Accessibility links

Астанадағы қатаң режимдегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде мешіт ғимараты пайдалануға берілді

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан абақтылары мен түзеу мекемелерінде ғибадатханалар көбейіп келеді. Бүгінде мешіттердің саны ғана жиырмаға жуықтапты. Астанадағы қатаң тәртіптегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде де жаңа мешіт ашылып отыр.

Бұдан бұрын да Астана маңында орналасқан түзеу мекемелерінің бірінде мұсылман ғибадатханасы ашылған болатын. Астана қалалық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы Мәжит Нұртазинның айтуынша, елорда маңына орналасқан бірнеше түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің сұранысы бойынша мұсылман, христиан, католик ғибадатханалары ашылған көрінеді. Ал бөлек мұсылман мешіті ғимараты 1-ші рет бой көтеріп отыр. Қатаң тәртіптегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің аумағындағы жаңа мешітті Астанадағы орталық мешіттің найб-имамы Төлеби Оспан ашып, жиналғандарға сөз арнады.

Түзеу мекемесіндегілер мен олардың туыстарының демеушілігімен тұрғызылған мешіттің ашылуы жыл ішінде бір рет өткізілетін ашық есік күніне орайластырылғандықтан, осында жазасын өтеп жатқандардың туған-туыстары да көп қатысты. Бұланды ауданынан келген Бибіш әжей мешіт ашушыларға ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жаудырды. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Сүйіндік Белтаев пен Кәрім Аманбаев мешіттің тұрғызылуына бастан аяқ араласып жүргендіктен, соған иелік ету екеуіне тапсырылыпты. Астана қалалық қылмыстық атқару басқармасы бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Құтымовтың айтуынша, мешітке келіп, бес уақыт намазын оқитындарға жеңілдік жасалмақ.

- Өйткені, осында қапасқа түскеннен кейін адам өз кінәсін мойындап, өткен қателіктеріне өкініп, Аллатағаладан кешірім сұрап, мінәжат етуге келеді, Сондықтан оларға жеңілдік қарастырылған, - деп отыр Талғат Құтымов.

Түзеу мекемесінде орналасқан шағын мешітке сыймағандар сыртта тұрды. Астана мешітінің найб-имамы Төлеби Оспанның Құран оқыған дауысы сыртқа дыбыскүшейткіш құрал арқылы естіліп жатты.

Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметкері Кентай Әлдербайдың айтуынша, Қазақстанның абақтылары мен түзеу мекемелерінде қазіргі кезде 47 мың адам жазасын өтеп жатса, солардың 70 пайыздан астамы - мұсылмандар екен.
XS
SM
MD
LG