Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы экономикалық аймақ құрылмақ


Қазақстан президенті Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының аумағынан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды. 10 жыл мерзімге құрылып отырған бұл АЭА – оңтүстік өңірде мақта өңдеуші жоғары технологиялық өндірістерді, тоқыма және тігін өнеркәсіптерін кешенді дамытуды көздейді. Арнайы экономикалық аймақ аумағында еркін кедендік аймақ тәртібі қолданылмақ. Яғни, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ аумағына енетін кәсіпкерлер кедендік, салықтық төлемдерден босатылады. Алайда, осы экономикалық аймақтан тыс қалған кәсіпкерлер бұл сауда нарығында әділ бәсекелестіктің дамуына кері ықпал етеді деген пікір айтып жатыр.

Екі баланың анасы Гүлнәз Алматыдағы жоғары оқу орнында дәріс береді. Ол отағасы екеуінің орташа жалақысы отыз мың теңге екенін, сондықтан еуропалық стильдегі қымбат киімдерді сатып алуға бұл қаржының жетпейтіндігін айтады.

- Шындап келгенде, қазір бізді Қырғызстан киіндіріп жатыр ғой. Бішкектен келетін киімдер тиімді. Арзан болғаннан кейін кейбір көйлектерді бір маусым үшін 1 мың теңгеге аласың. Ал егер Қазақстан жақсы тауар шығарып жатса, әрине, өзіміздің затты қуана-қуана киіп жүрер едім, - дейді Гүлназ.

Осындай тұрғындардың сұранысын қанағаттандыратын мақта өңдеу, тоқыма, тігін фабрикалары Қазақстанда саусақпен санарлық. Өткен жылдың маусым айында олардың қатары Шымкенттегі «Казахский-русский текстиль» фабрикасымен толықты. Фабриканың бас директоры Федор Ефименко, текстиль өндірісі Қазақстанда әлі аяғынан тұрып кете қойған жоқ деп баға береді:

- Кезінде Қазақстанда болған текстиль өндірісінің қазір елде тамтығы ғана деуге болады. Біздің фабрика және «Меланж», Алматыдағы текстиль фабрикасынан басқа ештеңе қалған жоқ қой.

Ал енді республика президентінің жарлығымен құрылып отырған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жұмысы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы мақта өндірісін кластерлік бағытта дамытуға арналған. Осы аймаққа қарайтын барлық кәсіпкерлерді шикізатты өндіруге қажетті барлық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қолдау жасалмақ. Сонымен қатар, сол жерде салынатын кәсіпорындар он жыл бойы салықтан, кедендік төлемдерден толығымен босатылады дейді Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық департаментінің бастығы Тасболат Есімов «Азаттық» радиосына:

- Мүліктік салық, жер салығы, қосымша құн салығы, корпоративтік салық дегендер болмайды. Сонымен қатар, осы аймақтағы кәсіпкерлер толығымен кедендік салықтан босатылады. Тек, әлеуметтік, табыс салықтары сақталады.

Алайда, осы өңірдегі «Казахский-Русский текстиль» кәсіпорнының бас директоры Федор Ефименко мұндай жеңілдіктен өздерінің тыс қалғандарын айтады:

- Біз қазір арнайы экономикалық аймаққа енудің қамын ойлап жатырмыз. Әзірше бұл аймақтың шекарасына енбей қалдық.

Сонымен қатар, кәсіпорынның бас директоры Федор Ефименко айтуынша, арнайы экономикалық аймақтың құрылуы сауда нарығында әділ бәсекелестіктің дамуына кедергі жасайды.

- Бұл жерде аймақтық емес, салалық өндірісті дамыту саясатын ұстану керек. Сонда ғана мақта өндірісінің нарықтағы бағасын нақты анықтауға болады. Бұл арнайы экономикалық аймаққа салынатын кәсіпорындар салықтан босатылады, жеңілдік алады. Ал, біз ол аймақтан тыс жерге кәсіпорынымызды салып қойғандықтан, мұндай жағдайдан құр қол қалып қоямыз. Сондықтан, олармен тең дәрежеде болмаймыз. Олар алдымызды орап өтетін болғандықтан, бізге қиын болатыны сөзсіз, - дейді кәсіпкер.
XS
SM
MD
LG