Accessibility links

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар Қажы Дербісәлі экстремизмге тойтарыс беру үшін, барлық Қазақстан мұсылмандарын бірігуге шақырды


Оңтүстік Қазақстан облысында болған сапарында Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар Қажы Дербісәлі экстремизмге тойтарыс беру үшін, барлық Қазақстан мұсылмандарын бірігуге шақырды. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстаннан 30 эмиссар шығарылған. Олар шет елден қаржыландырылып келген дейді ол. Экстремизмге тойтарыс беру үшін, біз ислам дінінің насихат әдістемелерін әрдайым жақсартып жаңартып отыруымыз шарт деді бас мүфти.

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар Қажы Дербісәлінің айтуынша, бүгінде әр түрлі ұйымдар өз эмиссарларын Қазақстанда енгізіп жатыр ал олардың мақсаттары ислам қағидаларынан өзгеше, дейді бас мүфти. Астана мешіті имамының орынбасары Мәмлүк Мұсаевтің айтуынша, ислам атын жамылған көптеген қозғалыстар да бұған дейін ислам дінінде мүлде болмаған:

- Экстремизм деген дінге қарсы әрекет. Мысалы, қазір ислам дініне қарсы исламды жамылып «Аққу» дей ме, «Ақ жол» дей ме, партиялар шығып жатыр, «Хизбут тахрир», зікіршілер исламда түбі болмаған.

Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, шет елден келген дін уағыздаушылар жақсы дайындалған. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстаннан 30 эмиссар шығарылған екен. Және олар шет елден қаржыланады деді бас мүфти. Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының бөлім маманы Хасан Аманқұловтың айтуынша, Қазақстанда мұсылмандардың бір біріне дұшпан қылып отырған күш бар:

- Қазір жат топтар көбейіп бара жатыр зікіршілер, «Хизбут тахрир», «Тахир жамағаты», олар мұсылмандардың топқа бөлініп, бір-біріне дұшпан болуына себеп болып отыр.

Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір Қазақстанда неше түрлі діни ағымдар көбейіп барады. Сондықтан, Қазақстан діни басқармасы жер - жерлердегі мешіттердің барлығын өзінің бөлімшелері етіп қайта тіркеуден өткізуде. Бірақ, бірқатар мешіттер әзірге бөлек заңды тұлға болып қалған. Этнограф ғалым Өмірзақ Тоқтасыновтың айтуынша, мағынасы толық анықталмаған құбылыспен күрестің өзі орынсыз. Өйткені, кез келген күрестің өзі міндетті түрде қарсы толқынның туындауына әкеп соғады, дейді ол:

- Мұсылман ағымдарын бір-біріне айдап салу дұрыс емес. Мысалы, қазір газеттерде зікіршілерге қарсы соғыс жүріп жатыр. Яғни, сопылар мен діни басқарма арасында айтыс жүріп жатыр, ол дұрыс емес. Исламды мойындаған мұсылмандардың бірлігін сақтау керек. Бір нәрсеге қарсы күрессең, оған қарсы күш шығады.

Ал, дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың айтуынша, соңғы кезде дінді саясатқа араластыру белең алып барады:

- Лондон қаласындағы лаңкестік шабуылдар исламға қарсы саяси құрал ретінде пайдаланылды. Оның ішінде адасқан мұсылман немесе оның атын жамылған адамдардың болғанын біз мойындауымыз керек. Бүгінгі заманауи лаңкестікті мұсылмандарға үйреткен және лаңкестікке себеп дайындаған Батыс елдерінің өздері.

Ал, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы айтып өткендей, ислам бейбіт дін екендігін тұрғындарға түсіндіру қажет. Бірде бір қасиетті кітапта экстремизмге және лаңкестікке шақыратын сөз жоқ, дейді ол. Дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың айтуынша, Қазақстанда ислам дінін насихаттау деңгейі ойдағыдай емес:

- Бізде ислам дінін насихаттау мәселесі жүйелі жолға салынбаған. Сондықтан құранды көп насихаттау керек. Сонда халық көреді, исламда лаңкестік жоқ, оның барлығы саясат.

Ал, бас мүфтидің айтуынша, «ислам дініне әлемде 2 миллиард адам табынады. Экстремизмге тойтарыс беру үшін, біз насихат әдістемелерін әрдайым жақсартып жаңартып отыруымыз шарт» дейді бас мүфти.
XS
SM
MD
LG