Accessibility links

Григорий Марченко: «Наурыз банк» және өзге де саяси сипаттағы дабыралар – президент сайлауы алдындағы тірлік»

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ

Шілденің 20-күні Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы, ал қазірде «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Григорий Марченко Қазақстан қоғамында соңғы кездері саяси сипаттағы әртүрлі дау-дамайлардың өрбуі – президент сайлауының алдындағы ахуал деп мәлімдеді. Григорий Марченко «президент сайлауы биылғы жылдың желтоқсанында өтетін секілді» деген ойын айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстан қоғамында үлкен дабыра туғызып отырған «Наурыз-банк» шатағына қатысты өз пікірін білдіріп, Оразалы Ержановтың «Время» апталығына берген сұхбатындағы өз атына айтылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Маусымның 30-күні «Время» газетіне берген сұхбатында «Наурыз банктің» бұрынғы басшысы Оразалы Ержанов, аталмыш банктте жүргізілген күмәнді қаржы операцияларына Қазақстан үкіметін, кейіннен Президент әкімшілігін басқарған, ал қазір Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып отырған Иманғали Тасмағамбетов пен тағы да бірнеше лауазымды тұлғалардың қатысы бар және көлеңкелі іс-әрекетердің салдарынан банк құлдырап қалды деп мәлімдеме жасаған болатын. Оразалы Ержанов кінә тағып отырған лауазымды тұлғалардың ішінде бұрынғы Қазақстан ұлттық банкінің жетекшісі, қазіргі уақытта Қазақстан халық банкін басқарып отырған Григорий Марченконың да есімі бар. Оразалы Ержанов оны өзі басқарған «Наурыз банк» бұрынғы «Агропромбанктің» акциясын сату кезінде, бұл банктің он алты миллион доллар қарызы бар екендігін біле тұра жасырды, әрі бұл қарызды құйтырқы әрекеттер арқылы мемлекет қазынасына аударды дегенді айтқан болатын. Алайда, сәрсенбі күнгі баспасөз маслихатында Григорий Марченко өз атына айтылған айыптауларды жоққа шығарды.

- Кезінде Үкімет «Азия даму банкінен» үлкен көлемде несие алған. Бұл қаржы Қазақстанның барлық екінші дәрежедегі банктеріне және «Агропромбанкке» де бөлінген болатын. Ал, «Аргопромбанктің» бұрынғы басшылары, өз кезегінде ауыл шаруашылығы өкілдеріне несие берді. Бұл қаржы жұртшылықтан қайтарылмай қалғандықтан оны кім өтеуі тиіс? - деді Марченко мырза.

Ал, былтырғы жылы Парламентте осы мәселені көтерген экс-депутат Серікбай Әлібаев мұнымен келіспей отыр.

- Бұж қаржы ауыл шарушылығымен айналысатын кәсіпкерлерге бөлінген. Оның бюджетке еш қатысы жоқ, - дейді ол.

«Агропромбанкті» жандандыруға келмес бұрын Оразалы Ержанов он алты миллион доллар қарыздың барын білді дегенді айтты Марченко мырза.

- Сондықтан, ол қарызды қаржы министрлігіне аудару туралы талап қойды. Ал Үкімет оның ұсынысын қолдап, 21-қаңтарда қаулы шығарып, отыз бірінші қаңтарда біз банкті осы консорциумға саттық. Ал сол кезде Астанадағы барлық кабинеттерге кіріп, «Агропромбанктен» қарызды шегеріп тастамасаңдар бұл банкті басқармаймын» деп жар салған Ержанов мырзаның бүгінгі әрекеті әділетсіздік, - деп санайды Григорий Марченко.

Алайда, экс-депутат Серікбай Әлібаевтың айтуынша, Оразалы Ержановтың қолында даулы он алты млн доллардың бюджетке қатысы жоқ екендігін дәлелдейтін құжаттар бар көрінеді.

- Егер Ержанов кінәлі болса, ол тиыш қана, банкті жарамсыз деп танығанша бұғып отырушы еді. Оның өзі айтуынша, дәлелді құжаттары болмаса, мұндай үлкен дау тудыратын әрекетке бармайтын еді, - дейді Серікбай Әлібаев.

Сонымен қатар, Григорий Марченко, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамда мұндай саяси дау-дамайлардың орын алуы орынды деп пайымдап отыр.

- Өйткені, Президент сайлауы алдында кейбір азаматтар осындай қайшылықтарды туғызып, өздерінің саяси беделін арттырғысы келеді. Егер Президент сайлауы биыл өтпесе, бұған ешкім мән бермес еді. Қазір саяси қызметтің барлық бағыттарында белгілі деңгейде белсенділік туындап отыр. Бұл біздің жұмысымызға кедергі де келтіріп жатыр. Бірақ, мен бұл уақытша құбылыс басылады деп ойлаймын, - дейді Г.Марченко.

Ал, Қазақстанда Президент сайлауы қашан өтеді деп ойлайсыз деген сауалға Г.Марченко:

- Менің ойымша, сайлау биылғы жылдың желтоқсан айында өтеді, - деп жауап берді.

Дегенмен де Қазақстан қоғамында даулы әңгіме өзегі болған бұл жайттың соңғы нүктесін осы істің ақ-қарасын анықтап жатқан құзырлы органдар қояды деп сенетінін айтады Григорий Марченко.

Бұған дейін ҚР экономикалық қылмыс және сыбайласқан жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев баспасөз арқылы «Наурыз банкті» салық төлеуден жалтарды деп тауып, бірқатар жауапты адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғалғанын жария еткен болатын. Қалмырзаевтың айтуынша, банк қазақстандық мемлекеттік кәсіпорындарды жалпы сомасы 33 млн долларға зиян шектірген. Сонымен бірге С.Қалмырзаев мырза қазірде банк басшыларының бірі тұтқынға алынғаны жайлы хабардар еткенімен, оның аты-жөнін атамаған еді.
XS
SM
MD
LG