Accessibility links

Сарыағаш ауданы аумағынан сасыр шайырын жинап жүрген 40 шетелдік азамат ұсталды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстандағы дәрілік шөптер шетелдіктердің де назарын аударуда. Оңтүстік Қазақстан аумағында дәрілік шөптерді заңсыз жинаған бір топ шетелдік азаматтар (ауғанстандықтар мен тәжікстандықтар) ұсталып отыр. Олар жаз маусымында осы аймақта өсетін сасыр шөбінен 20 тонна шайыр жинамақ болған. Дәрілік шикізаттың бұл түрінің бір граммы Пәкістан мен Үндістанда үш долларға бағаланатын көрінеді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы бастығының орынбасары Сардар Халменовтың айтуынша, шілденің 6-сында Сарыағаш ауданы аумағынан сасыр шөбінің шайырын жинап жүрген Ауғанстанның 23, Тәжікстанның 17 азаматы ұсталған. Көші-қон полициясы дәрілік шөптерді заңсыз жинап жүрген азаматтардың ісін Сарыағаш аудандық сотына өткізеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Оңтүстік Қазақстан аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Балқаш Қыстаубаев мекеменің бас маманы Нарзулла Оразымбетов шетелдік азаматтардың дәрілік шөптер жинауы жөніндегі мәселемен Сарыағаш ауданында іссапарда жүргендігін айтады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы бастығының орынбасары Сардар Халменов осы мәселе бойынша, құзырлы органдар Сарыағаш аудандық соты мен табиғатты қорғау жөніндегі прокуратура да шарасыздық танытып отыр деген пікірде.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ермек Келімсейіттің айтуынша, Қазақстанның көптеген өңірлері әлі де қараусыз жатыр.

- Өйткені, Қазақстанда 270 миллион гектар жер бар болса, оның 90 миллион гектары ғана осы мекеменің еншісіне кіреді. Қалған жерлердің орман алқаптары мен өсімдігін қорғау жергілікті атқарушы биліктің құзырында, - дейді Ермек Келімсейіт.

Қазақстанның зоология институтының директоры Әлихан Мелдібеков болса, жергілікті атқару билігі мен орман және аң шаруашылығы басқармасына өз дәрежесінде құқық берілмеген деген пікірде. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы бастығының орынбасары Сардар Халменов талма және ішек-асқазан ауруларына қарсы дәрілік мақсатта қолданылатын сасыр шайырының тоннасы Пәкістан мен Индияда 300 мың долларға дейін жететіндігін айтады. Ал, қырық адамнан тұратын шетелдіктер тобы бір маусымда 20 тоннаға дейін сасыр шайырын жинамақшы екен. Қазір емдік мақсатта тамырымен жинау салдарынан Индия, Пәкістан және Ауғанстан аумағында бұл өсімдік түрі мүлдем жойылып кеткен көрінеді.
XS
SM
MD
LG