Accessibility links

Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың жемсауы қайтсе бітеледі?

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан Президентінің тапсырмасымен елдегі барлық мекемелердің нормативтік-құқықтық актілері тексерілмекші. Бас прокуратура, Әділет министрлігі және қаржы полициясы бар - барлығы 36 мемлекеттік органның өкілдері республиканың барша облыстарында құжаттарды тексереді. Олардың айтуынша, басты мақсат - жемқорлықпен күрес.

Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Алданыш Нұрымовтың айтуынша, Президенттің мұндай тапсырма беруіне 2004-жылғы республикалық бюджет тапшылығының 17 миллиардқа, ал игерілмеген қаржының 42 миллиард теңгеге жетуі себеп болған көрінеді. Алайда, бұл мекеме тиісті тексеру жұмыстарын жүргізгенімен, оны аяғына дейін жеткізуге құзыры жоқ екен.

- Тексеру қорытындысын құқық қорғау орындарына өткізеді, - дейді А.Нұрымов мырза.

Алайда, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев күні бүгінге дейін мемлекеттік мекемелердің барлығына жуығы және министрліктер жанынан республикалық мемлекеттік мекеме ашып алып, «езуінен май ағып» отырғандарға «әй дер ажа, қой дер қожа» жоқ деген уәж айтады.

- Оларды ешкім тексере алған жоқ. Мекемелердегі басшылардың мініп жүрген қымбат бағалы «Jeep», «Mercedes» секілді автокөліктеріне қажетті жанар май, пәтер, котедждеріне тиесілі қаражаты, сауна, биллиард секілді жайлы жағдайлары - осындай республикалық мемлекеттік кәсіпорындары арқылы жүргізіліп келеді, - дейді оппозициялық қозғалыс мүшесі С.Әлібаев.

Жоғарғы Сот жанындағы әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Ирақ Елекеев, көптеген мемлекеттік мекемелердегі құрылған акционерлік қоғамдардың жарғысында көрсетілмеген шаруашылық істерімен айналысып келе жатқандарға енді президенттің тапсырмасымен жүргізілетін осы тексеру тоқтам салмақ дейді. Бірақ бұған «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев күмән келтіреді:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді түрде басталған күрес науқаны деген дабырамен басталған бұл іс бәлендей нәтиже бермей, тиылып қалады деп ойлаймын. Өйткені, ол алдағы Президент сайлауы қарсаңындағы биліктің ұйымдастырып отырған пиар акциясы ғана.

Ал, Жоғарғы Сот жанындағы әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Ирак Елекеев болса, мекеме ішіндегі сыбайлас жемқорлықтан құтылудың жолы - барлық министрліктер мен ведомстволардың өздеріне қатысты емес саладан құтылып, қызметкерлеріне жасалған жеңілдіктерден арылғаны жөн деген ой айтады. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент бастығы Олеги Симсивенің айтуынша, кешенді тексерудің алғашқы қорытындылары көріне бастаған. Мәселен, бір құзырлы орган басшысы өз бұйрығынан бас тартқан. Ол норма бойынша біраз уақыттан бері мекеменің лауазымды қызметкерлерінің үйлеріне телефондар мекеме есебінен орнатылып, оған төлемақы да мекеме есебінен төленіп келгендігі анықталыпты.
XS
SM
MD
LG