Accessibility links

АҚШ журналисі өзіне ақпарат берген бұлақ көзін атауға мәжбүр болды


Осыдан екі жыл бұрын өзіне ақпарат берген Орталық барлау агенттігінің қызметкерінің атын американдық бір журналист айтып қойған болатын. Бұл әрекет өз кезегінде АҚШ заңдарына қайшы келеді. Өзі және басқа да журналистер ақпаратты Ақ үйдегі бұлақтардан алды деген еді. Содан бергі аралықта сот тарапы тағы екі журналистен бұлақтарын айтуды талап етіп, қыспаққа алуда. Бұлағын айтпау жөнінде журналистер хұқын қорғайтын арнайы заңның қабылдануын сөз бостандығының күрескерлері талап етіп отыр.

Баспасөз бен сот арасындағы қазіргі текетірес АҚШ үшін соны оқиға емес. Мысалы, 1960-шы және 1970-ші жылдары Вьетнам мен Уотергейт оқиғаларына байланысты небір шайқастардың болғаны белгілі. Соңғы жанжал нәтижесінде елбасы Ричард Никсон биліктен кетіп тынған болатын. Ал, журналистердің арнайы хұқықтары, жеңілдіктері болуы керек деген идея одан да ежелден келе жатыр.

Орталық барлау агенттігі офицерінің атын айтып қойған журналист Роберт Новак өз мақаласы үшін тергеуге тап болған еді. Алайда, оған әлгіндей құпия қызмет офицерінің атын айтып қойғандығы айып ретінде тағылмаған екен. Ал, одан басқа екі журналист бақылау астында қалады. Олар – «Нью-Йорк таймстың» қызметкері Жюдис Миллер және «Тайм» басылмының лының журналисі Масью Купер еді.

Олардың екеуі де Ақ үй өкілі Орталық барлау агенттігі қызметкерінің атын жариялап қоятын жиналысқа қатысқан екен. Ол оқиға жөнінде бұл журналистер ешнарсе айта қоймайды. Алайда, сот мүшелері бұл қос журналист өкімет өкілі тарапынан құпия қызмет офицерінің әшкереленген оқиғасына, яғни федералдық қылмыс үдерісіне куә болған шығар, деп ұйғарады. Миллер ханым мен Купер мырза журналистикадағы құпия бұлақты сақтау хұқына сүйене отырып, сол АҚ үйдегі жиналыста жазбаларын түсірген қойын даптерлерін сотқа көрсетуден бас тартады. Олай болған жағдайда Ақ үй өкілінің аты да белгілі боп қалатын еді. Алайда, сот мүшелері егер бұлақ көзін көрсетпеген жағдайда, белгілі бір уақытқа түрмеге жабылулары мүмкін екендігін айтып, әлгі журналистерге қысым көрсете бастайды.

Қазіргі кезде АҚШ-тың бірнеше штаттарында журналистерді қорғайтын немесе оларға айрықша хұқық беретін заңдар бар. Алайда, баспасөз бостандығын қорғаушы белсенділер бүгінгі таңда Конгресс тарапынан жалпы ұлттық деңгейде журналистердің өздері пайдаланған бұлақ көздерін құпия ұстауға мүмкіндік беретін заңдарды шығаратын кезі келді деп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, мектепте, университетте журнализмге машықтанған кездерінде олар мұндай айрықша жағдаймен бетпе-бет келмейді. Сондай-ақ, олар бұл тақырып бойынша арнайы тест те тапсырмаған. Нью-Йоркте орналасқан журналистерді қолдау комитетінің атқарушы директоры Анн Купер ханым, егер журналистердің өз бұлақ көздерін жариялауы міндетті болатын болса, онда сұмдық жағдай қалыптасар еді дейді.

- Мұның шын мәнінде әлемдік әсері болар еді. Себебі, баспасөз бостандығы мәселесінде әлем Құрама Штаттарына қарап отыр. Бізде баспасөз бостандығына байланысты әлем бойынша мықты дәстүр қалыптасқан. Егер ол дәстүрлер әлсірер болса, оның шын мәнінде тұтас әлемге сөзсіз әсері болады. Ол авторитарлық биліктерді күшейтеді. Олар бәрін өзгертіп тастап, содан кейін: “Баспасөз бостандығы жөнінде бізге ешнәрсе демеңдер. Қараңдар бұған байланысты АҚШ-та не болып жатқанын дер еді, - деді сарапшы Купер.
XS
SM
MD
LG