Accessibility links

Қазақстандағы 14 қоғамдық бірлестік «Қазақстанның халықтық одағына» бірігуде


Қазақстандағы 14 қоғамдық бірлестік пен саяси ұйымдар «Қазақстанның халықтық одағы» атты блок құру жөнінде меморандумға қол қойды. Олардың арасында «Асар», «Руханият», «Қазақстанның патриоттары партиясы», «Жастар таңдауы» бірлестігі сияқты ұйымдар бар.

Осындай одақ құру жөнінде 2005 жылғы маусымның 7-сінде Дариға Назарбаева бастама көтерген болатын. Кейбір пікірлерге қарағанда бұл алдағы президенттік сайлауға дайындықтың бір көрінісі. Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, 14 саяси ұйымның бірігуіне бастамашылық көрсеткен «Асар» партиясы мен Қазақстанның демократиялық партиясы.

- Бұл мәселе осы екі партияның съезінде шешімін тапты, - дейді ол.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, бұл шара президенттік сайлау қарсаңында партиялардың белсенділігі артуының белгісі. Қазақстандағы партиялар ұсақ және пиар әдісімен жұмыс істейді. Сондықтан олардың үлкен блокқа қосылуы дұрыс болған деп санайды. Саясаткер Болатхан Тайжан болса, егер құрылып жатқан ұйым қазақ халқының қазақ мемлекеті мен қоғамының шынайы мүддесін қорғайтын, соны іске асыратын бірлестік болса, әрине, оны күллі азаматтар қолдайды дейді. Ал, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаевтың болжауынша, қыркүйектің 7-сінде Парламент отырысы президенттік сайлауды осы жылғы желтоқсанда өткізуге ұйғарым жасайды.

- Қыркүйектің онында «Отан» партиясының сиезі өткізіліп, онда осы партиядан президенттіктен үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылады. Соған қазір билік жанталаса жұмыс жасап жатыр. Бұл биліктің сайлауға дайындығының бір көрінісі, - дейді С.Әлібаев.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, сайлау қарсаңында билікті қолдайтын партиялар бұдан әрі топтаса түседі. Кейбір ірі партиялардың да бірігуі болып қалуы мүмкін деген болжам айтады ол. Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, жергілікті жерде қолдау тапқан бұл бастаманы әрбір партияның орталық органдары сиездерінде бекітетін болады. Шығыс Қазақстан облысында меморандумға қол қойған 14 саяси бірлестіктердің жетекшілері сегіз адамнан тұратын «Әкімдерге қоғамдық сенім» атты жұмысшы тобын құрған.
XS
SM
MD
LG