Accessibility links

Бішкектегі “Манас” аэропортынан АҚШ-тың әскери базалары әкетіле ме?


Қырғызстан Республикасының жаңадан сайланған президенті Құрманбек Бәкиев, дүйсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен кезінде, Қырғызстанда орналасқан американдық әуе базаларына қатысты өз ойын білдірді. Қ.Бәкиев бұл мәселе жақында Қазақстан астанасында өткен Шанхай Ынтымақтыстығы Ұйымына мүше елдер басшыларының кезекті саммитінде өте орынды қозғалды деп мәлімдеді.

Қырғыз елінің жаңадан сайланған басшысы Құрманбек Бәкиев өз сөзінде Ауғаныстандағы ахуал дұрысталып келе жатқандықтан, Орталық Азия елдерінде американдық әскери базаларының болуының қаншалықты тиімді екендігі туралы мәселеге де тоқталған. Ресейдің “Жаңалықтар” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресейдегі Қырғызстанның елшісі Апас Жұмағұлов Бішкектегі “Манас” әуежайындағы АҚШ әскери базасының келешекте шығарылуы мүмкіндігін мәлімдеп үлгіріпті. Онда елші Апас Жұмағұлов, жақында ғана Қазақстан астанасында өткен Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер басшыларының саммитінде Орта Азия елдеріндегі ахуалдың тұрақталып келе жатқандығына байланысты, “Манас” әуежайындағы американдық әуе базасын келешекте шығару туралы бастаманың көтерілгендігіне сүйеніп, өз ойын білдірген. Бұл ойын ол сейсенбі күні «Азаттық» радиосының Қазақ қызметіне Мәскеуден телефон арқылы берген сөзінде тағы да қайталап, бірақ бұл процестің ұзақ кезеңге созылуы мүмкін екендігін ескертті.

Қырғызстанда президент сайлауына дауыс беру аяқтала салысымен жаңа билік өкілдерінің Бішкектегі “Манас” әуежайындағы американдық әуе базасының әкетілуі мүмкіндігін ауызға алуы қазақстандық сарапшылардың арасында да әртүрлі пікір туғызып отыр. Саясаттанушы Камал Бұрханов сейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, бұл мәселенің геосаяси астары күшті болғандықтан, оны шешу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін деген ойын білдірді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов Орта Азия елдерінен американдық әскери базалардың әкетілгендігін қолдаса, саясаттанушы Әзімбай Ғали, егер Қырғызстан мен Өзбекстан өз жеріндегі американдық әскери базалардан бас тартса, Қазақстан оларды өз территориясына орналастыруы ықтимал деген болжам айтады. Алайда, Қазақстан американдық әскери базаның аймақтан әкетілуін жақтап дауыс берген Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше ел екені жайлы уәжге, Әзімбай Ғали мырза, қазіргі жағдайда өз территориясында әскери базаларды орналастыру қажеттілігін әрбір дербес мемлекет өзі шешетіндігімен түсіндіреді. Ал, мұндай пікірмен қазақстандық келесі бір саясаттанушы Андрей Чеботарев келіспейтінін айтады:

- Мен Қазақстан өз территориясын американдық әуе базаларына беруге келісе қоятындығына күмәнмен қараймын. Себебі, мұндай ұсыныс Қазақстанға 2002 жылы жасалған болатын. Егер ұмытпасам, Луговой әуежайында американдық әуе базаларын орналастыру жөнінде келіссөздер жүргізілгенімен, одан еш нәтиже шыққан емес.

Ресейдің “Жаңалықтар” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Америка Құрама Штатының мемлекеттік департаментінің өкілі Том Кейси жаңадан сайланған Қырғызстан Республикасының Президенті Құрманбек Бәкиевтің өз еліндегі американдық әуе базаларына қатысты айтқан сөзіне байланысты түсініктеме беруден бас тартыпты.
XS
SM
MD
LG