Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.13.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жаңадан сайланған Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиевтің келешекте Бішкектегі “Манас” аэропортынан американдық әуе базасының шығарылуы мүмкін екендігін мәлімдегендігіне мерзімді басылымдар айрықша назар аударыпты. Сондай-ақ сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі өзгерістерге де айрықша тоқталып өтіпті.

“Литер” басылымы жаңадан сайланған Қырғызстан Республикасының Президенті Құрманбек Бәкиевтің Бішкектегі “Манас” аэропортындағы американдық әуе базаларының мерзіміне байланысты мәселені шешу керектегіне тоқталғандығына баса назар аударыпты. Мақала авторының хабарлауынша, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының саммитінде Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов шетел әскерилері Ауғаныстаннан келіп жатқан есірткі ағынын тоқтату үшін ештеңе жасамай отыр деп мәлімдепті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, кезінде Өзбекстан мемлекеті өз территориясын американдық әскери күштерге беру арқылы бірнеше мақсатты жүзеге асыруды көздеген. Атап айтқанда, біріншіден - Өзбекстан АҚШ пен осындай келісім жасау арқылы Орталық Азиядағы өзінің геосаяси позициясын күшейтуді ойластырған. Екіншіден өзбек экономикасына батыс инвестициясының құйылатындығына сенім артқан. Үшіншіден АҚШ Өзбекстандағы ислам эктремизмінен қорған болады деп пайымдаған. Мақала авторының айтуынша, Өзбекстанның көздеген мақсаттарының жүзеге аспауы, Ислам Кәрімовтың осындай мағынадағы мәлімдеме жасауына себеп болған.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Айқын” газеті Құрманбек Бәкиевтің келешекте Бішкектегі “Манас” аэропортынан әскери базалардың әкетілуі мүмкін екендігі туралы жасаған мәлімдемесін Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымынан кейін Орталық Азия елдері, оның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстанның Шанхай ұйымына мүше елдердің саясатына қарай ыңғайланғандығымен байланыстырыпты. Автор өз мақаласында “Интермедиа” сарапшыларының халықтан сұрау салудың нәтижесінде, соңғы кездері қырғыздардың америкалықтарға көзқарасы күрт төмендеп бара жатқанын бағамдағандығын атап өтіпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ та болған терактіден кейін қырғыздардың 65 проценті екі елдің арасындағы қатынасты жақсыға баласа, соңғы кездегі көрсеткіш 47 процентке жеткен.

Сондай-ақ сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі өзгерістерге де айрықша тоқталып өтіпті. "Сеть kz” апталығында жарық көрген Анна Павлованың мақаласында үстіміздегі жылы 30 мыңнан аса мемлекеттік білім грантының бөлінгендігі және әр түрлі дау-дамайларға байланысты несиелік жүйенің алынып тасталғандығын айтылыпты. Сондай-ақ автор өз мақаласында ендігі уақытта тек өз ақшасына ғана оқи алатын студенттер санының көбейетіндігі мен елдегі ақылы білім бағасының шет елдікімен теңесіп қалғандығына тоқтала келіп, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында беретін білімнің сапасына қатысты өз ойын білдіріпті. Мақала авторының айтуынша, көп жағдайда Қазақстандағы жастар жоғарғы білім алу үшін шет елге кетіп жатады. Оның себебін мақала авторы Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары беретін дипломдардың жұмысқа алатын кезде, аса бағаланбайтындығымен түсіндіріпті.

“Мегаполис” апталығының хабарлауынша, үстіміздегі жылы Жоғарғы оқу орындарындағы білім беру бағасы қайтадан өседі. Мақала авторының айтуынша, білім беру бағасын көтеру арқылы Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары, осы білім ордасында дәріс беретіндердің айлығын өсіруді көздеп отыр. Газет тілшісінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы Көлік және коммуникация академиясындағы оқу бағасының көтерілгендігіне байланысты тексеріс жүргізген. Мақалада Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының оқу бағамының көтерілгендігіне байланысты Көлік және коммуникация академиясының басшылығын жауапқа тарта алмайтындығы баяндалыпты. Оның себебін мақала авторы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы шығарған қаулысымен байланыстырыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Қарағандыдағы мемлекеттік медицина академиясының жоғарғы курсының студенттерінің, оқу бағасының қымбаттағандығына орай, өздері білім алып жатқан жоғарғы оқу орнының әкімшілігімен соттасып жатқандығы хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG