Accessibility links

Қазақстанда алғашқы жарты жылда тіркелген сыбайлас жемқорлық салдарынан бюджетке 20 миллиард 600 миллион теңге шығын келген

  • Ескендір ЕРТАЙ

Шілденің 22-күні Қазақстанның коррупциялық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің жауапты қызметкерлері елдегі кейбір мекеме-компанияларға қатысты бірқатар ірі қылмыстық әрекеттері бар істерді жариялады. Кейбір сарапшылар мен саясатшылар мұны президенттік сайлау қарсаңындағы пиар акция ретінде бағалап отыр.

Коррупциялық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, алдын-ала тергеу барысында «Петро-Қазақстан» фирмасы бюджетке 8 миллиард теңге, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы - 40 миллион доллар, «Наурыз банкі» - 33 миллион доллар көлемінде шығын келтірген. Кененбаев мырза осы істер бойынша «Наурыз банкі» төрағасының орынбасары, «ПетроҚазақстан» фирмасының екі жетекшісі жауапқа тартылып отырғанын хабарлады.

Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес тек сайлау қарсаңында өрістеп отыр деуге негіз жоқ деп санайды. «Биыл Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына байланысты және «Сыбайлас жемқорлық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы» заң қабылданған соң мұндай қылмысқа қарсы күрес күшейіп отыр» деген пікір білдіреді М.Нәрікбаев. Ал «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев болса, кез-келген сыбайлас жемқорлық әрекеті халықтық бақылау болмай, көздеген мақсатына жете алмайды деп отыр. Саясаткер Болатхан Тайжан болса: «Қандай ірі қылмыстық әрекеттер болғанымен оның соңы сиырқұйымшақтанып ең төменгі деңгейдегі шенеуніктер ғана тұтылады. Ал ірілер қашанда құтылады» дейді.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали елде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің күшеюін президенттік сайлау қарсаңындағы биліктің сайлауалды технологиясының бірі деп қабылдау қажет деген ой айтады. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Серік Баймағамбетовтың айтуынша, өткен жылдың алты айында сыбайлас жемқорлыққа жататын 386 қылмыс тіркелсе, биылғы алты айда ондай қылмыс саны 730-ге жеткен. Сөйтіп, бюджетке 20 миллиард 600 миллион теңгенің шығыны келтірілген дейді коррупциямен күрес жөніндегі агенттік өкілі.
XS
SM
MD
LG