Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.07.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Орта Азия елдерінде болып жатқан оқиғаларға қатысты сараптама мақалалар жарық көріпті. Кейбір басылымдар енді үш күннен кейін Қырғызстанда өтетін президент сайлауына көбірек көңіл бөлсе, кейбір газеттер Шанхай Ынтымақтастық ұйымының аясында өткен саммитте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың арасында өтуге тиіс келіссөздің не себептен болмай қалғандығына айрықша назар аударыпты.

“Московский комсомолец в Казахстане” басылымында жарық көрген мақаласында Виктор Баранов Қырғызстанда өтетін президенттік сайлауға үш күн қалғандығына тоқталып, президенттің міндетін атқарып отырған Құрманбек Бакиевтің негізгі қарсыластарының бірі Жүсіпбек Шәріповтың осыдан бірнеше күн бұрын өз кандидатурасын алып тастағандығына айрықша назар аударыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Құрманбек Бакиевтан басқа, Қырғызстанда өтетін президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген алты үміткер де халыққа танымал тұлғалар емес. Қырғызстандағы президенттік сайлауға қатыстатындардың әрқайсысына тоқтала келіп мақала авторы, шын мәнісінде билікке келуге үміт білдіргендер, түрлі себептермен қатыста алмады деген қорытынды жасапты.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген мақаласында Жұлдыз Әбділда Қазақстан Республикасы Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың “Хабар” телеарнасының “Жеті күн” бағдарламасына берген сұхбатын сынға алыпты. Автор өз мақаласында Ермұхамет Ертісбаевтың Қазақстанды көрші Қырғызстанмен немесе Өзбекстанмен салыстырудың еш реті жоқ екендігі туралы ойын білдіріпті. Мақала авторының айтуынша, ұлан-байтақ жері бар Қазақстан мемлекеті әлемдегі ең бай елдердің бірі болса да, осыншама байлықтың заңды иегерлері Сейфуллин мен Рысқұлов көшелерінің бойында жұмыс таба алмай тентіреп жүр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, өткен он бес жылдың ішінде Қазақстанда бүкіл елдің қажетін өтей алатын бірде-бір өндіріс орны ашылмапты.

Ал, “Литер” басылымында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының аясында өткен саммитте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың арасында өтуге тиіс келіссөздің болмай қалғандығы хабарланыпты. Мақала авторы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімовтың қандай мәселелерді талқылағысы келгендігі туралы өз ойын білдіріп, Өзбекстан Президентінің Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті аяқталай жатып кетіп қалғандығын осы оқиғамен байланыстырыпты.

“Айқын” газетінде жарық көрген Кәмшат Сәтиеваның талдау мақаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының төрағасы Род Редмондтың қазақстандық билікке Латфулло Шамсутдиновты Өзбекстанға бермеуін талап етіп отырғандығы баяндалыпты. Естеріңізге сала кетейін, Әндіжандағы оқиғаның куәгері болған Латфулло Шамсутдинов жақында өзінің отбасымен Қазақстанға көшіп келген. Ал, Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі Латфулло Шамсутдиновты Әндіжандағы оқиғаға байланысты жалған ақпарат таратты деп санап отыр. Олардың айтуынша, ол өзінің мақсатын жүзеге асырғаннан кейін, отбасымен Қазақстанға қашқан. Осы тұрғыда Өзбекстан Қазақстаннан оны өздеріне қайтаруды сұрауда. Осыған орай мақала авторы Қазақстанның қандай әрекет қолданатынын ашық айтпай отырғандығын баяндапты. Оның себебін мақала авторы Америка Құрама Штатының Қазақстандағы елшісі Джон Ордвейдің Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссариатының төрағасымен Шамсутдиновке ресми түрде “босқын” деген мәртебе берілгендігімен түсіндіріпті. Мақала авторының айтуынша Босқындар жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес Қазақстан Өзбекстанға оны қайтармауға тиіс.

“Свобода слова” апталығында жарық көрген мақалада Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың Әндіжанда орын алған қанды қырғын оқиғадан кейін, Батысқа қыр көрсетіп, Ресей және Қытай мемлекетімен одақтаса бастағандығы туралы болжам жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, НАТО, Еуроодақ, ОБСЕ мен кейбір американдық саясаткерлер Әндіжандағы қанды қырғын оқиғадан кейін тергеу жүргізу қажеттілігі туралы бастама көтергенен кейін, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов осындай қадамға барып отыр. Газет тілшісінің хабарлауынша Ресей мемлекеті Өзбекстанмен бірігіп, үстіміздегі жылы жазда әскери ойын өткізбекші.
XS
SM
MD
LG