Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.09.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Апта соңында жарық көрген басылымдарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 65 жасқа толғандығына орай әртүрлі мақалалар жарық көріпті. Лондонда орын алған жарылыстар да сенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты. Қазақстандық басылымдарда теракт салдарынан қаза тапқандардың санын анықтау мүмкін болмай отырғандығы айтылыпты.

“Сеть kz” апталығында жарық көрген Фарид Мұртазаның мақаласында қанша мойындағысы келмесе де, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінің соңғы кезеңі аяқталып келеді деген қорытынды жасалыныпты. Автор өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірінде мақтап айтуға тұрарлық кезеңдердің де болғандығына тоқтала келіп, қазіргі уақытта оның бойында ашу-ыза, орын алып жатқан оқиғаларды түсінбеу, өзінің өмірі үшін келешектегі өзгерістерден үрейлену секілді сезімдердің ғана қалғандығы туралы пікірін білдіріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, өзін-өзі осындай тығыраққа тіреген Нұрсұлтан Назарбаев түрлі жағдайларға байланысты келешекте шет елге қашып кетуі немесе тіпті түрмеге де отыруы ықтимал. Мақала авторының айтуынша, дәл қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауының мерзімін тағы бір жылға соза алмайды. Оның себебін мақала авторы, ондай жағдайда оппозиция өкілдері мен халықаралық қауымдастықтың Нұрсұлтан Назарбаевты антиконституциялық төңкеріс жасап, бір жыл заңсыз отырды деп айыптауы мүмкін екендігімен түсіндіріпті. Мақала авторының болжамына сүйенсек, алдағы президенттік сайлау да бұрмалаушылықтар мен заң бұзушылықтар негізінде өтетіндігі, қазіргі кезден-ақ белгілі бола бастады. Сондай-ақ мақала авторы алдағы президенттік сайлаудан кейін, мыңдаған адамдар наразылық білдіріп көшеге шықса, Қазақстанда тіпті Әндіжандағыдан да сорақы оқиғалардың орын алуы мүмкін екендігі туралы пікірін білдіріпті. Мақала авторы Қырғызстан мемлекетінің келешекте нағыз демократиялық жолға түсуі мүмкін екендігіне де тоқтала келіп, осы оқиғаның Нұрсұлтан Назарбаевтың алаңдаушылығын туғызып отырғандығын атап өтіпті.

“Егемен Қазақстан” басылымының сенбі күнгі санында “Феномен” деген тақырыпен дүниежүзіндегі елдердің мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлерінің, дін қайтаркерлері мен белгілі кәсіпкерлерінің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері беріліпті. Лондонда орын алған жарылыстар да сенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

“Литер” басылымы “Лондонда орын алған терактілерге байланысты Қазақстанда қауіпсіздік шараларын күшейту қажет пе” деген сауал қойып, ресми адамдар мен саясаткерлердің пікірін беріпті. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров “Литер” басылымына берген сұхбатында, әрбір орын алған террористік шабуылдың басқа елдердің де қырағы болуын талап ететіндігіне тоқтала келіп, Қазақстанда халықаралық террористік ұйымдардың пәтерлері мен бөлімшелерінің жоқ екендігін хабарлапты. Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың пікірінше, басқа елдерде терактелердің орын алып жатқандығы немесе жатпағандығына қарамастан, Қазақстан әр уақытта да қырағы болуы тиіс. Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Айқын” басылымында “Лондонда теракт болуы мүмкін бе?” деген Кәмшат Сәтиеваның талдау мақаласы жарық көріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Лондондағы лаңкестік актіден соң полицейлер тағы да екі жарылғыш затты залалсыздандырған. Газет тілшісінің хабарлауынша, теракт салдарынан қаза тапқандардың санын анықтау мүмкін болмай отыр. “Лондонның ресми мәлімдемесінде 38 адам шейіт болған делінсе, Австралия премьер-министрі Джон Говардтың айтуынша 52 адам қаза тапқан. Ресми тұлғалардың мәлімдемесінде жараланғандардың саны 700 деп берілсе, лондондық жедел жәрдем қызметі жарақат алып түскендердің саны мыңнан асады” деп айтуда” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, Лондондағы жарылыстың себеп-салдарлары туралы да түрлі болжамдар жасалынып отыр. Ресей саясаттанушылары оған “Ұлыбританияда өтіп жатқан “үлкен сегіздік” саммитіне қарсы жоспарланған теракт” деп баға беріп отыр.

“Комcомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Лондонда орын алған жарылыстың куәгері болған Арман атты қазақстандық азамат туралы мақала жарық көріпті. Мақалада Лондонда жұмыс істеп жүрген 24 жасар Арманның метроға түскен кезінде, поезға кешігіп қалғандығы, алайда сол поезда бірер минуттың кейін жарылыс болғандығы айтылыпты. Арманның айтуынша, жұртпен бірге қашып сыртқа шыққанда ғана, ол поездың жарылғандығын түсінген.
XS
SM
MD
LG