Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.09.2005 жыл

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ

Сейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда шілденің 10-күні Қырғызстанда өткен кезектен тыс Президент сайлауына баса назар аударылған екен.

«Құрманбек Бакиев ұзаққа сілтейтін секілді» деп бастапты республикалық «Жас Алаш» газетінің тілшісі Әмірхан Меңдеке өз мақаласын. Өзге үміткерлердің арасынан қара үзіп шыққан Құрманбек Бакиевке сайлаушылардың 89 пайыз дауысы, «біріншіден, қырғыз халқының үлкен сенім артқанын көрсетті. Екіншіден, Құрманбек Бакиев өзінің саяси көшбасшы екенін мойындата білді. Қырғызстанның ірі қайраткерлерінің барлығы Бакиевке дауыс берді. Бұра тартқан жоқ. Қиын да күрделі жағдайда қырғыз зиялыларының біріге алатынын көрсетті» дейді автор. Сонымен бірге, журналист «осы 89 пайыз, Ақаев өте әділ еді, зиялы еді... Оны Қырғызстаннан кетірген қырғыз халқы емес, бір топ бұзақылар деген, Ақаев туралы аңызды күл-талқан етті. Бұл - халықтың жаңа басшыны қажет еткенін дәлелдейтін дерек» деп жазыпты. Мақала Құрманбек Бәкиев Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы ретінде сайлаудың әділ өтуіне барын салды. Осыған қарағанда, Құрманбек Бакиев ұзаққа сілтейтін секілді деп түйінделіпті.

Мақаласына «Қырғызстанда заңды Президент бар, ендігі әңгіме Куловтың премьерлігі» деп тақырып қойған «Айқын» қоғамдық-саяси күнделікті басылымының тілшісі әңгімесін сайлаушыларды санаудан бастапты. Оның жазған мәліметтері бойынша, сайлауға екі жарым млн-нан астам адам қатысуға тиісті екен. Соның 1 млн 971 мың 565-і сайлауға келген деп жазады басылым. Бұл – осы сайлауға қатысуға тиісті адамдардың 74,67 пайызы, демек, Қырғызстан Республикасында сайлау өтті деп ресми ақпарат таратуға болады деген тұжырым жасайды автор. Сонымен қатар, президент сайлауына түскен кандидаттар сайлау штабын әкімшілік ресурстар қолданды деп айыптап жатыр, олар Бәкиевтің адамдары дауыс беру учаскелеріне сайлаушыларды автобустарға тиеп, лек-легімен әкелді деп жазғырғанын айтып ойын сабақтайды мақала иесі. Бірақ, мұндай мысалдарды Қырғызстан Республикасының орталық сайлау комисссиясы өкілдері жалған деп отырғандығын жазады «Айқын» газеті. Ал, Қырғызстанның премьер-министрі қызметіне ұсынылып отырған Феликс Кулов туралы әңгімені автор сөз соңына қалдырыпты. «Егер бәрі ойдағыдай болса, енді келесі аптадан бастап біз үкімет құрамын жасақтайтын боламыз» депті Феликс Кулов газетке берген сұхбатында. Ал, шын мәнінде Кулов үкімет құрамын жасақтай ала ма деген сауал сарапшылардың көкейінде тұрған сауал. Егер өзара келісімге сәйкес сөзінде тұрса, Кулов премьер-министр болады деген журналист, оның қалғандарымен сөзі жарасатындығына күмән білдіреді.

Ал, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Бакиев-Кулов тандемінің дүниеге келуін де екіжақты есеп болды. Тіпті екеуінің де биліктен сырт қалар қаупі болды. Екеуі тізе қосып, елдің бірінші және екінші қызметін иемденуге келіскен. Енді Бакиев президент болып сайланғаннан кейін, Кулов премьер-министрлігі қызметін тойлауға құқылы деп жазыпты «Егемен Қазақстан» басылымы. Сайлау алдында-ақ бұл екеуінің жеңіске жететіні белгілі болғанын жазған автор, басқа кандидаттардың шаруасы бекер болғанын атап өтіпті. Тіпті, халықтың есінде жүрсін деп, олардың есімдерін атай кеткенді жөн көрген.

«Экспресс К» газеті Қырғызстандағы президент сайлау заңды түрде өтті деп есептелмей қалу қаупі тұрды деп жазады. Өйткені, егер дауыс беруге тиісті азаматтардың елу пайызы сайлауға қатыспаған жағдайда, тіпті осы көрсеткішке бір дауыс жетпей қалса да сайлау қолданыстағы заңға сай өтті деп жарияланбайды. Автордың пайымдауынша, бұған Қырғызстан жеріндегі аптаған ыстық та себебін тигізуі әбден мүмкін болды. Бұл күні Бішкекте ауаның температурасы +45 градусқа жетті дейді мақала авторы. Сонымен қатар, республикадағы эмиграция апатты жағдайда деп баяндалған. Әртүрлі ақпарат көздеріне сүйенген тілші, соңғы уақытта шетелдерден жұмыс іздеп кеткен Қырғызстан азаматтарының саны бір жарым миллионнан асып жығылғанын айтады. Ал, жалпы дауыс беруге тиісті сайлаушылардың саны екі жарым млн екенін ескерген Орталық сайлау комиссиясы үшін бұл көрсеткіш аса үрейлі болды деп жазады «Экспресс К». Сондай-ақ, газет бұл жолғы сайлауда Қырғызстан азаматтары көп Ресей, Қазақстан, Чехия секілді өзге елдерде сайлау учаскелері ұйымдастырылығанына тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG