Accessibility links

Абақтыдағы тұтқындардың өз тамырларын кесіп, қарындарын жаруына байланысты ресейлік түрме басшысы қызметінен алынды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Мәскеуден 500 шақырымдай жердегі Льгов қаласы маңайындағы түрмеде жүздеген тұтқын ондағы күзетшілердің қатыгездік тірліктеріне шыдай алмай, наразылық шарасы ретінде, өздерінің тамырларын, денелерін кескілеген.

Маусымның 26-27-і күндері Льгов қаласында болған ол наразылық кезінде қамаудағылар өздерінің мойын, қарын, білектерін ұстарамен кесіп қанжоса еткен. Кейбіреулері өткір заттар, темір сынықтарын да жұтқан. Онымен шектеліп қалмай, олар жаппай аштық жариялаған. Мұндай шаралар Ресейде сирек емес, бірақ жүздеген тұтқынның бір кезде жаппай үдере көтерілуі және өздерін қанжоса етуі өте сирек оқиға екен.

Түрме әкімшілігі өздерін ұстарамен кескілегендер 300-дей десе, адам құқықтары ұйымы өкілдері ондай жантүршігерлік жағдайға барғандар 800-ден асқан деп айтады. Денесін кесіп, қан ағызғандардың арасында 3 күндік қана қамау мерзімі қалған Саша Малыгин да бар екен. Оның тілшілерге айтуынша, түрме басшылығы күзетшілерге жәрдемші ретінде бірқатар адамдарды сатқындық жұмысқа мәжбүрлемек болған. Ондай қорлыққа шыдай алмаған олар осындай жағдайға барған.

- Ондай ұсынысқа қарсы болған жігіттерді таяққа жықты. Шыдай алмаған олар өз тамырларын кесуге кірісті. Ал, оларға дәрігерлік көмек берудің орнына олардың бәрін азаптау камерасына тықты, - дейді Саша.

Оның айтуынша, тұтқындар енді бүкіл денелерін кесе бастаған. Ал олардың саны 800-ден асса, 1300-дей адам аштық жариялап жіберген. Кейбіреулері темір сынықтарын жұтуға кірісті дейді Саша. Ол тілшілерге өз денесіндегі кесік, жараларды көрсеткен. Осы оқиғадан кейін бірден тергеу басталып, күзетшілердің абақтыда жатқандарды аямай азаптағандықтары анықталған. Нәтижесінде түрме басшысы Юрий Бушин екі орынбасарымен қоса қызметінен алынған. Қылмыстық әрекеттерді анықтау іс-шарасында Адам құқығы үшін деген топ ерекше қызмет жасаған. Бірақ, азап шеккен ол азаматтардың отбасы мүшелері, туыстарына ешқандай дәйекті мәлімет жетіп үлгірмепті. Бұл арада ондаған тұтқынды басқа бір белгісіз жаққа алып кеткен.

Льгов түрмесіне қамалған Николайдың анасы Татьянаның айтуынша, оның ұлының денесінде ауыр жарақат орындары әліге дейін бар, бірақ ешқандай дәрігерлік көмек болмаған.

- Ол маған қолын көрсетті. Сол қолы бес жерден кесілген. Әлі де қан ағады. Неге өйттің десем, қарным шаншып ауырады, бірақ біз түрме бастығы Бушин кетпейінше аштықты тоқтатпаймыз деп сіресіп отыр, - дейді тұтқын анасы Татьяна.

Мәскеудегі Адам құқықтары ұйымының атқарушы директоры Лев Пономоревтың айтуынша, оның тобы күн сайын абақтыдағы мұндай сұмдық, жантүршігерлік жағдай жөнінде ондаған хат алады екен. Онда түрме әкімшілігі еш себепсіз тұтқындарды тыр-жалаңаш шешіндіріп тінтитіні жазылған. Пономоревтың айтуынша,таяқтан аяқ-қол, қабырғасы сынған, денесі қанталаған тұтқындардың сондай адам шошитын жағдайда үйлеріне, ауылына қайтатындары да аз емес екен. Лев Пономарев Ресей түрмелеріндегі жағдайды сұмдық, кісі шошырлық дейді:

- Жақында мен сотқа дейін қамауда ұстайтын жерде үш есе көп тұтқынның отырғандығы жөнінде оқыдым. Олар орын жоқтықтан кезектесіп ұйқтайды екен. Ондай азаптан құтылатын кез алыс көрінеді.

Ал Льговта болған қантөгісті жағдай, жаппай өздерін азапқа салу, денелерін кескілеу жөніндегі хабар ресейліктердің ашу-ызасын туғызды. Мұның арты үлкен жанжалға ұласуы мүмкін дейді құқық қорғаушы.

- Біздің қызметкерлеріміз не істерін білмейді. Барлық түрмелерден телефон шалып, сіздердің келіп көмек беріп, тәртіп орнатуларыңыз үшін біз де өз қарнымызды жарып, тамырымызды кесуіміз керек пе дейді олар. Льговтағыдай садист, қаныпезер адам біздің түрмені де басқарады, біз таяққа тойдық деп шағым айтады бізге. Біздің телефон сондай жанайқайынан босамайды, - дейді Пономарев.

Ресейлік және халықаралық адам құқықтары ұйымдары Ресей түрмелеріндегі мұндай кісі төзгісіз жағдай жөнінде үздіксіз жариялап, сынап келеді. Бірақ, кейбір өзгерістерге қарамастан, Ресей абақтыларындағы нашар жағдайдан түрлі ауруға кезігіп, тіпті СПИД, туберкулез жұқтырып қайтатындар да аз емес. Оның үстіне түрме басшылары мен күзет қызметінің мейрімсіздігінен, жоғарыда айтылғанындай, ондағы тұтқындар, ең ауыр шараларға дейін барады екен.
XS
SM
MD
LG