Accessibility links

Еуропа одағы мен Қытай байланыстары ұйымның кезекті отырысында қаралды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Еуропа одағының Сыртқы істер бойынша өкілдері сәрсенбі күні Страсбургте болған кездесуі барысында Қытаймен өзара байланыс мәселесін талқылады. Алайда Азиядағы бұл алып елге қарсы әскери эмбарго жариялау мәселесі күн тәртібіне қойылған жоқ. Аталған сауал өткен айларда шешілгендей болып еді. Бірақ, одан бергі аралықта Еуропа одағының өз басында болып жатқан шырғалаңдар, оның ішінде Ата заңының тағдыры Қытайға қатысты ембаргоның жүзеге асырылуын кейінге ысырып қойғандай.

Еуропа одағының атқарушы органы - Еуропа комиссиясы әдетте Брюссель мен Бейжің арасындағы тығыз байланыстарды қызу қолдаушы еді. Қазір жағдай өзгерген. Шілденің 6-сы күні Еуропа Парламенті алдында, Страсбургте сөйлеген сөзінде Еуропа одағының Сыртқы істер бойынша комиссионері Бенита Ферреро-Валднер ханым Қытайдың экономикалық дамуы аймаққа қиындықтар әкелуі мүмкін деді. Оңтүстік-шығыс бойынша өршіп келе жатқан ұлтшылдық ағымы тек Қытайда ғана емес, сондай-ақ Оңтүстік Корея және Жапонияда да біраз бой көрсетіп, екі жақты қақтығыстарды туындатуы мүмкін деді комиссионер. Қытайда өткен айда болған Жапонияға қарсы көтерілістерді мысалға келтіре келіп, Ферреро-Валднер ханым коммунистік жүйе әлсірей бастаған тұста ресми Бейжің ұлтшылдық идеясын халықты біріктіру құралы ретінде пайдаланып отыр деген ойын айтты.

Алайда, мұндай алаңдаушылықтар Еуропа одағының Бейжіңге байланысты ұзақ мерзімге арналған стратегиялық әріптес ретіндегі көзқарасын өзгерте алмайды деді ол. Ал, Құрама Штаттары үшін Қытай бәсекелес ретінде бағалануда. Тяньаньмың алаңына шыққан студенттерді 1989-шы жылы күшпен басқаны үшін Қытайға Еуропа одағы тарапынан қару сату эмбаргосы жарияланғаны белгілі. Ресми Вашингтон болса, осы тиымды алып тастауды талап еткен болатын. Алайда, Брюссель ондай талапты орындаудан бас тартты.

- Қару сатуға жасалған тиымға байланысты Еуропа кеңесінің желтоқсандағы қорытындысында айқын түрде айтылған. Қытайға шығарылатын қарулардың саны мен сапасында ешқандай өзгеріс болмайды. Демек, оны алып тастау жөніндегі болашақта қабылдануы мүмкін шешімдер Шығыс Азиядағы қауіпсіздік жағдайын өзгертпейтін болады, - деді Еуропа одағының өкілі Ферреро-Валднер ханым.

Еуропа одағына қазіргі кезде Британия төрағалық етіп отыр. Бұл ұйымдағы Британияның жаңа министрі Дуглас Александр Страсбургте сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қытайдағы адам хұқының жайын сынға алды. Ой-пікір, діни көзқарас және жиналыс өткізу бостандығының болмауы сияқты жағдаяттарға Еуропа одағының алаңдаушылық білдіре беретіндігін Александр ескертті. Өлім жазасы мен жан және тән қинауларының қолданылуы - алаңдатарлық жағдай, дей келіп, Тибет пен Шыңжаң, яғни Шығыс Түркістандағы қалыптасып отырған оқиғаларға да тоқталып өтті. Сондай-ақ, Тайван аралы ресми түрде тәуелсіздік жарияласа, онда күш қолдану жөнінде Бейжің қабылдаған шешімді де ресми тұлғалар сынап өтті. Дей тұрғанмен, Қытаймен тығыз байланыста болу Еуропа одағы үшін аса маңызды екендігін де шешендер сәрсенбідегі отырыстарында баса айтты. Екі жақ арасындағы байланыстардың болашағын талқылайтын саммит алдағы күзге белгіленген. Қытайдың аймақтағы ықпалын қос Корея арасындағы теке-тірестерді азайтуға пайдалану ниеті де бар бұл ұйымда.
XS
SM
MD
LG