Accessibility links

Карлаг – сталиндік қуғын-сүргіннің азалы тарихы


Карлаг, яғни, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері - ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы. Ол кезінде Қазақстанның орталығында солтүстігі мен оңтүстігіне шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатқан. Ал сыртқарғы Ақмола және Балқаш бөлімшелерін қосып есептегенде, Карлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен теңеcеді. Қарағанды лагері ауқымына, құрылымдық жүйесінің күрделілігіне және Мәскеуге ғана тікелей бағынған әлеуетіне қарай «мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие.

Тарих ғылымының докторы Дүйсетай Шаймұхановтың пікірінше, Карлаг сталиндік саяси қуғын-сүргіннің адам айтқысыз аюандықпен жүргізілген азалы тарихы: «Карагандинский лагер сол 1931 жылдан бастап 1956 жылға дейін Карлаг болып келді. 1956 жылдан бастап лагерлер қалды, бірақ, Карлаг деп аталмайтын болды. Ең алғашқы 1932 жылдың басында 22 мың адам болды мұнда. 22 мың адамның 87 проценті қазақтар болды. Кейін Карлагтың тұтқындарының саны өсе бастады. 1931-1956 жылдар арасында Карлагта 1,5 миллион адам болып кетті. Мен өзім көп жерді аралаған адаммын. Бухенвальдті көрдім, Освенцимді көрдім. Бұлардың тәртібі осы Карлагтың тәртібімен бірдей болды ғой. Мысалы, қой бағып жүрген әйелдерге қасқыр шапқандағы, бір екі-үш қойды жарып кеткен. Сол үшін лагердегі бүкіл әйелдерді жинап әкеп, жаңағы әйелдерді солардың көзінше атып тастаған. Мінеки, бір қой үшін, екі қой үшін. Освенцимдегі, Бухенвальдтағы озбырлықтардың бір түрі деген сөз бұл».

Лагердің мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді. Сол 1,5 миллион тұтқынның дені «халық жауы» деген айыппен сотталғандар немесе cолардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылғандар. Тұтқындар арасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері, шала сауаттылар мен әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыздар да болыпты.

«1937 жылы ноябрь айында Мәскеуден жоспар келеді, Қазақстанға. 5 мың адамды соттау керек, соның екі мыңы жоғары жаза алу керек – атылуы тиіс, ал 2 мыңы ұзақ мерзімге сотталу керек деген нұсқаумен. Содан келедідағы, жаңағы 5 мыңды облыстарға бөледі. Содан кейін Қарағандыдағы белсенділер не істеу керек? Колхозшы ма, малшы ма, сауатты ма, сауатсыз ба - жоспарды орындау керек. Әлгі комитеттің адамдары көп соттаса қызметі өседі, атақ-дәрежесі өседі, жалақысы өседі. Сонда мына 4-бөлімше мен 9-бөлімшенің арасында кәдуілгідей социалистік жарыс болған. Бұл документтерде бар, аспаннан алып отырған жағдай емес» дейді профессор Дүйсетай Шаймұханов.

Қарағандыдан 40 шақырым Спасск деген жерде бауырластар қорымы бар. Онда негізінен соғыс тұтқындары жерленген. 1941 жылы Карлагта соғыс тұтқындарының арнаулы лагері ашылып, көптеген ұлттардың 40 мыңға жуық өкілдері әкелінген. Толық емес деректерге қарағанда, олардың 7 мыңы лагерде көз жұмған.

Қарағандыға жақын Ақтас кентінің тұрғыны Тэцуро Ахико Кеңес Одағының әскері Оңтүстік Сахалинді басып алған 1945 жылы қолға түсіпті. Оған дейін Жапонияның Хонго қаласындағы әскери мектептің тыңдаушысы болған 14 жастағы жасөспірім 10 жылға сотталып, Қарлагтың Ақтастағы қонысынан бір-ақ шығады. Тэцуро Ахико кезінде Карлагтың бір қонысы болған Ақтаста содан бері тұрып жатыр. Ол тұтқында өткен жылдарының бір елесін былайша әңгімелейді: «Тұтқындарды мал құрлы көрмейтін. Саптан бір қадам шалыс бассаң табанда атып тастайтын. Мұндай сұмдық күн сайын болып жататын. Тіпті, шылым тартқысы келіп жерден темекінің тұқылын көтермек болған тұтқындарды тарс етікізіп ата салатын».

Карлагтың әкімшілік орталығы, Қарағандыдан 35 шақырым жердегі Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом», қазақшалағанда, «Анашымның үй» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Көп ұзамай жермен-жексен болып тегістеліп кеткен қорымның ауқымын анықтау мүмкін емес. Тұрғындар бертінде салынған шеткі үйлердің зираттардың үстіне тұрғанын айтады. Қорымның екінші жағы өзен суымен шайылып, жарлауыттанған жағаға тіреледі. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін көктемгі су тоғысы кезінде өзен бетінде қалқыған сүйектер үйреншікті көрініс болыпты.

«Мұнда қанша сәбидің қырылғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, балалардың баудай түскен кездері аз болмаған. Архивтер әлі толық ашылған жоқ. Ал, қолда бар анықтамалық құжаттарға қарағанда, 1943 жылы ғана 450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалған» дейді Долинка мұражайдың меңгерушісі Марина Ивановна Кушникова.

