәтижесі Қырғыз елінің болашағымен тепе-тең. Өйткені, оның әлеуметтік–экономикалық дамуы мен саяси жағдайының тұрақтануы дәл осы сайлауға байланысты болып тұр. Ал, бұл сайлауда бүкіл ел болып, халық болып ортақ тоқтамға келер шешім қабылданбаса, онда ол бүкіл Орта Азияда үлкен тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.

Шілденің 10-күні Алматы мен Астана қалаларындағы сайлау учаскелері таңғы сегізден кешкі жетіге дейін жұмыс жасайтын болады.
XS
SM
MD
LG