Accessibility links

Қазақстан полициясы өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Лутфулло Шамсуддиновты қамауға алды


Өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Лутфулло Шамсуддинов Әндіжан оқиғасынан кейін өз еліндегі биліктің кәрінен қашып, Қазақстанға отбасымен бой тасалап келген екен. Осында келген соң БҰҰ-нан босқын мәртебесін алған Лутфулло Шамсуддиновты шілденің 4-і күні қазақстандық полиция ұстап, Алматы қаласындағы уақытша қамау абақтысына отырғызды.

Әндіжан оқиғасы туралы тәуелсіз зерттеу жүргізген өзбекстандық адам құқығын қорғаушы мамыр айының аяғында, Әндіжан оқиғасынан соң өзіне жасалған қысымдардан кейін елін тастап, 4 баласы және зайыбымен Қазақстанға бассауғалап, Алматыны паналаған екен.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының аймақтық басқармасындағы Адам құқықтары жөніндегі маман Наталья Зайперт өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Лутфулло Шамсуддинов босқын мәртебесін алу жөнінде аталмыш ұйымға мамырдың 26-сы күні өтініш жасағандығын айтады. Ал тура бір айдан соң БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Лутфолла Шамсуддиновке “босқын” мәртебесін беріп, оны өз қамқорлығына алған.

- Бірақ, соған қарамастан, Алматы полицейлері шілденің 4-і күні оны қамауға алған. Бір бегілі жайт - мамыр айының аяғында Өзбекстан үкіметі Шамсуддиновқа іздеу жариялаған болатын. Алматы полицейлерінің Шамсуддиновтв тұтқындау себебі әзірге белгісіз. Дәл бүгінгі күні Лутфолла Шамсуддинов уақытша қамау абақтысында отыр, - деді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының аймақтық басқармасының Адам құқықтары жөніндегі маман Наталья Зайперт сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына.

Наталья Зайперт халықаралық ұйым өкілдерін Л.Шамсуддиновтың тағдыры алаңдатып отырғандығын айтады. Ол босқындар мәртебесі жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойған Қазақстан босқындарды өзге елдерге ұстап беруге құқығы жоқ дейді. Наталья Зайперт өзі жұмыс істейтін халықаралық ұйым тарапынан Лутфолла Шамсуддиновтың ұсталуына байланысты Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігіне нота жіберілгеннін айтып отыр.

- Дәл қазіргі уақытта Қазақстан жағымен осы іске байланысты келіссөздер жүріп жатыр, - дейді Зайперт ханым.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі аймақтық басқармасы Л.Шамсуддиновке пана болатын үшінші мемлекетті іздеп, сұрау салып отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG