Accessibility links

Қазақстан Президенті кейбір заңдарға ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заңның қоғамда үлкен айтыс-тартыс тудырып отырғаны мәлім. Саясатшылар мен саясаттанушылардың кейбірі «Демократияны шектейтін бұл заңға Президенттің вето қоюы мүмкін» деген болжамдар айтқан болатын.

Саясаткер Болатхан Тайжан Президенттің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қоюы демократиялық үрдістерден кейін шегіну деп есептейді. Бұған дейін кейбір саяси және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Президент Назарбаев «БАҚ туралы» заңға вето жариялағанындай, бұл заңға да қол қоймауы мүмкін деген үмітте болып еді. Ол үміттері ақталмады дейді.

Әділет министрлігінің халыққа құқықтық көмек және заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Темірболат Қожамжаров болса, заң шеңберінде қызмет ететін ұйымдар мен қоғамдық мекемелерге заң ешқандай кедергі келтірмейді деген пікірде. Ал, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары конфедерациясының төрайымы Валентина Сиврюкованың айтуынша, билік осы заң арқылы әрбір азаматтың Конституциялық құқығын бұзып отыр. Өйткені, әрбір азамат заңды ұйым құрған жағдайда биліктің алдында есеп беріп отырады. Өз алдына дербес құрылым болып саналмайды. Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, бұл заң негізінен қоғамдағы барлық құрылымдарға әсер етпейді. Ол тек билікке ұнамаған құрылымдардан құтылудың тетігі болады деген пікірде. Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов болса, бұл заңды қабылдау мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығын сақтаудан туғандығын айтады.

Президент қол қойған «Қазақстан Республикасындағы кейбір заң актілеріне ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «БАҚ туралы», «Дін және сенім бостандығы туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.
XS
SM
MD
LG