Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.21.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбі күнгі жарық көрген газеттерде Орта Азия елдеріндегі ахуал кеңінен сөз болыпты. Мерзімді басылымдар Орта Азия елдерінің кейбір басшыларының осы аймақтан АҚШ-тың әскери базаларының әкетілуінің талап етіліп жатқандығына айрықша назар аударыпты. Кейбір басылымдар мұндай талаптардың қойылуын 6-7 шілдеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің бас қосуының болып өткендігімен байланыстырыпты.

«Ана тілі» апталығында жарық көрген ақпараттар ағымында АҚШ-тың ірі банктерінің бірі «Bank of New York» Өзбекстан үшін несие беру желісін жауып тастағандығы хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, бұл - Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың Әндіжан оқиғасын халықаралық комиссияның тексеруіне рұқсат бермеуіне қарсы қолданылып отырған алғашқы халықаралық санкция. Автор өз мақаласында өткен аптада Женевада жарияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі миссиясының қорытынды баяндамасында Әндіжан оқиғасына «жаппай кісі өлтіру» деген баға берілгендігіне де тоқталыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының осы оқиғаға байланысты тәуелсіз тексерушілер жұмыстарын жүргізуге шақырған үндеуін Америка Құрама Штатының мемлекеттік департаменті қолдап отыр. Осыған орай мақала авторы Вашингтон Ташкентке қатысты саясатын күрт өзгерткен сыңайлы деген болжам жасапты. Мақала авторының айтуынша, АҚШ-тың Ирактағы әскери операциялары өткізілген кезде, олар Өзбекстандағы адам құқығының аяққа басылуына немқұрайлық танытқан. Мұның себебін мақала авторы сол кездері Ханабадта әскери базасын орналастырған АҚШ үшін, Ташкентке сын айтудың тиімсіз болғандығымен байланыстырыпты.

«АҚШ-тың Орталық Азиядағы саяси экономикалық ықпалын азайту - Кремльдің көп уақыттан бері көкейін тескен мақсаттарының бірі болатын» деп жазыпты бейсенбі күні жарық көрген «Түркістан» апталығы. «Түркістан» газеті соңғы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанның ресми билігі тарапынан өз аймақтарынан АҚШ тың әскери базаларының әкетілуі сынды талаптардың қоя бастауын 6-7 шілдеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің бас қосуының болып өткендігімен байланыстырыпты. Мақала авторының айтуынша, “АҚШ Орталық Азиядағы әскери базаларын көшірсін” деген талапты, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының басшылары сол кездегі Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бәкиевтің аузымен айтқызуы ықтимал. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Ресей Өзбекстанда халық дүмпуі мен Қырғызстандағы президент сайлауын пайдаланып, Орталық Азиядағы саяси ықпалдылығын қайтадан күшейте бастаған.

Ал, “Айқын” газетінде жарық көрген Берік Бейсенұлының мақаласында Тәжікстанның сыртқы істер министрі Талбек Назаровтың да Орта Азияда американ әскери базаларын ұстаудың қажеттілігі жоқ” деп тосын мәлімдеме жасағандығы баяндалыпты. Автор өз мақаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымыне мүше елдердің Орталық Азиядан әскери базаларды әкетуді талап етуінің АҚШ конгрессі палаталарының өкілдерінің алаңдаушылығын туғызып отырғандығын атап өтіпті. Олардың айтуынша «Қытай мен Ресей Орталық Азия елдерінен АҚШ-ты ығыстырып шығаруды көздеуде».

«Литер» газеті де бұл тақырыпқа айрықша назар аударып, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім Ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжаның Америка Құрама Штатының әскери базаларының Орталық Азиядан әкетілуі туралы мәселенің көтеріліп жатқандығына орай өз ойын білдіргендігін атап өтіпті. Сондай-ақ, мақалада шілде айының аяғында АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің Бішкекке іссапармен баратындығы хабарланыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, АҚШ-тың әскери әкімшілігінің басшысы Дональд Рамсфельд Бішкекте АҚШ-тың әскер базаларын қалдыру мәселесін талқылауды көздеп отыр.

Ал, «Свобода слова» басылымында жарық көрген «Әділетті Қазақстан» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесінде Грузиядағы, Украинадағы және Қырғызстандағы орын алған оқиғалардан сескенген билік Қазақстан Республикасының заңдарына антиконституциялық өзгерістер енгізіп жатыр деген айыптаулар айтылыпты. Жармахан Тұяқбайдың мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының заңдарына енгізіліп жатқан түрлі өзгерістер мен толықтырулардың бәрі де мемлекеттік органдардың репрессиялық тәсілдерді кеңінен қолдануына, Қазақстан азаматтарының құқы мен бостандығының шектелуіне, елдегі демократиялық институттардың өз жұмысын тоқтатуына әкеледі.
XS
SM
MD
LG