Accessibility links

Қырғызстанда өткен президент сайлауын оны бақылаған қазақстандық сарапшылар қалай бағалайды?


Шілденің 10-күні Қырғызстанда өткен президент сайлауына байланысты оын бақылаған бірқатар халықаралық бақылаушылар мен қазақстандық сарапшылар сәрсенбі күні Алматыда баспасөз өкілдеріне пікірлерін білдірді. Бақылаушылар сайлау Қырғызстан Республикасының заңнамасына сай өтті. Алайда, сайлау туралы заңның өзі заңсыздықтарға жол берді деп мәлімдеді. Ал, қазақстандық сарапшы Ерлан Қарин жаңадан сайланған президент Құрманбек Бакиевтің жеңісімен Қырғызстанда саяси тұрақтылық орнай қалады деп айту қиын деп отыр.

Халықаралық қауымдастықтың атынан сайлауға қатысқан бақылаушылар Бакиев-Кулов тандемі өз миссиясын орындады, яғни сайлау кезінде Қырғыз қоғамында тұрақтылық сақталып, тыныштық болды деп, Қырғызстан президентінің сайлауында елде қалыптасқан жағдайға баға беріп отыр. Қырғызстанның сайлау туралы заңы дауыс беру процесінің заңға сай, әділ және демократиялық жолмен өтуіне мүмкіндік береді. Бірақ, заңның кейбір баптары дауыс беру нәтижесіне кері ықпал етеді дейді ресейлік бақылаушы Светлана Ушакова:

- Қасақана пиғылмен әкімшілік ресурстарды жеке мүдде үшін пайдалануға және дауыс берудің нәтижесін өзгертуге мүмкіндік береді.

Бақылаушылар Қырғызстанның заңы бойынша, дауыс беруге тиісті азаматтардың саны елу пайызға толмаса, сайлау заңды деп есептелмейтінін ескерте келе, сондықтан Қырғызстан Республикасының билігі азаматтардың санын азайтты деп мәлімдеді. Қырғызстанда дауыс берушілер шамамен 130 мыңға кем болды деп отыр олар. Ресейлік бақылаушы Светлана Ушакова бұған Орталық сайлау коммисиясы елдегі эмиграцияның апатты жағдайда тұрғанын алға тартқанын айтты:

- Біздің әлі нақтыланбаған болжамымыз бойынша, Қырғызстандағы билік өкілдері сайлау заңды өтті деп саналуы үшін, яғни сол күні дауыс беруге келген азаматтардың дауысы қосымша тізім арқылы елу пайызға жетуі үшін әдейі азайтып отыр.

Ал, әзібайжандық бақылаушы Севгин Рахмонов дауыс беру тәртібі де өрескел бұзылғанын айтады. Тіпті, бақылаушылардың тұрғанына қарамастан, бірден алты бюллетень тастап жатқандар да кездесті дейді Севгин Рахмонов:

- Бұл өрескел заң бұзушылық. Бұл дегеніңіз, не сайлаушы алты адамға дауыс берді. Не болмаса, сайлау комиссиясының өкілі бюллетендерді өзі тастады.

Бақылаушылар, әзірше сайлаудың нәтижелері бойынша нақты түйін жасауға асығып отырған жоқ. Жан-жақтан деректер әбден жиналып болғаннан соң ғана Қырғызстандағы сайлаудың заңдылығы туралы айта аламыз дейді шетелдік бақылаушы. Сонымен қатар, бүгін Қырғызстандағы сайлаудың нәтижелері жөнінде қазақстандық сарапшылар да өз пікірлерін білдірді. Саясаткер Ерлан Кариннің айтуынша, Қырғызстандағы президент сайлауының өтуімен, елдегі саяси жағдай бірден оң алып кетеді деуге әлі ертерек. Өйткені, қазіргі уақытта, парламенттің таратылуы жөнінде Қырғызстанның зиялы кауымының пікірі екіге бөлініп отыр дейді Ерлан Карин:

- Осы жөнінде Бакиевке қандай болмасын бір шешім қабылдауына тура келеді. Ал, шешім қабылданғаннан кейін қырғыз элитасының ішінде алауыздық пен дау туындауы мүмкін.

Сонымен қатар, саясаттанушы Карин мырза, Қырғызстаннның заңнамасы Бакиев-Кулов тандемінің жүзеге асуына кепілдік бермесе де, Куловтың премьер-министр болатынына күмән келтірмейді. Өйткені, парламентте отырғандардың басым бөлігі - Куловтың жақтастары дейді сарапшы.

- Кулов премьер-министр болып тағайындалғаннан кейін Парламенттің құрамын өз бетінше тағайындауға тырысуы мүмкін. Сол кезде де қарама-қайшылықтар туындайтыны анық, - деп тұжырым жасайды Ерлан Қарин.

Ол Қырғызстанда Құрманбак Бакиевтің Президент сайлауындағы жеңісінен кейін қазақ-қырғыз қатынасынан жаңа қарқын күтеді. Қарин мырза бұл қатынастардан қазақстандық бизнестің Қырғызстандағы белсенділігі тек күшейді дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG