Accessibility links

Қырғызстанда өткен президенттік сайлаудың Қазақстанға тигізетін әсері қандай болмақ?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Алдын-ала алынған мәліметтерге сүйенсек, Қырғызстанда өткен президенттік сайлауға сайлаушылардың 74,6 проценті дауыс беруге келген. Республиканың оңтүстігіндегі Баткен, Ош және Жалал-Абад облыстарының өкілдері айрықша саяси белсенділік танытып, бұл облыстарда сайлаушылардың 86-88 проценті дауыс берген. Дауыс беру барысын 947 халықаралық және 15 мыңдай жергілікті бақылаушылар қадағалапты. Қырғызстандағы президент сайлауы туралы ақпараттар тарату үшін 107 БАҚ атынан 281 шетелдік журналистер қатысқан.

Қазақстандық кейбір сарапшылар, Орта Азия елдерінің ішінде тұңғыш рет Қырғызстанда президент сайлауы халықаралық талаптар негізінде өткізілді деп атап көрсетіп отыр. Қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Масанов Қазақстан мемлекеті Қырғызстанда өткен осы президент сайлауынан алдағы уақытта үлгі алуы тиіс деп санайды. Оның пікірінше, Қырғызстандағы сайлаудан кейін, Қазақстандағы президенттік сайлауды ескі жүйемен, яғни заң бұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар негізінде өткізу өте қиынға соғады. Масановтың ойынша, мұндай жағдайда екі елдің ішінде өткен президенттік сайлаулардың айырмашылығы бірден көзге көрініп тұратын болады.

Ал, «Ақ Орда» талдау орталығының директоры Айдос Сарымның болжамына сүйенсек, егер де ішкі немесе сыртқы күштер араласпаса, Қырғызстан мемлекетіндегі біраз уақыт бойы созылған дағдарыс, президент сайлауы өткеннен кейін аяқталуға тиіс.

«Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Қырғызстандағы президент сайлауының Қазақстанға да тікелей әсері болмақ. Оның себебін А.Сәрсенбайұлы дәл қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы қырғыз елінің экс-президенті Асқар Ақаевтың кезіндегі Қырғызстанға ұқсас ахуалды басынан кешіріп отырғандығымен байланыстырып өтті.

Ал, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев болса, Қырғызстанда өткен президент сайлауының Қазақстан мен басқа елдерге еш ықпалы болмайды деп санайды. Б.Әбдіғалиевтың айтуынша, Қырғызстандағы президент сайлауынан кейін, ол елдегі тұрақтылықты сақтап қалу - ең өзекті мәселеге айналады. Ғалым Мұрат Әуезов, қалай болған күнде де Қырғызстандағы президент сайлауынан соң ол елде демократиялық процестерді алға жылжытуда ілгерілеушіліктер болады деген болжам айтады.

Қырғызстанда өткен президент сайлауына байланысты, республикадан тысқары жерлерде 40 сайлау учаскелері құрылып, Отанынан жырақ жүрген қырғыз азаматтары да бұл сайлауда дауыс беруге мүмкіндік алды. Ал, Қазақстанда тұратын Қырғызстан азаматтары Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерінде дауыс берді. Алматы қаласында дауыс беруге қатысқан қырғыз ер-әйелдері «Азаттық» радиосына берген сұхбаттарында, Қырғызстанның келешек президенті ең алдымен елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту үшін бар күшін салуы керек деген тілек-үміттерін білдірді.
XS
SM
MD
LG