Accessibility links

Лондондағы жарылыстарға қатысы бар деген күдікпен бір адам тұтқындалды


ЛОНДОН. Бүгін Мысырда Лондондағы жарылыстарды жүзеге асырғандарға жәрдем берген деген күдікпен бір адам ұсталды. Ол мысырлық 33-жасар, Магди әл-Нашар деген кісі болып шықты. Лондондағы жарылыстардан 54 адам қаза тауып, жүздеген кісі жараланған-ды. Британия полициясының айтуынша, бомбаларды жарған деген күдікке 4 адам ілінген, олардың үшеуі пәкістан текті Британия азаматтары екен, ал төртіншісі болса Ямайкада туылған брИтандық деп анықталған. Қазір тергеушілер сол жарылыстарды жүзеге асыруға кімнің қаржылай көмек бергендігі туралы мәліметтер жинақтауда. Тергеу жұмысын атқарып жатқан комиссияның басшысының орынбасары Питер Кларк журналистерге берген сұхбатында былай деді:

- Біз мына нәрселерді анықтауымыз керек: атап айтқанда, сол шабуылды ұйымдастырған кім? Оларға кім жәрдем берген? Оларды кім дайындаған, кім қаржыландырған? Мінеки осы сауалдарға жауап беру үшін қазір біз мәліметтер жинақтап жатырмыз. Мұның бәрін анықтау үшін көп уақыт керек болады, - деді Питер Кларк.

Ал Пәкістан президенті Первез Мушарраф Британия премьер-министрі Тони Блэрға Лондондағы жарылыстарды тергеуге жәрдем береміз деп уәде берді. Пәкістанның ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, кеше Мушарраф пен Блэр өткен аптадағы жарылыстар туралы телефон арқылы сөйлескен. Хабарларға қарағанда, Британия премьері АҚШ жетекшілік ететін терроризмге қарсы соғыста Пәкістан президентінің атқарып жатқан ролін оң бағалады.
XS
SM
MD
LG