Accessibility links

Қазақстан аумағында есірткі қылмысы өршіп отыр

  • Ескендір ЕРТАЙ

Ресейдің есірткі айналымын бақылау жөніндегі қызметі Орта Азиядан Ресейге ірі көлемде героин алып өтпек болған, құрамы жеті адамнан тұратын топты әшкереледі. «Интерфакс» ақпарат көзінің хабарлауынша, шілденің 9-ында Ресейлік заң адамдары Қазақстаннан Ресей аумағына «Камаз» автокөлігіне бал салынған бидонға жасырылған, жалпы салмағы 2,5 центнер героин ұстаған.

Алайда, бұл оқиға жайлы Қазақстанның Ішкі істер министрлігіндегі есірткіге қарсы күрес комитеті мен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі өздерінің хабарсыз екендерін айтты. Қылмыстық істердің тіркелуі мен жазалануын қадағалап, бақылау жүргізіп, тіркеп отыратын орган - Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлы, Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес комитетінің есірткі және жүйкеге әсер ететін заттардың ашық айналымына тиісті дәрежеде мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ете алмай отырғандығын Бас прокуратураның тарапынан сыналғанын айтты. Бас прокуратура жүргізген тексеру қортындысында соңғы төрт жылда есірткі тасымалына қатысты қылмыс өршіп кеткені атап айтылған. Есірткінің заңсыз тасымалына ішкі істер қызметкерлерінің де қатысы барлығы жөнінде ондаған фактілер тіркеліпті. Бас прокуратураның Анықтау және тергеу заңдылықтарын қадағалау жөніндегі департамент бастығы Нұрғалым Әбдіровтың айтуынша, есірткі бизнесіне қатысты деген күдікпен құқық қорғау құрылымдары өкілдеріне қатысты қылмыстық істер қозғалғандығын айтады. Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай үш, Алматы және Қарағанды облыстары бойынша екі, Қостанай облысы және Астана қаласы бойынша бір қылмыстық іс қозғалыпты. Ішкі істер министрлігінің Қостанай облысы бойынша есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Сергей Шаповалов Ресейге 10 килә героинды өткізуге қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Ішкі істер министрлігінің Есірткіге қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, аталмыш ұйым құрылған бір жылдың ішінде 13 мың есірткі қылмысы анықталып, айналымнан 23 тоннадан аса есірткі тәркіленген. Оның 300 килограмға жуығы героин болып отыр.
XS
SM
MD
LG