Людмила Константиновна Гирковая бүгінде Долинкада тұрады. Әкесі 1937 жылдары «халық жауы» деген айыппен Латвияда сотталып, атылып кеткен. Анасы «халық жауының» әйелі ретінде алғашқыда абақтыға, кейіннен Карлагқа жөнелтіледі, сәби жасындағы екі ағасы балалар үйілеріне алынады. Өзі абақтыда туған ол жоғарыда аталған «Анашымның үйі» атты сәбилер мекемесінде болғандардың бірі. Кейіннен ата-анасы толық ақталған Людмила Константинова: «3-4 жастағы сәбилердің ойында не қалады дейсіз? Бірақ, бәрібір жадыңа өшпестей болып таңбаланатын айрықша сәттер болады екен. Мысалы, біздерді топтап орманға серуенге шығаратыны есімде. Жерден кесіртке не қоңыз сияқты бір нәрсе көрсек жалма-жан ауызға салып, акулаша жұта салатынбыз. Аштықтан бұралған соң солай еткен шығармыз деп ойлаймын қазір. Бізге су берілмейтін, өйткені, іш ауруы асқынып тұрды. Өзімінің де өлім аузынан қайтқанымды білем. Кейіннен анамнан естігенім, сол кезде сәбилер жүз-жүздеп шетінеп жатыпты. Дұрыс күтім болмаған соң, солай болады да. Көзімді жұмсам да әлгі бір көрініс әлі де көз алдымда тұрады» дейді.

Профессор Дүйсетай Шаймұхановтың айтуынша, Карлагтың балалар үйлерінде болғандардың лагерге анасына еріп барғандары да, анасының құрсағында барып, дүние есігін ашқандары да бар. Карлагтың айрықша бөлімшелерінің бірі - АЛЖИР, тарқатып айтқанда, «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмоладағы лагері» деген ұғымды білдіреді. Карлагтағы ең үлкен балалар үйі де сонда болған. Ал, жалпы Карлаг бойынша некесіз туған балалардың саны 1937-1946 жылдар аралығында 1500-ден асқан екен. Бұл дерек ақын Серік Ақсұңқарұлын да бейжай қалдырмапты: «Репрессия жылдары АЛЖИР-де балалар бақшасы болғаны да анықталып отыр. Шешелері белгілі, әкелері белгісіз тірі жетімдердің басын қосқан осы балалар бақшасының маңдайында «Бақытты балалық шағымыз үшін Сталинге рахмет!» деген қызыл матаға жазылған ұран ілулі тұрған екен.

Қайда екен сол қызыл мата көнерген, Қайда екен сол ұраншылдар өлермен. Сталин жоқ, бірақ, күнде көшеден Сталиннің балаларын көрем мен.

Жүреді олар өз-өзінен күйініп, Халқын көрсе қамшысын иіріп. Тастады да сар кителді сыпырып, Еуропаша шыға келді киініп.

Есіл-дерті кресло - тақ қана, Жан-жағына көз тастайды сақтана. Галстугы, ақ көйлегі болғанмен, Жүректері баяғыдай қап-қара.

Керек оған керең ұрпақ жетесіз, Құл боп көрші, майдай жаға кетесіз. Ананы да абақтыға қамап ап, Баланы да туғызады некесіз.

Қайда екен сол қызыл мата көнерген, Қайда екен сол ұраншылдар өлермен. Сталин жоқ, бірақ, күнде көшеден Сталиннің балаларын көрем мен».

Зерттеушілер Карлагтың әлі де ашылмаған құпиялары жеткілікті екенін айтады. Өйткені, сол құпиялардың толық ашылуын қаламайтындар да баршылық. Осы бір азап лагерінің тарихын алғаш зерттеуші, профессор Дүйсетай Шаймұхановтың өзі жұмыс барысында белгілі бір шектеулерден аса алмағанын айтады: «Архив құжаттарымен емін-еркін жұмыс істей алмай келеміз. Ескі әдетінше, мынау не ақтарып отыр дегендей, қауіпсіздік мекемесінің адамдары жаныңнан кетпейді».

Карлагтың архиві кезінде Долинкадағы бас әкімшілік кеңсенің астында болыпты. Дүйсетай Шаймұханов архив құжаттарының бір бөлігі 1961 сол ғимараттың жанында өртелінгенін айтады. Кезінде тұтқындардың күшімен аса берік етіліп салынған аталмыш ғимараттың өзі бұдан екі жыл бұрын бір кәсіпкерге сатылғанымен, әлгі кәсіпкер оны бұзып, құрылысқа пайдаланбақ ниетте болғандықтан кейін ғимарат қайтарылып алынған екен. Алайда, мемлекеттік мүлік жөніндегі облыстық комитет жақында Карлагтың бас ғимаратын екінші рет саудаға шығарған кезде, мәселеге мәдениет қызметкерлері араласып, ғимаратты сақтап қалды. Қазіргі уақытта Карлаг қасіретін жадынан шығармаған жұртшылық өкілдері оны тарихи ескерткіштер тізіміне енгізу бағытында жұмыстар жүргізуде. Айтпақшы, сөз болып отырған ғимарат соғыс жылдарынан кейін тұтқындар арасында «Карлагтың рейхстагы» деген кекесін атқа ие болыпты.
XS
SM
MD
LG